Ақадыр кентінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Татулық тамыры – достық» атты кең ауқымды мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл тағылымды шара кент әкімдігі мен Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының ұйытқы болуымен жүзеге асып, ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің жарқын көрінісіне айналды.
Теміржолшылар саябағына жиналған тұрғындар мен қонақтар мерекенің алғашқы сәтінен-ақ ерекше әсерге бөленді. Саябақ аумағында ұйымдастырылған этномәдени көрме көпшіліктің қызығушылығын оятып, әр ұлттың бай мұрасы мен ұлттық тағамдарын кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді. Қазақ халқының дастарханын Ә.Ермеков атындағы тірек мектебі жайса, грузин ұлтының тағамдарын кент әкімдігі ұсынды. Украин халқының дәмдерін М.Мәметова атындағы мектеп, қытай асханасын Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейі, татар тағамдарын Сыдық Мұхамеджанов атындағы балалар өнер мектебі мен Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, кәріс халқының тағамдарын «Нұршуақ» бөбекжайы, орыс халқының ұлттық ас мәзірін «Муслима» балабақшасы, өзбек халқының дәмдерін «Балбөбек» бөбекжайы, ал белорус ұлтының тағамдарын «Қосымша білім беру» мекемелері таныстырды.
Әрбір көрме ұйымдастырушысы келген қонақтарды ұлттық киіммен қарсы алып, солардың тілдерінде сәлемдесіп, сол халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін барынша шынайы жеткізуге тырысты. Бұл көрініс көпұлтты Қазақстанның бірлігі мен өзара сыйластығының нақты дәлелі іспетті болды.
Мерекелік жиында кент әкімі М.Ж.Қойшыбаев, жеке кәсіпкер Е.А.Канеева және Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейі директорының орынбасары Д.В.Мельник сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. Олар өз сөздерінде Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі – халықтар арасындағы достық пен татулық екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, кент басшысының атынан ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Алғысхаттар табысталып, олардың еңбегі көпшілік алдында лайықты бағаланды.
Ресми бөлімнен кейін мерекелік концерт басталып, көрермендерге «Бір шаңырақ астында» атты әсерлі композиция ұсынылды. Бұл қойылым Қазақстанды мекендеген түрлі ұлт өкілдерінің ортақ үйі – біртұтас Отан екенін айшықтай түсті. Жоғарыда атап өткендей, көрме ұйымдастырған мекемелер ұлттық киімдерін паш етіп, өз халықтарының әндері мен билерін орындап, сахна төрін шаттыққа бөледі.
Концерттік бағдарлама барысында ақадырлық өнерпаздар – Айзада Рыспекова, Айнұр Данабекова, Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының директоры, әнші Алмаз Қайрат, Ақсу-Аюлы ауылынан келген Батырхан Кәрім, Құндыз Нуркина, Бекзат Аханов, Серхан Аманай, Босаға ауылы Мәдениет үйінің директоры, әнші Алшағыр Жақаев және басқа да талант иелері өз өнерлерін ортаға салды. Жастар орталығының балалар хор ұжымы, «Восходящие звезды» хоры, «Замандастар», «Бақыт мекені» ансамбльдері мен «Асылым» би тобы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, жас домбырашы Ислам Құрманбайдың Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін орындауы көпшіліктің ерекше қошеметіне ие болды.
Мерекелік шара тек концертпен шектелмей, спорттық жарыстармен де жалғасын тапты. Үстел теннисі, қол күресі секілді сайыстарда кент жастары өз бақтарын сынап, достық рухында бәсекеге түсті. Бұл да болса салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, бірлік пен ұйымшылдықты арттыра түсті.
Жалпы, «Татулық тамыры – достық» атты бұл мерекелік іс-шара Қазақстан халқының бірлігі күнінің мәні мен маңызын терең түсіндірген тағылымды басқосу болды. Әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқаны – еліміздің ең басты байлығы. Осындай игі шаралар арқылы ел ішіндегі достық нығайып, ұрпақ санасына бірлік пен ынтымақтың қадірі сіңе түсетіні сөзсіз.
Бірлігі бекем елдің болашағы да жарқын. Сондықтан татулық пен достықты ту еткен халқымыздың ынтымағы әрдайым арта берсін!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
