Қарағанды облысында өткен «Жайдарман» жоғары лигасының кезекті кезеңінде 5451 әскери бөлімінің «Ұлттық ұлан» құрамасы жарқын өнер көрсетіп, үлкен жетістікке қол жеткізді.
Әскери бөлім намысын қорғаған жайдарманшылар 11 команда қатысқан тартысты бәсекеде ең жоғары ұпай жинап, 1/4 финалға сенімді түрде жолдама алды. Қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған команда өздерінің тапқырлығы, сахналық мәдениеті және өзекті әзілдерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кету керек, «Ұлттық ұлан» құрамасы бұған дейін де «Маусымашар» кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, жеңімпаз атанып, «Jaidarman Cup» жарысына жолдама алған болатын. Аталған республикалық дода сәуір айында Астана қаласында өтеді деп жоспарлануда.
5451 әскери бөлімінің жайдарманшылары тек әскери қызметте ғана емес, мәдени-шығармашылық салада да жоғары деңгейде екенін дәлелдеп келеді. Бұл жетістік – әскери қызметкерлердің жан-жақты дамуына жасалған мүмкіндіктердің айқын көрінісі.
Команда алдағы кезеңдерде де өз өнерлерімен елді қуантады деген сенім мол. «Ұлттық ұлан» құрамасына сәттілік пен жаңа жеңістер тілейміз!
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі
