Қарттарым, аман-сау жүрші

Қоғамда қарттар мен жастардың үлес салмағы бірдей келе ме, әлде он-жиырма жасқа бірер қариядан есептеле ме? 2025 жылғы қартаю индексі 100 балаға 32,9 қарт адам болған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 31,1 еді. Біздіңше осы шамада дұрыс та сияқты. Қазір адамдар жасарып, әр адам ақылды болып барады. ЖИ бар, басқа бар, амал көп, мүмкіндік мол. Алайда мұның бәрі қазыналы қарттардың жан-жүрегі мен тілеуқор ниетіне жете ме?

 

Жеті ата мен жастықтың арасы

Әлдебір дереккөзден оқығаным бар. Бір нәрестенің дүниеге келу жолында бірнеше ата мен ананың қызметі мен маңдай тері барын. Сіздің жеті атаңыздың сыртында қаншама баба тұр. Олардың бәрі жан сақтау үшін ғана емес, ұрпақ үшін күрескенін әдемі ашып берген. Расында мұны сезініп-білгеннің артығы жоқ. Демек, қазақтың жеті ата ұғымының мәні терең. Сіздің дүниеге келуіңіз жолында жеті ата сыртынжа жетпіс жеті атаңыздың тәуекелі тұрғанын жастықта түсінбеуіңіз мүмкін, алайда «балам, балалы болғанда білерсің» деген.

 

Қарағандылық қарттарға ашылған жол

Қазір жасы келген қарттарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Соның бір парасы біздің облысқа тиесілі. Басқа аймақтармен салыстырғанда Қарағанды облысынд қарттарды белсендіруге бірқатар артықшылықтар берілген. Зейнетақыны сатылап өсіру ел көлемінде қолға алынды. Аймақта қарттарға арналған мүмкіндіктерді тек «әлеуметтік көмек» деп емес, белсенді өмір сүру, денсаулық, білім, құқықтық кеңес және қажет жағдайда әлеуметтік қызмет бағыттарына бөліп қарауға болады.

Қарағандыда «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары бірнеше жерде жұмыс істейді. Қызметтері тегін: дене жаттығулары, йога, гимнастика, би, ән-күй, шахмат, домино, домбыра, тіл үйрену, компьютерлік және мобильді сауаттылық сияқты сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен бірге психолог пен заңгердің кеңесі қарастырылған.

Биыл Абай ауданында да «Белсенді ұзақ өмір» жобасы жүзеге асырылып, егде адамдардың денсаулығын нығайтуға қоса цифрлық қауіпсіздік пен заманауи дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік туды.

 

Еңбек етуге мүмкіндік

Қарағанды облысында зейнеткерлерді еңбекке тартуға арналған «Алтын жас» бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл маңызды бағыт, өйткені қарт адамды тек әлеуметтік көмек алушы ретінде емес, тәжірибесі мен кәсіби білімі бар азамат ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

 

Әлеуметтік көмек

Жалғыз тұратын және көмекке мұқтаж қарттарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету қарастырылған. Мысалы, Қарағанды қаласының ресми мәліметінде жалғыз тұратын 1 443 зейнеткерге үйде әлеуметтік көмек көрсетіледі екен.

Әлеуметтік жағдайына байланысты қарттарға бірқатар жергілікті көмек түрлері беріледі. Мысалы, Қарағанды облысының 2026 жылғы мәліметінде көмір алуға арналған біржолғы көмек, газ жабдығын орнатуға көмек және белгілі санаттағы жалғыз тұратын зейнеткерлерге әлеуметтік көмек қарастырылғаны көрсетілген.

Егер қарт адамға тұрақты күтім қажет болса, облыста тәулік бойы күтімге мұқтаж адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі бар. 2025 жылы Еңбек министрлігі өкілдері Қарағанды облысындағы осындай орталықтардың бірінде қарттарға жасалған жағдайлармен танысқан.

P.S. Қарттық – қоғамнан шет қалатын кезең емес. Бүгінде Қарағандыда зейнеткердің спортпен айналысып, тіл үйреніп, компьютер меңгеріп, өнермен шұғылданып, заңгер мен психологтан кеңес алып, тіпті еңбек етуіне мүмкіндік бар.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ