Биыл 11 жыл оқыған алтын ұя – мектебімізді тәмамдап, қимай-қимай қоштастық. Алдымызда тарау-тарау өмір жолы. Үлкендерден естігенім: «Өмірде екі нәрседен қателесуге болмайды. Бірі – мамандық, екіншісі – жар таңдау».
Мен мамандықты сонау бастауыш сыныпта таңдап қойғанмын. Сол балаң қиял, балауса арман мені алға жетелеп, осы күнге алып келді. Мамандығымның аты – журналистика. Журналист болу – бала күннен келе жатқан ізгі арманым. Қалам мен ақ қағазды, микрофонды жақсы көремін. Ойланып-толғанып отырғанды, тебіреніп-тербеліп жүргенді ұнатамын. Кітап оқуға құмармын, оны достарыммен бірге бөлісіп, талқылап та жүреміз. Көркем шығарманың өзі көп нәрсеге үйретіп, көп нәрсеге жол ашады екен. Меніңше, журналистика – ерекше еңбек ортасы, бұрқ-сарқ қайнаған өмір! Жалынды, алаулаған романтика! Көрсем, білсем деген жерлеріңе саяхат дер едім. Туған жерге тәу етіп, өскен ортаңды, ел-жұртыңды тарихқа таңбалау – журналистердің басты міндеттерінің бірі. Күнделікті қоғам тынысын, әлемнің бет-бейнесін уақытында көпшілік қауымға жеткізу де – зор еңбек! Ақпарат майданында алғы шепте жүру де – үлкен бақыт! Үнемі ел алдында еселі еңбек етіп, сый-құрметке, алғыс пен батаға кенеліп жүргенге не жетсін?! Шабыт құсы шалқығанда шығармашылыққа ден қойсаң, қарымды қаламгер де болып шығасың…
Иә, сонымен, мен журналист боламын! Ақзер арманым аппақ құстай алға жетелеп, зау биіктерге алып ұшады. Сәттілік серік болсын!
Ақтілек МҮСІЛІМ,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның түлегі
Қарағанды қаласы
