Облыста кадр даярлау жүйесіне кейінгі жылдары жаңаша көзқарас қалыптасты. Яғни қазір еңбек нарығының нақты сұранысына қарай маман оқытуға көңіл бөлініп отыр. Бұл модельдің басты ерекшелігі – білім беру ұйымдары мен өндіріс орындары тығыз байланыс орнатып, оқу барысында теория мен тәжірибе ұштасады.
Көмірлі өлкеде жаңа өндіріс орындары қарқынмен ашылып жатыр. Бұған арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтар зор ықпалын тигізуде. Таяу жылдары жаңа кәсіпорындар есебінен 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Бұл әрине кадр даярлау жүйесін түбегейлі жаңартуды талап ететіні белгілі. Әйтпесе маман тапшылығы туындауы мүмкін. Осыған байланысты өңірде жұмысшы мамандарды даярлаудың жаңа моделі іске қосылды.
Аймақта кадр даярлау бұрынғыдай тек теориялық біліммен шектелмейді. Жаңа модель еңбек нарығының нақты қажеттіліктерін алдын ала болжауға негізделген. Мысалы, бұған дейін арнайы ұлттық сауалнамалар мен талдаулар арқылы қандай мамандықтарға сұраныс жоғары екені анықталып, соған сәйкес оқу бағдарламалары түзетілді. Бұл білім беру жүйесін экономиканың дамуымен үйлестіруге мүмкіндік берді.
Аймақта кеңінен енгізіліп жатқан басты механизмдердің бірі – дуалды оқыту жүйесі. Бұл жүйеде студенттер оқу уақытының бір бөлігін колледжде, ал екінші бөлігін нақты өндіріс орындарында өткізеді.
Жаңа модельдің маңызды тұсы – өндірістік кәсіпорындар білім беру процесіне толыққанды қатысады. Мысалы, кейбір зауыттар студенттерге арналған арнайы оқу бағдарламалары жасап, тәжірибелік сабақтарды тікелей өндіріс ішінде өткізеді. Бұл жүйенің тиімділігі – оқушыларға ерте кәсіби бағдар беріледі, студенттер нақты өндірісте тәжірибе жинайды және кәсіпорын қызметкерлері оқу процесіне тәлімгер ретінде қатысады.
Бүгінде аймақта 300-ден астам ірі кәсіпорын білім беру процесіне тікелей қатысып отыр. Олардың қатарында алып өндіріс ошақтары бар. Негізгілері ретінде Qarmet, Kazakhmys, QazTehna, KamaTyresKZ, Silk Road Electronics компанияларын атап өтуге болады. Мұндай серіктестік студенттердің тәжірибелік дағдыларын ерте бастан қалыптастырып, оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуын жеңілдетеді. Яғни аталған кәсіпорындар өздеріне қажетті мамандарды даярлауға тікелей қатысып, түлектердің жұмыспен қамтылуына кепілдік береді.
Кадр даярлаудың жаңа моделінде кластерлік тәсіл маңызды рөлге ие болып отыр. Яғни, колледждер белгілі бір салалар бойынша топтастырылып, әр бағытта «тірек оқу орындары» анықталған.
Қазіргі таңда облыста 52 колледж 128 мамандық бойынша кадр даярлайды. Өткен жылдан бастап оқу орындарын 8 негізгі бағыт бойынша кластерлендіру басталды. Әр бағыт бойынша тірек колледждер анықталып, олардың базасында 2 заманауи құзырет орталығы және 10 өндірістік шеберхана ашу жоспарланған. Бұл бастама білім беру сапасын арттырып, студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.
Еңбек нарығындағы өзгерістерге байланысты жаңа мамандықтарды енгізу де басты назарда тұр. Осыған байланысты жаңа мамандықтар енгізілді. Мысалы, полимер өндірісі, газбен жабдықтау, гидротехникалық құрылыс, гидротехникалық мелиорация және жылжымайтын мүлікті басқару саласында мыңдаған жас білім алып жатыр. Бұл бағыттар өңірдегі индустриялық жобалардың дамуына тікелей әсер етеді.
Мәселен, Саран қаласындағы колледжде резеңке-техникалық және шина өндірісі бағыттары ашылды.
Кадр даярлау мемлекеттік деңгейде де қолдау тауып отыр. Жыл сайын техникалық және кәсіптік білім беру бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітіліп, мыңдаған студент тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Ал былтырғы жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп бекітілгендіктен гранттар саны артып, инженерлік, педагогикалық және IT салаларына ерекше назар аударылды. Бұған дейін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жастар тарапынан қызығушылық артқандықтан грантты көбейтуге басымдық берілгенін атап өткен-ді.
– Өңірде техникалық және кәсіптік білімге қызығушылық артып келеді. Осыған байланысты гранттар саны 20 пайыз көбейтілді. 2024 жылы шамамен 8,5 мың түлек колледж бітірсе, былтыр мемлекеттік тапсырыс 1 100 орынға ұлғайды. Бұл жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам, – деді аймақ басшысы.
Жаңа модельдің тағы бір ерекшелігі – инклюзивті білім беру жолға қойылған. Бұл бағытта облыста колледждер жанынан арнайы ресурстық оқу орталықтары ашылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жаңа мамандықтарды меңгеруге жағдай жасалған. Сонымен қатар түрлі себептермен мамандығын ауыстырғысы келетін ересектер үшін де қайта даярлау мүмкіндіктері қарастырылған.
Облыста жүзеге асырылып жатқан кадр даярлаудың жаңа моделі – бұл білім беру жүйесі мен өндірістің арасындағы интеграцияның тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетті. Яғни дуалды оқыту, кластерлік тәсіл, жаңа мамандықтар ашу және әлеуметтік қолдау шаралары арқылы өңірде бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрлар даярлау жолға қойылған. Бұл бастамалар аймақ экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да жол ашатыны сөзсіз.
Манас АҚСАРЫ
