«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы

Қарағанды қаласындағы «Достық үйінің» Атриум залында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты облыстық форум өтті.  Ғимараттың қасбетіне орнатылған LED экранда форумның тақырыбы мен атауына арналған көрнекі бейнематериал алыстан менмұндалап тұрды. Ал «Достық үйінің» фойесінде мемлекеттік тілді меңгеруге және оның күнделікті қолданысын кеңейтуге бағытталған танымдық сипаттағы тақырыптық көрме, «Қазақстан орыс, славян және казак ұйымдары ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі филиалы мен «Шебер» көркемөнер шеберханасының ұлттық бұйымдарынан көрме ұйымдастырылады. Форум қонақтары мен қатысушылары фойеде орналасқан көрмемен танысқаннан кейін Атриум залына өтіп жайғасты.

Көркем безендірілген залда форумның тақырыптық банері және LED экран орналастырылады, жанға жағымды әуезді күй орындалып тұрды. Форум жұмысын модератор Абрар Айтметов басынан аяғына дейін еш қоспасы жоқ қазақ тілінде жүргізді.

«Бүгін біз «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты облыстық форумда бас қосып отырмыз. Бұл форумда этнос өкілдері өз кәсіби саласы, қоғамдағы өзекті мәселелер және ел дамуына қатысты ойларын ортаға салатын азаматтарды тыңдаймыз. Форумға әртүрлі салада еңбек етіп ел дамуына үлес қосып жүрген этнос өкілдері қатысып отыр. Бүгінгі шарамызда қоғам белсенділері, сарапшылар, білім, денсаулық, әскери қызметкерлер, құқық қорғау саласының мамандары, мәдениет,әлеуметтік сала өкілдері мен кәсіпкерлер бар. Мамандықтарымыз әртүрлі болғанымен, барлығымызды ортақ орта Қазақстан қоғамы біріктіреді. Сондықтан бүгінгі әңгіме де әр саладағы тәжірибе мен өзекті мәселелер төңірегінде өрбиді. Өздеріңіз байқап отырғандай, форумға қатысушылардың әр саланың мамандары. Алайда оларды біріктіретін ортақ құндылық бар. Ол – елге қызмет ету, қоғамға пайда келтіру және мемлекеттік тілге құрметпен қарау. Ендеше, бүгінгі кездесуді ашық пікір мен мазмұнды әңгімеге арнайық…» – деп сөз бастаған Н.Р.Бикенов осындай мазмұнды кездесулер мемлекеттік тілдің дамуына және оның қолданылу аясын кеңейтуге өз үлесін қосатынын баса айтты.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, саяси және қоғам қайраткері, «Аналар мектебі» қоғамдық қорының мүшесі Наталья Григорьевна Дементьева жақында ғана саяси жүйеде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар Қазақстан Халық Кеңесі бірегей институты құрылғанын, бұл құрылым халықтың талап тілегін жеткізетін билік пен бұқара арасындағы көпір болатынына сендірді. Халық Кеңесінің орны мен маңызы жайлы толығырақ баяндай келе, Қазақстан түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп, еңбек етіп келе жатқан ортақ Отанымыз екеніне тоқталды.

Жаңа Конституцияға қатысты маңызды өзгерістер мен олардың азаматтардың құқықтары мен қоғам өміріне ықпалын кеңінен түсіндірген «Taldau AI Analytics» аналитикалық орталығының директоры, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Максим Александрович Споткай, осындай қоғамда өзара түсіністік пен келісімді нығайту, азаматтардың пікірін тыңдау және әртүрлі әлеуметтік топтардың үнін жеткізу бағытында қоғамдық институттардың маңызы зор екендігін айтып өтті.

Білім саласының өкілі Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің шет тілі ұстазы Анастасия Мельникова, Саран қаласының ювеналды полиция тобының инспекторы Жанна Хан, Саран қалалық емханасының хирург дәрігері Джахангир Яшлыоглы Каримов, ұлттық домбыра өнерін насихаттап жүрген, «Үкілі домбыра» республикалық байқауының жүлдегері,  «Согласие» орыс мәдени орталығы қоғамдық қорының мүшесі  Жамал Анатолиевна Дзюба, Сөз Теміртау қаласының Қорғаныс істері басқармасының әскери қызметкері Александр Юрьевич Проскура, «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша магистрант Сабрина Маратқызы Асадуллина, Бұқар Жырау ауданынан келген, ұлағатты  ұстаз, «Сарыарқа – ән мен жырдың мекені» облыстық байқауының жеңімпазы Алия Джапарова, «Ахыска» түрік этномәдени орталығының мүшесі, жеке кәсіпкер Йылмаз Хусейн, «Вайнах» чечен-ингуш этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, ерікті, жеке кәсіпкер Мути Жабраилұлы Махаев, «Бұқарекең жырлайды» атты облыстық байқауға жетекшілік етіп, Бұқар жыраудың мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге өз үлесін қосып жүрген Айтбай Жұмағұлов, №54/51 әскери бөлімінің сарбазы көп тілді меңгерген полиглот Аббас Шамшидин қоғам үшін маңызды мәселелерді тілге тиек етіп, күн тәртібінде өткір тұрған маңызды ой-пікірлерін ортаға салды.

Еркін пікір алмасу кезеңінде әр саланың мамандары өзекті тақырыптарды көтерді. Тәжік-ауған шекарасында ұрыс қимылдарына қатысқан ардагер, Қарағанды қаласының мәслихат депутаты, өңірлік және республикалық деңгейдегі әскери-патриоттық шаралардың белсенді жақтаушысы Шүкіржан Елубайұлы Құлжамбеков, белгілі жазушы, журналист, сатирик, өлкетанушы және этнограф, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Сүйіндік Жұмабайұлы Жанысбай, облыстық «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының және «Парасат» тәлімгерлер бірлестігінің  төрайымы М.Т.Абдрахманова, Осакаров ауданынан арнайы келген жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Анастасия Иванова және тағы басқа  форум қонақтары бүгінгі күн тәртібіндегі айтылып жатқан мәселелердің өміршеңдігіне ерекше маңыз беріп,  тілді дамытудың практикалық және стратегиялық бағыттарын айқындауға ортақ шешімдер қабылдаудың  қажеттігіне тоқталып, мемлекеттік тіл осы қоғамдағы өзара түсіністік пен кәсіби қарым-қатынасты нығайтатын ортақ құрал екендігін алға тартты.

Келесі кезекте облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы А.Шалабаева жыл ішінде жетістікке жетіп, ана тілін дамытуға ерекше күш салып, жоғарғы жетістікке жеткен бір топ тіл жанашырларын марапаттады.

Форумның басты мақсаты аймақтағы барлық этникалық топтардың мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған ортақ жауапкершілігін бекіту болды. «Ұлы даланың ұларалық тілі» форумына қатысушылар ұлтына қарамай мінберден таза қазақ тілінде сөйледі, осы тілде ән айтты, өлең оқыды, күй тартты, еліміздің қоғамдық тұрақтылығын, рухани бірлігіе және мемлекеттік тұтастығын сақтаудың басты кепілі тіл екендігін түйсініп кетті деп ойлаймын.

Тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл отандық қоғамды біріктіруші негізгі күшке айналған мәдени іс-шараға әскери қайраткер, запастағы полковник, Қазақстан журналистер одағының мүшесі А.Т.Жантасов, қайраткері, ТК «Новое телевидение» директоры Р.Никонович,  Қарағанды облысы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі, қоғам қайраткері, Облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрвғвсы У.Х.Джанаев, ҚХА жанындағы «Аналар алқасының» төрайымы А.К.Қиясова, Қарағанды облысының «Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектері одағы»  бірлестігінің төрағасы С.Ж.Тоқтабеков және басқа да тіл жанашырлары қатысып отырды.

Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Г.К.Касембаева мен мемлекеттік мекеме қызметкері З.Ә.Шәріпованың ұйымдастырушылығымен өткен шараның тағылымы мол болды.

Аңғар СМАҒҰЛ