Тарыдай болып кірген күніңізден бастап мектеп қабырғасында сіздің еркелігіңізді көтеретін де, қателіктеріңізді кешіретін де, сабақ бере отырып сүйіспеншілікке баурайтын да, махаббатқа тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де мұғалімдер қауымы. Таудай болып шыққан күніңізде де талабыңызға тілекші болып отыратын тағы да сол мұғалім.
АУЫЛДАС, СЫНЫПТАС, ДОС
(Әкім туралы бірер лебіз)
Осы бір үш ауыз сөзде Әкім сынды азаматқа деген ыстық ықылас пен сезім көрінеді. Себебі бұл сөздер де біздің арамыздағы 70-жылдық өмір жолы жатыр. Аққан судай, атқан оқтай сырғыған ғұмыр сүрлеуіне күнделікті күйкі тіршілікпен назар аударуға уақыт таппай жүргеніңде ойыңды қозғап, бір мезет балалық, жастық шағыңа тоқталатын, көз салатын қуанышты сәттердің болғаны қандай жақсы шіркін!
Міне, осындай толғанысты көңілді сыйлайтын хабар да келіп жетті – Әкім досым да жарасымды 70 жастың жайлауына келіп қалған екен. Қуаныштымыз! Құтты болсын!
Әкім екеуміздің, бізбен қатар өскен замандастарымыздың кіндік қаны тамып, тай-құлындай тебісіп өскен жеріміз – қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақшатау елді мекені еді.Туған ауылымыз кезіндегі кеңестік трафарет атаулар сияқты алдымен оныншы ауыл, одан кейін коммунизм көсемі болған Карл Маркс атындағы колхоз, жаппай социалистік шаруашылық құру уақытында Ақшатау совхозы деп аталды. Тек, тәуелсіздік таңы атқан кезеңде өз заманында елін қорғап, бостандық үшін күрескен батыр бабамыздың аты бұйырып, Жарылғап батыр ауылы атанды.
Атауы өзгерсе де ұрпағына деген мейірі, ыстық құшағы өзгермеген осы шағын ауылда дүние есігін аштық, есімізді біліп, есейе бастаған шағымызда қанатымыз қатайып, үлкен өмірге қадам бастық. Сол кезеңдердің ішінде туған жердің топырағын жалаңаяқ басып, күні бойы асыр салып, алаңсыз ойнап, арасында аналарымыздың дайындап берген сары май жаққан ыстық күлшесін, балдай дәмді айранын ішіп, бақытты күн кешкен, уақыт өлшемін ескере қоймаған балалық кезең ешқашан ұмытылмақ емес!
Біздің шағын ауылымызда қазіргі кезеңнің талабындай көше атаулары болған емес, ол шартты түрде үйлердің орналасу аумағына байланысты «төменгі ауыл», «ортаңғы ауыл», «жоғарғы ауыл» деп бөлінді. Әкім досым «төменгі ауылдың » тумасы болса, мен «ортаңғы ауылда» тұрдым. Бірақ осы айтқандарымнан шағын ауыл бөлек-бөлек тіршілік кешкен екен деген түсінік тумаса керек. Ауылымыздың үлкендері, аузы дуалы ақсақалдары жастарды ынтымақтастыққа, ауыз біршілікке тәрбиеледі.Қазақта осындай ұйымшылдықты білдіретін «бір кісінің баласындай» деген ұғым бар. Біз осы рухта тәрбиелендік және соның шапағатын өзіміздің ұрпағымызға сіңіруге тырысамыз. Менің Әкім досыммен балалық шақтан осы уақытқа дейін сақталып, қаймағы бұзылмай келе жатқан риясыз достығымыз осы тәрбиенің, үлкендерден көріп, қабылданған ұлағаттың нәтижесі шығар деп ойлаймын.
Әкім досым екеуміз де қарапайым отбасынан шықтық. Біздің ауылымызда, жалпы біздің жастық заманымызда «қалталы», «мансапты» деген қазіргі айналыста жүрген «айдарлы» атпен белгілі ата-аналар болған жоқ. Алайда қарапайым еңбек адамдары ретінде ата-аналарымыз адамгершілікке бейімдеген тәрбиесі жадымызда сақтаулы. Әкімнің әкесі ауылымыздың қадірлі қариясы болған Карбан ақсақал сондай адам еді. Көпбалалы әулеттің барлық тауқымет-тіршілігін, тәрбиесін нардың жүгін көтергендей қайыспас жігер танытқан Карбан атамыз балаларына да осындай қайсарлық, шыдамдылық, адалдық рухын сіңірді. Ақсақалдың еңбегі зая кеткен жоқ. Балаларының барлығы білім алып, еліне елеулі азаматтар болып өсті.
Міне осындай отбасынан өсіп, тәрбие көрген менің Әкім досым да білікті азамат, ұлағатты ұстаз атанып, өмірдің биік белесі – жайсаң 70 – жас деген қуанышқа жетіп отыр. Ауылдас, сыныптас дос ретінде Әкімді осы бір мерейтойлық жетістігімен құттықтай отырып, жастық шақтың кейбір кезеңдерге көз жүгіртсем деймін.
Сонау 1962 жылы Әкім досым екеуміз сөмкемізді сүйретіп 1-ші сыныпқа барыппыз. Ол кезде мектебіміз ұзынша барақ үйдің бір басын ғана алып жататын. Сыныптағы оқушылардың санының аздығынан болар, бір шағын бөлмеде 1-ші, 3-сынып оқушылары бірге сабақ оқи беретін. Қазір есіме оралады – ұстасымыз Рысжан апай алдымен 1-сыныпқа, одан кейін 3-сыныпқа сабақтарын түсіндіріп үлгеретін.Қандай шеберлік десеңші! Міне, Әкім досым екеуміз алғаш рет әліппенің бетін ашып, сауатымызды осылай бастадық. Бүгінгі ұрпақтың ойы түгілі, түсіне енбейтін кезең болды ғой. Келесі жылы ауылымызға жаңа мектеп салынып, барлық балалар бөркімізді аспанға атып қуандық!
Қазіргі жаңа типті мектептердей болмаса да біз үшін кей сарайдай көрінген осы шағын ғимаратта Әкім досым екеуміз орта білім алып шықтық. Кішкентай елді-мекеннің 10-жылдық мәртебесіндегі мектебіміз аудан көлемінде алдыңғылардың қатарында болды. Біз оқыған жылдары мектепке жоғарғы педгогигалық мамандықтарды игерген жас мамандар көптеп келе бастады. Бұл күндері ұстаздық тіршіліктің қыр-сырын басымыздан өткізіп, оның ащы қиындығы мен бейнетін, тәтті жемісін сезіп көрген Әкім досым екеуміз кездескен сайын бізді білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаздарымызды сағынышпен еске аламыз. Әсіресе, сол уақытта мектебіміздің басшысы болған Метхат Тоқтарбеков ағайымызды ерекше құрметпен айтамыз!
Алтын ұямыздан ұшып шыққан соң әрқайсымыз әр жаққа арман қуып, білім іздеп аттандық. Мен тарихшы болуды мақсат еттім. Әкім досым филолог жолын таңдады. Тағдыр талабымен әр жаққа кетсек те біз бір-бірімізбен хабардар, тілекші болып жүрдік. Әкім досым өзін, бейнеті мен зейнеті қатар жүретін, десе де, қоғам үшін, халық үшін қасиетті борыш – жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнады. Жиі жүздесіп, сыр тарқатуға уақыт таппасақ та, ұзынқұлақ, ағайын-туыстардан естіген отбасының қуаныштарын, қызметтегі жетістіктерден хабардар болып, қуанып отырдық. Әкім досымның өзім ұзақ жылдар ұстаздық қызмет жасаған Жезқазған пединститутының түлегі, еліміздің қызы Розамен көңілдері жарасып, шаңырақ көтергенін естіп, тілектес болдық.
Өмірдің ағымымен уақыттың қалай өткенін білмей қаласың. Әкім мен Розаның тұлай бойы тұңғыш қыздары Рысжан ұстасымыздың немересі Азаматқа тұрмысқа шыққан қуанышты тойларында кездесіп, шер тарқатып, еңбек жолымыздағы жетістіктерімізді бөлістік. Әкім досымның осы уақытта тек ұстаз ғана емес, басшы, ұйымдастырушы ертінде де өзін көрсете алғанына риза болдым. Әкімге Шет ауданының басшылығы Нұраталды елді мекенінің бір бөліміндегі мектепке директорлық лауазымды сеніп тапсырған екен. Енді ғана қабырғасы қаланып, шаңырағы көтерілген осы оқу ғимаратының әрбір жетістігіне Әкім досымның төккен маңдай терін, сіңірген еңбегі бүгінге дейін сайрап жатыр десем артық айтқан болмас. Осы пікірімнің растығын Шет ауданының басшыларымен кейінгі бір кездесулерде естіп, досым үшін марқайдым.
«Басқа жерде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол» деген халқымыздың дана сөзі бар ғой. Әкім досым аудан басшылығының ұсынысымен өзіміздің туған ауылымызда, біз білім алған орта мектепке директорлық қызметке келіп, оның гүлденіп, көркеюіне еңбегін сіңірді. Шағын ауылдарда мектептің тек білім ошағы ғана емес, мәдениет орталығы екені белгілі. Әкім білікті басшы ретінде өзі басқарған ұжымның ауыл тұрғындарының рухани бірлігін, байланысын күшейтетін ортасы болуына күш салды. Ойлап отырсам, менің заманымдағы мектебімізден түлеп ұшқандардың ішінде Әкім алтын ұямыздың алғашқы басшысы болған екен.Болашақта туған ауыл тарихы жазылып, қағаз бетіне түсетін болса Әкім досымның, өмір жолының осы бір белесі айтылып өтері сөзсіз.
Әкім досымның ұзақ жылдардағы ұстаздық еңбегі, басшылық қызметі елеусіз қалған жоқ. Аудан басшылығы, сапалық қызмет тарапынан үнемі аталып отырды. Әкім ҚР білім Министрлігінің ең жоғарғы марапаттарының бірі – Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгімен ұзақ жылғы табысты еңбегі үшін марапатталды. Еңбегінің зейнеті деген осы болар, сірә.
Әкім мен Роза достарым туралы сыр толғағанда менің отбасымның жүрегінен жылы орын алған бір сәтті айтпай кетуге болмас. Мұсылмандық жолмен бақилық болған әкем, шешем, апайыма ауылдағы ағайынға құран оқытып, ас беруге ниет жасағанымда достарымның көрсеткен көмегі мен қолдауына қатты риза болдым.Төрлеріне төсегін жайып, отбасымды, ағайын туыстарымды күтті. Ас беретін жерді сайлап, керекті тіршіліктің бәрін жасады. Ауылымнан елу жылдай жырақ кеткен мен үшін бұл үлкен рухани қолдау еді. Сол үшін достарым Әкім мен Розаға отбасымның атынан үлкен ризашылығымды білідіремін!
Сөз соңында айтарым – құрметті досым Әкім, досымның жан-жары Роза! Мәртебелерің әрқашан биіктей берсін! Алла берген қуаттың арқасында бала-шағаның қызықтарын қызықтай беріңдер. Достығымыз жарассын! Мерейлі мерейтойға жете беріңдер!
Ізгі тілекпен: Тілеген САДЫҚҰЛЫ,
тарих ғылымдарының докторы,
ҚР тарих және қоғамдық ғылымдар
Академиясының академигі, Л.Н.Гумилев
атындағы Еуразияұлттық университетінің
профессоры, «ҚҰРМЕТ» орденінің ингері
