Теміртау жұрты жаурамауы тиіс

Қыста Теміртаудың жылу желілерінде жиі апат болды. Алдағы маусымда мұндай жағдай қайталанбас үшін қаладағы қазандықтарға жөндеу жұмыстары қазірден басталып кетті. Одан бөлек, ЖЭО-2 жетінші қазандығының құрылысы басталды. Бұл туралы Теміртау қаласының әкімі Қайрат БЕГІМОВ өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен тікелей эфирде мәлімдеді.

Бүгінде жаңа қазандықтың құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Алдағы жылу беру маусымында қазандықты пайдалануға беру жоспарда.

– Құрылыс жұмыстарының жалпы сомасы– 3,1 млрд. тенге. Өткен жылы 11 шақырым болатын жылу желісі жөнделген еді. Биыл оның көлемі 12,4 шақырымға ұзарып, 575,8 млн. теңге қарастырылып отыр, – деді Қайрат Баяндыұлы.

Сонымен қатар, Металлургтер даңғылындағы №3 жылу магистралін күрделі жөндеуден өткізу үшін қалалық бюджеттен 4,7 млрд. теңге бөлінбек. Ұзындығы 4,4 шақырым №2 жылу магистраліне қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Айта кетейік, аталмыш магистраль 2017 жылдан бері жөндеу көрмеген. Желілердің жарамсыздығы 60%-ға жетіпті. Жылу желілерінен бөлек, қаладағы және Ақтау кентіндегі су құбырларына да күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Теміртау – облыс бойынша газға қосылған алғашқы қала. Былтыр «Әлеуметтік қала», Бейбітшілік даңғылы, Химиктер, Ватутин, 8 март көшесі мен 125А квартал тұрғындары алғашқы болып көгілдір отынға қол жеткізді. Биыл «ҚазТрансГаз» Аймақ филиалымен бірлесіп қала тұрғындарын толық көгілдір отынмен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде 2-ші газ қазандығының құрылысы аяқталуға жақын. Тамыз айында қолданысқа берілетін қазандық мыңнан астам тұрғынды көгілдір отынмен қамтамасыз етпек. Сондай-ақ, 3-ші газ желісінің сызбасы әзірленуде.

Бүгінге дейін кезекте тұрған 82 отбасына пәтер кілті тапсырылған еді. Олардың 28-і көпбалалы отбасы, 8-і – жетім, 9-ы – әлеуметтік осал топтағы жандар. Ал, қалған 37-сі – бюджеттік ұйым қызметкерлері. Сондай-ақ, қазір 526 пәтерлі 7 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

– Жаңа үйдің 5-еуі – 4а кварталда, 2-еуі – «Горка Дружбы» ауданы мен Абай көшесінде орналасқан. Сонымен қатар, 120 пәтерлік 2 үй құрылысының жобалау-сметалық құжаты әзір. Биыл 180 отбасына баспана кілтін береміз. Оның ішінде көпбалалы отбасы үшін 31 пәтер сатып алынбақ. Ол үшін қалалық бюджеттен 240 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, 36 отбасы Otbasy bank арқылы жеңілдетілген несиемен үй алатын мүмкіндігі бар, – деді қала басшысы.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға түскен өтініштердің санында шек жоқ. Бүгінгі күні 1077 қала тұрғыны жер кезегінде тұр. Алдағы уақытта 500 гектар аймақты өтінім берген қала тұрғындарына үлестіріп беруді жоспарлап отыр әкімдік.

– Үйі құрылысын салу үшін №10, №11 ықшамаудандарынан арнаулы алаңдар дайындап жатырмыз. Қазіргі таңда ол жерге су құбырларын жүргізіп қойдық. Енді электр желісін тартамыз. Содан соң жер учаскелерін бөлу рәсімі басталады, – деді Қайрат Баяндыұлы.

Ал, биыл автомобиль жолдарын жөндеуге 2,2 млрд. теңге бөлінді. Оның 1,8 млрд. теңгесі – Теміртаудың, 400 млн. теңгесі – Ақтау кентінің жолдары үшін.

– Металлургтер даңғылындағы жолдың жағдайы нашар екені бәрімізге белгілі. Бұл жерге соңғы рет 2017 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Қазір тиісті бұрылыстар мен Металлургтер даңғылының жолын жөндеуге сметалық құжаттар әзірленуде. Металлургтер даңғылындағы №3 жылу магистраліне күрделі жөндеу жүргізілуіне байланысты жобаны 2023 жылы іске асыру жоспарлануда, – деді шаһар басшысы.

Шаһарда – оң өзгеріс көп. Көшелеріне жарықшамдар орнатылып, балаларға арналған ойын алаңдары салынады. 15 тұрғын үйдің қасбеті сырланып, аулаішілік жолдар толық жөндеуден өтпек. Сонымен қатар, қауіпсіздіктің алдын алу үшін бейнебақылау камералары да орнатылады.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *