Көктемнің шуақты шуағымен бірге келетін Наурыз мейрамы – халқымыздың рухани жаңғыруының, ұлттық болмысының айшықты көрінісі. Осы бір ұлық мерекеге орай қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес дәстүрлі «GRAND Наурыз» атты тағылымы мол шара биылғы оқу жылында әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының қабырғасында жоғары дәрежеде өтіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Мектеп табалдырығын аттаған әрбір қонақты бірінші қабатта ұлттық нақыштағы әсем безендіру мен жылы қарсы алу рәсімі күтіп тұрды. Келген жұртшылықты бала әл-Фараби мен оның ұстазы арасындағы тағылымды шағын көрініспен қарсы алып, көрерменді бірден терең ой мен парасат әлеміне жетеледі. Бұл көрініс жас ұрпақтың ғылым мен білімге деген ұмтылысын бейнелегендей әсер қалдырды.
Екінші қабатта халқымыздың сан ғасырлық мұрасын айшықтайтын ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды. Көздің жауын алатын ұлттық тағамдар ұсынылып, қонақтар қазақтың бай дастарқанынан дәм татты. Сонымен қатар ұлттық ойындар ойнатылып, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлер қайта жаңғырды. Соның ішінде ерекше назар аудартқаны – «Ашамайға мінгізу» дәстүрінің көрінісі болды. Бұл – баланың азаматтық өмірге қадам басуын білдіретін тәрбиелік мәні зор салт, көрермен көңілінен ерекше орын алды.
Үшінші қабатта жас әл-Фараби бейнесіндегі оқушы қонақтарды қарсы алып, өзінің ізін жалғаушы – мектептің жас ғалымдарына сөз берді. Жас зерттеушілер өз жобаларын таныстырып, ғылымға деген талпыныстары мен ізденістерін паш етті. Сонымен қатар әл-Фараби мұражайының құнды жәдігерлері таныстырылып, ғұламаның мұрасы арқылы ұрпақ санасына білім мен парасаттың маңызы сіңірілді.
Шараның шарықтау шегі – мәні мен мағынасы терең мерекелік концертке ұласты. Сахна шымылдығы ұлы ойшыл әл-Фарабидің «Кемел адам» туралы қанатты ойымен түріліп, көрерменді рухани толғанысқа бөлеп, тағылымды кештің мазмұнын айшықтай түсті. Ән мен күй, сахналық қойылымдар арқылы ұлттық өнердің көркемдігі мен тереңдігі тағы бір мәрте дәлелденді. Аталмыш шараның соңында қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Мұқатайұлы барша жиналған қауымды Наурыз мейрамымен құттықтап, келесі 2027 жылғу Көрісу күнін өткізетін мектепті жеребе арқылы анықтады. Нәтижесінде келесі «GRAND Наурыз» мерекесін өткізу мәртебесі № 88 мектепке табысталды.
«әз-Наурыз» – бұл тек мерекелік шара ғана емес, ұлттың өткені мен бүгінін жалғап, болашаққа бағдар беретін рухани көпір іспетті. Осындай мазмұнды шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтар сіңіріліп, ата-баба мұрасына деген құрмет арта түсері анық.
Қымбат ОСПАНОВА, Әсел ТОЙЫМБЕКОВА,
әл-Фараби атындағы мектеп-гиназиясының
қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімдері
