ЖАС ДАРЫНДАРДЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

Өткен аптада Балқаш қаласында өткен «Мен елімнің ертеңімін» атты аймақтық балалар өнер байқауы жас таланттардың талабын шыңдап, өнерге деген құштарлығын арттырған тағылымды шаралардың бірі болды. Мұндай байқаулардың маңызы ерекше. Себебі, бүгінгі жас өнерпаз – ертеңгі ел мәдениетінің жалғастырушысы. Балалардың бойындағы табиғи қабілетті дер кезінде байқап, оны дамыту – рухани тәрбиенің маңызды бөлігі. Өнер арқылы өскелең ұрпақ ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, сахна мәдениетін меңгеріп, өзіне деген сенімділігін арттырады. Сонымен қатар, осындай байқаулар ауыл мен қаладағы дарынды балалардың тәжірибе алмасуына, шығармашылық байланыс орнатуына және үлкен өнер жолына қадам басуына мол мүмкіндік береді.

Байқауға дәстүрлі ән, вокал, күй және би жанры бойынша көптеген өнерпаздар қатысып, өзара бақ сынады. Әсіресе бишілер арасындағы дода тартысты өтті. Балқаш және Приозерск қалаларынан, Ақтоғай ауданы мен Саяқ станциясынан келген 15-ке жуық ұжым өнер көрсетті.

Шет ауданының намысын қорғаған С.Мұхамеджанов атындағы саз мектебінің Ақадыр кенті филиалының «Шах-Нұр» би тобы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Қуыршақ», «Ақбаян» және «Қазақ биін» жоғары деңгейде орындаған биші қыздар байқаудың Гран-при жүлдесін жеңіп алды.

Вокал жанры бойынша М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Аружан Дарханқызы «Балапан қаз» әнін нақышына келтіре орындап, бас жүлдені иеленсе, осы мектептің тағы бір оқушысы Айзере Көкен «Бозторғай» әнімен ІІ орынға қол жеткізді.

Жас өнерпаздарды дайындап, олардың биік белестерден көрінуіне еңбек сіңірген хореограф Мейіргүл Қуанышбекқызы Балғымбекованың еңбегі ерекше. Шалғайдағы Балқаш қаласына 60-қа жуық бала мен жасөспірімді бастап барып, жоғары нәтиже көрсетуі – үлкен ұйымдастырушылық пен кәсіби шеберліктің айқын көрінісі. Осы еңбегі үшін ұйымдастырушылар тарапынан оған арнайы Алғыс хат табысталды.

Осындай өнер байқаулары жас буынның шығармашылық әлеуетін ашып қана қоймай, ел болашағына сенім ұялатады. Өнерлі ұрпақ – рухани бай, мәдениеті жоғары қоғамның кепілі. Сондықтан жас дарындарға қолдау көрсету, олардың талабын ұштау – баршаға ортақ міндет.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті