Экономикаға керек мамандарды даярлау – бүгінгі күннің күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Бұл туралы Президент биылғы Жолдауында да айтты. Облыста нарыққа қажет мамандарды көптеп даярлауға айрықша көңіл бөлініп отыр. Мәселен, Осакаров ауданында жұмысшы мамандықтарына оқытуға басымдық беріліп келеді. Аудандағы еңбек нарығының сұранысына сай колледж-мектеп-интернатта жаңа білім беру бағыттары ашылып, қолданыстағы мамандықтар қатары ұлғайды. Мұндағы басты мақсат – жастарға сапалы кәсіби білім беріп қана қоймай, аудан экономикасын қажетті білікті кадрлармен қамтамасыз ету және жастарды жұмыспен қамту.
Бүгінде колледжде автокөлік және қоғамдық тамақтану салаларына қажет мамандар даярланады. Биылғы оқу жылында оқу орнын 30 жас маман тәмамдайды. Оның 16-сы автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану бағыты бойынша білім алса, қалған 14-і қоғамдық тамақтану саласында кәсіби біліктілікке ие болады. Бұл – ауданның қызмет көрсету және көлік салаларындағы кадр қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Сонымен қатар оқу орны заман талабына сай жаңа мамандықтарды игеруге де басымдық беріп отыр. Биыл колледжде «Есеп және аудит» бағыты ашылып, оған 20 студент қабылданған. Бұл мамандықтың енгізілуі өңірдегі экономикалық және қаржылық салаға қажетті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.
Колледж басшылығы жаңа мамандықтарды таңдауда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері мен жұмыс берушілердің сұранысын басты назарға алды. Өйткені кәсіптік білім берудің негізгі нәтижесі – түлектің алған біліміне сәйкес жұмысқа орналасып, еңбек нарығында өз орнын табуға тиіс.
– Біздің басты міндетіміз – жастарға кәсіби білім беру ғана емес, өңірде сұранысқа ие мамандар даярлау. Жаңа бағыттарды таңдау кезінде біз ауданның қажеттіліктерін, экономиканың дамуын және жұмыс берушілердің сұраныстарын ескереміз. Түлектердің мамандықтары бойынша жұмыс тауып, өздерін кәсібінде көрсете алуы маңызды, – дейді оқу орны директорының орынбасары Алена Сергеева.
Кәсіби маман қалыптастыруда теориялық біліммен қатар, тәжірибелік дағдылардың да маңызы зор. Осыны ескерген колледжде студенттердің практикалық дайындығына айрықша мән беріледі. Білім алушылар алған білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдап, кәсіби шеберліктерін түрлі байқаулар мен жарыстарда сынап көреді.
Атап айтқанда, кейінгі үш жылдан бері колледж студенттері WorldSkills республикалық кәсіби шеберлік чемпионатына қатысып келеді. Бұл дода жас мамандардың біліктілігін арттырып, өзге оқу орындарының білім алушыларымен тәжірибе алмасуына жол ашады. Мәселен, 2025 жылы колледж студенттерінің бірі республикалық чемпионатта төртінші орын алып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Мұндай жетістіктер оқу орнында кәсіби даярлық деңгейін арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Алдағы уақытта колледждің білім беру бағыттарын одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Әсіресе, аудан экономикасының маңызды салаларының бірі – ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлауға басымдық берілмек. Қазіргі уақытта оқу орнында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жаңа бағытқа алғашқы студенттерді 2027 жылы қабылдау көзделген.
Бұл бастама ауданның агроөнеркәсіптік кешеніндегі кадр тапшылығын азайтуға ықпал етпек. Себебі ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі заманауи техниканы меңгерген, оны күтіп-баптап, жөндей алатын білікті мамандарға тікелей байланысты. Жаңа мамандықтың ашылуы жергілікті кәсіпорындарды қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл жастарының туған жерінен жыраққа кетпей-ақ, сұранысқа ие кәсіпті меңгеруіне жағдай жасайды.
Жалпы, Осакаров ауданындағы колледж-мектеп-интернаттың жұмыс бағыты кәсіптік білім беруді өңірдің нақты экономикалық қажеттіліктерімен ұштастыруға негізделген. Автокөлік, қоғамдық тамақтану, есеп және аудит салаларындағы мамандықтармен қатар, ауыл шаруашылығын механикаландыру бағытының ашылуы да осы мақсатқа қызмет етеді.
Еңбек нарығындағы сұранысты ескеріп, білім беру бағдарламаларын үнемі жаңартып отыру – жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуының маңызды алғышарты. Ал сапалы білім мен тәжірибеге негізделген кәсіби даярлық аудан экономикасының дамуына қажетті адами капиталды қалыптастыруға жол ашады.
Манас АҚСАРЫ
