Халықаралық студенттік орта қалыптасып келеді

Қарағандыдағы Saginov Technical University-дің студенттік ортасы жыл өткен сайын халықаралық сипат алып келеді. Бүгінде университетте Еуропа мен Азияның әр түкпірінен келген жастар білім алуда. 2026-2027 оқу жылында шетелдік білім алушылардың жалпы саны 272 адамға жетті.

Университетте негізгі білім беру бағдарламалары бойынша оқитын шетелдік студенттер 16 мемлекеттің өкілдері. Ең көп студент Ресей Федерациясынан – 83, Түрікменстаннан – 56, Өзбекстаннан – 51 және Ауғанстаннан – 17 адам. Сонымен қатар Әзербайжан, Германия, Қытай, Украина, Қырғызстан, Палестина, Армения, Тәжікстан, Индонезия, Бангладеш, Моңғолия және Беларусь жастары бар.

Биылғы қабылдау халықаралық студенттер қатарының одан әрі толыға түскенін көрсетті. Жаңа оқу жылында университетке 172 шетел азаматы қабылданды. Оның 142-сі бірінші курс студенті атанса, тағы 30 шетел азаматы университетте алғаш рет ашылған дайындық бөлімінде білім алып жатыр.

Бірінші курсқа қабылданған шетелдік жастар 13 мемлекеттен келген. Олардың арасында Түрікменстан, Ресей Федерациясы және Өзбекстан азаматтары басым. Дайындық бөліміне қабылданған шетел азаматтарының басым бөлігін Қытай мен Моңғолиядан келген білім алушылар құрайды.

Қазақстанда білім алуды таңдаған шетелдік жастар үшін мемлекеттік стипендиялық бағдарлама да жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. 2026-2027 оқу жылында осы бағдарлама бойынша Saginov Technical University-ге 10 шетел азаматы қабылданды. Олардың сегізі бакалавриатта, екеуі магистратурада білім алады. Стипендия иегерлері Палестина, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Индонезия және Бангладештен келген.

Биыл университеттің халықаралық географиясында тағы бір жаңалық бар: Индонезия мен Бангладеш азаматтары мемлекеттік стипендиялық бағдарлама арқылы Saginov Technical University-ге алғаш рет оқуға түсті. Бұл университетке келетін шетелдік жастар географиясының біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Шетелдік талапкерлерді тарту жұмысы тек қабылдау кезеңімен шектелмейді. Университет өз білім беру бағдарламаларын Қазақстаннан тыс жерлерде де таныстырып келеді. Study in Kazakhstan бастамасы аясында соңғы оқу жылында Saginov Technical University өкілдері Үндістан, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстанда талапкерлермен тікелей кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында жастарға Қазақстанда жоғары білім алу мүмкіндіктері, инженерлік-техникалық мамандықтар мен университеттің білім беру бағдарламалары таныстырылды. Шетелдік аудиториямен байланыс халықаралық білім беру алаңдары мен цифрлық коммуникация арналары арқылы да жалғасуда.

Университет халықаралық әріптестік аясын да кеңейтіп келеді. Шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бастамалары, академиялық ұтқырлық және халықаралық алмасу бағдарламалары студенттерге өзге елдердің білім беру ортасымен танысуға мүмкіндік береді. Студенттер мен оқытушылар халықаралық жобаларға қатысып, кәсіби және академиялық байланыстарын дамытуда.

Әрине, шетелдік жасты университетке қабылдау – жұмыстың алғашқы кезеңі ғана. Жаңа елге келген студенттің оқу ортасына бейімделуі, күнделікті өмірге қажетті ақпаратты алуы, құжаттандыру және көші-қон мәселелерін шешуі де маңызды. Осыған байланысты университет шетелдік білім алушыларды оқу барысында жан-жақты сүйемелдеуге мән береді.

Осы бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде 7 қазанда International Students Welcome Day ұйымдастырылды. Кездесуге түрлі мемлекеттерден келген жастар, университет басшылығы, факультет декандары және тиісті құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатысты.

Шетелдік студенттер университеттегі оқу мүмкіндіктері, халықаралық бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, цифрлық сервистер және студенттік өмір туралы қажетті ақпарат алды. Сонымен бірге Қазақстанда тұру және оқу кезінде ескерілуі тиіс практикалық мәселелер де назардан тыс қалған жоқ.

Кездесуге Қарағанды облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Дидар Ибрагимович Алхамин қатысып, шетелдік жастарға Қазақстанда болу тәртібін, көші-қон талаптарын, тіркеу рәсімдері мен жеке қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.

Студенттерге SafeTravel.kz жобасы аясында тегін SIM-карталар да табысталды. Бұл Қазақстанға жаңадан келген жастарға алғашқы күннен бастап байланыста болып, қажетті онлайн-сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді. Бастапқы пакетте 1 ГБ интернет қарастырылған.

International Students Welcome Day ашық диалог форматында өтіп, жастар университет өкілдеріне өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Ал мәдени бағдарлама әр елден келген студенттердің бір-бірімен жақынырақ танысып, жаңа ортаға бейімделуіне мүмкіндік берді.

Бір аудиторияда түрлі елдерден келген жастардың білім алуы университет өміріне де жаңа мазмұн береді. Бұл – түрлі мәдениеттердің тоғысуы, жаңа таныстықтар мен кәсіби байланыстардың қалыптасуы, студенттердің дүниетанымының кеңеюі. Saginov Technical University-дегі халықаралық студенттік ортаның ұлғаюы Қарағандының білім алуға келген шетелдік жастар үшін де тартымды қалаға айналып келе жатқанын аңғартады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ