Туризм әлемде табысты саланың бірі саналады. Биылғы жылы еліміздегі басым туристік бағыттардың тізімі 10-нан 20-ға дейін көбейтілді. Солардың бірі – Балқаш. Бұл дегеніміз алдағы жылдары қомақты қаржы бөлінеді деген сөз.
Балқашта биыл туристер үшін 219 жайлы бөлмеге шақталған жеті жаңа демалыс аймағы салынады. Қалалық жағажайдың жағалау аймағын қайта жаңарту жалғасады.
Туристік әлеуетті дамыту – Балқаштағы негізгі бағыттардың бірі. Өткен жылы қала аумағына Ақтоғай ауданының бір бөлігі – Шұбартұбек және Торанғалық кенттері қосылды, олардың жалпы ауданы 8744 га.
Қолайлы инфрақұрылым құру үшін Торанғалық және Шұбартұбекте су құбыры желілері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жұмыстар республикалық бюджеттен қаржыландыру бөлінгеннен кейін басталады.
– Бізде жыл бойы 393 бөлме қоры бар 20 қонақ үй және 1412 нөмірлі 54 демалыс аймағы жұмыс істейді. Биыл жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жеті демалыс аймағын пайдалануға беру жоспарланған. 219 бөлме немесе 476 төсек-орын құрылады. Жағалауды ұтымды пайдалану үшін жер учаскелеріне түгендеу жүргізілді. 120 га бос жер учаскелері анықталды. Биыл бұл учаскелер аукцион арқылы бөлінеді. Өткен жылы алғаш рет өткізген «БалқашTourfest» фестивалі де дәстүрге айналады, – дейді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өткен жылы Шұбартөбек кентінде полиция және төтенше жағдай бекеттерін орналастыруға арналған модульдік үй-жай орнатылған. Биыл бейнебақылау жүйесі орнатылған мұндай үй-жайлар Торанғалық пен Бертіс шығанағында пайда болады.
Сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту – Балқаштағы тағы бір басым бағыт. Бүгінгі таңда қаланың кейбір учаскелерінде коммуналдық желілердің тозуы 75-80 пайызға дейін жетеді. Бұл мәселені шешу үшін 124 шақырым су құбырларын ауыстыру қажет.
Туристер тек көлге келіп, суға түсіп қана кете салмай, Балқаш қаласының да қонағы болары сөзсіз. Ол үшін шахарда да тазалық пен меймандарды күтіп алатын ыңғайлы жағдай жасалуы керек.
– Бізде Балқаштағы 2-3-ші кезектегі су құбыры желілері қайта жаңартылуда. «Қоңырат» шағын ауданында қазірдің өзінде жүз пайыз және қалада магистральдық желілердің 30 пайызы ауыстырылды. Жүргізілген жұмыстар электр энергиясын үнемдейді және ұңғымалардың жұмысын реттейді. Өткен жылы 14 ұңғыма жұмыс істеді, қазір олардың сегізі ғана жұмыс істеуде. Биыл тағы 13 шақырым магистральдық желіні ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Қаланы жылумен жабдықтау бойынша ЖЭО-дан қалаға дейінгі 4,5 км магистральдық құбырларды ауыстыруды жоспарлап отырмыз, қосымша 18 шақырымы ауыстырылады, жылыту маусымынан кейін сығымдау жүргіземіз және ақаулы жерлерді анықтаймыз. Олар бақылауға алынады, – дейді Сапар Сатаев.
Сондай-ақ, қалада 900 орындық жайлы мектептің құрылысы жалғасуда. Биыл ангар үлгісіндегі спорт залы салынып, желкенді спортты дамыту үшін екі үй-жай жабдықталып, жеті спорт алаңы қайта жаңартылуы тиіс.
Туризм секторындағы шағын және орта бизнесті дамыту өңір экономикасын арттыруға ықпал етеді және 2025 жылға қарай туристік ағын кемінде 4 есе өседі деген болжам бар.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ