Ауыл кәсіпкерлігінің дамуы – ел экономикасының нығаюына, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына ықпал ететін маңызды қадам. Осы бағыттағы игілікті істердің бірі ретінде Ақадыр кентінде «ОЛЖА» сауда кешені салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне берілді.
Жалпы аумағында 180 шаршы метрді құрайтын жаңа сауда нысаны тұрғындарды күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерімен және үй шаруашылығына қажетті тауарлармен қамтамасыз етуге бағытталған. Енді ауыл тұрғындары тұрмысқа қажетті заттарды бір жерден сатып алып, уақыттарын үнемдеуге мүмкіндік алады.
Сауда кешенінің құрылысына жалпы 60 миллион теңге инвестиция жұмсалған. Оның ішінде мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 18 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие қаражаты берілген. Осы құрылыс шаралары мемлекеттік қолдау мен жеке кәсіпкерлік бастаманың ұштасуы нәтижесінде жүзеге асқан нақты іс.
Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың табыс көзін кеңейтуге бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы осындай игі бастамаларға жол ашып келеді. Жаңа сауда кешенінің іске қосылуы да Ақадырдың кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға қосылған үлес екені сөзсіз.
Салтанатты ашылу рәсімінде кент әкімі М.Ж.Қойшыбаев, кенттік ардагерлер кеңесінің мүшесі М.К.Баядилов және кенттік қоғамдастықтың төрағасы Н.А.Сейітов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кәсіпкерлік нысанның маңыздылығына тоқталды. Олар кәсіп иелеріне табыс, еңбектеріне береке, ал ауыл тұрғындарына молшылық пен игілік тіледі.
Ізгі тілектерден кейін құрметті қонақтар лента қию рәсімін жасап, жаңа сауда кешенінің жұмысына ақ жол тіледі. Осылайша, Ақадырдың кәсіпкерлік кеңістігі тағы бір нысанмен толықты.
Ауылдың көркеюі – ел игілігіне бағытталған нақты істердің нәтижесі. Ал халыққа қажетті қызмет көрсетіп, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыратын әрбір кәсіпкерлік нысан ауыл тіршілігіне серпін береді.
«ОЛЖА» сауда кешенінің саудасы қызу, тұтынушысы көп, берекесі мол болсын! Жаңа кәсіптің қадамы құтты болып, ел игілігіне қызмет ете берсін демекпіз.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
