Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. «Тіл – тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды.
Ана тілін балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауға тиіс.
Сұлтанмахмұт айтқандай:
«Сүйемін туған тілді анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, құлыным, жаным деген.
Сол тілменен бірінші білгізілген,
«Апа» деген сүйгендік сөз һәм менен.
Қалжақтап алып қашып құрбы бөркін,
Сол тілменен ойнадым далада еркін.
Сол тілменен бірінші сыртқа шыққам,
Өмірден, ен даладан ұққам көркін.
Сол тілменен білгіздім тілегімді,
Бірінші сүйген жарға жүрегімді.
Маған қарай тығылып «жаным» деген,
Мойнына апарғанда білегімді.
Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын,
Сол тілменен ұғынды, әдетті мен жаттадым,
Ең бірінші сол тілмен сыртқа шықты,
Сүйгенім, жек көргенім, ұнатқаным».
Тілсізді – айуан дейді. Тілі кедей елді – мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды. Тіл адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан – тіл байлығы елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми-әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам-құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің – мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері (мерило).
Тілдің көмегімен өнер-білімге, мәдениет-ғылымға жетіп, өткен-кеткенмен әлемді танып, өзімізді жұртқа – әлемге танытамыз, сөйлейміз, оқимыз, жазамыз, өз басымызды, үй-ішімізді, қоғам-халықты, ел-жұртты, мемлекетті меңгереміз – сондықтан «өнер алды қызыл тіл» дегендейін, адам баласының байлығында тілден артық не бар. Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін, тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел, бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес.
«Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады», «Сөз жүйесін табады, мал иесін табады», «Қиыстырып қаласаң отын жанар, қисындырып айтсаң халық нанар», «Зекетсіздің малы арам, тілсіздің дауы арам», дегендейін – қазақ тілі өзінің таза түрінде, бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіне тиімді, көңіл көтеріп, керегінде жанға тиіп, ашындырып, өтін сыртқа шығарып, долдандырып, қысыл-таяң – қатал жағдайда қайрап, егеп «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін ерге, елге медет болып, ер намысын, ел намысын, адамгершілік арын, қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып – туғызып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған емес пе еді. Қазақ тілі еш уақытта, өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді. Барлық өткен заманның, халық тәжірибе-қасиеттерін, ғылыми-мәдениетін, өнеркәсібін бойымызға тарата сіңіріп, жағдайға толық түсіндіріп, ұғындыра, ел қатарына қосып, бізді бұл дәрежеге жеткізіп отырған алдымен тіл емес пе. Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге, нағыз белгісі емес пе.
Барлық қазақ тіліндегі әдебиет, оқу құралдары қайта қаралып, шүршіттіктен тазаланып, елгезермен елегендей, коқсық-құрымнан мүлде арылуы керек. «Қазақ ана тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіріп халықтың халық болуына, ұлттың ұлттық қасиетіне, салт-санасына өте хауіпті, зиянды болғандықтан, шүршіт болып кеткендер бетің бар, жүзің бар демей мейірімсіз түрде, масқаралана қуылып, қолдарына таяқ ұстатып, қой бақтырған көп олжа болар еді, — деген батыр Баукеңнің тілегі орындалуы керек сияқты.
Егеменді ел болып, өзінің Туы мен Елтаңбасы бар Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылдан аса ғұырында мемлекеттік тілінің өз жерінде өгейдің күйін кешіп, Абай айтпақшы «Баяғы жартас, бір жартас» күйінде қалуы жанымызды алаңдатады.
Шахтинск қалалық
сотының судьясы:
М.Рысжанов