Тұңғышбай Өміртайұлымен осыдан бес жыл бұрын (2021 жылы) «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» фестивалінде әділ қазы алқасының мүшесі болып, Қарағанды облысына қарасты аудан-ауылдарды аралаған кезде танысқан едім. Әсіресе Ақтоғай ауданына барған кезде Тұңғышбай атамыз қасиетті Ақтоғайдың әр тасын, әр тауын әсерлі әңгімелеп бір жағынан жол қысқарса, екіншіден қаншама құнды мәліметтерге қанық болған едік.
Ақтоғай – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтай Алаштың үш арысын өмірге әкелген құтты мекен. ХХ ғасырда осынау қасиетті топырақта тағы да бір тарихи тұлға дүниеге келді. Ол Тұңғышбай Өміртайұлы Мұқанов. Құт дарыған даланың кең төсінде өскен өрен Алаш ардақтыларының ізін басып, ұлылардың ұлы істерін дәріптеп келеді. «Әлихан шырақшысы», «Дала академигі» атанған Тұқаңның ел тарихы, жер тарихы туралы білмейтіні жоқ. Тарихтың тас сандығын ашып, туған жерінің тау тасына тіл бітірді. Бүгін міне сексеннің сеңгіріне шығып еліне ардақты абыз ақсақал болып отыр. Біз Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде Тұңғышбай Өміртайұлымен тағылымды да танымдық кездесу өткіздік. Кездесуге Е.А.Бөкетов атындағы ұлттық-зерттеу университетінің Педагогика факультеті, Көркемөнер және дизайн мамандығын алып жатқан з курс студенттері қатысты «Ұлтын ардақтаған ұлт жанды тұлға» атты шығармашылық, еске алу шарасының мақсаты Қазақстанның Халық суретшісі, белгілі кино суретшісі, график, кескіндемеші Сахи Романовтың туғанына 100 жыл толуына орай, суретшінің көзін көрген тарихи тұлғаның Сахидай біртуар суретші жайлы өз аузынан есту болатын.
Студенттер абыз ақсақалға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, сұрақтарына жауап алып өте тамаша тағылымды, мазмұнды шара өтті.
Әрі қазақ бейнелеу өнерінің кино өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан суретшінің шығармашылығын кеңінен насихаттап, оның өнеріндегі қайталанбас қолтаңбасын өскелең ұрпаққа таныстыру.
Сахи Романовтың шығармалары — бір дәуірдің көркем шежіресі ғана емес, қазақ өнерінің биік белестерін айшықтайтын рухани мұра. Оның шығармалары арқылы тарих пен өнер, кино мен кескіндеме, ұлттық болмыс пен адам тағдыры өзара үндестік табады.
Тұңғышбай ата Сахи Романовтың тауқыметті тағдырын өте әсерлі әңгімелеп, оның туған елден жырақта өсіп қалай жетімдер үйіне тап болғанын, жалғыз апасы Марияшпен қалай кездескенін, сонау 80-ші 90-шы жылдары Сахи Романовпен Алматы қаласында суретшінің шеберханасында кездесудің қалай өткенін өте әсерлі, мәнерлеп айтып бергенде оқушылар ұйып тыңдап, Интернет пен барлық кітаптарда туған жері Қызылорда облысы, Қазалы ауданы деп жазылып жүрген Сахи Романовтың туған жері өзіміздің қасиетті Ақтоғай екенін білгенде әрине таңданғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Ресми құжаттағы есімі- Александр Иванович Романов
Балалар үйінде Александр – Саша атанғанымен, оның жан-дүниесі, пайымы, өмірге көзқарасы қазақи еді.
Мақсатымыз – жершілдік, жікшілдікке бөліну емес, ұлтқа ортақ ұл – Сырдың Сахиы мен ақтоғайлық Александрдың бір адам екендігін ұғындыру еді.
Сахи Романов Қызылорда облысының құрметті азаматы атағын да, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы атағын да алған ерекше суретші. Сондықтан Сахи Ұлтын ұлықтаған қазақтың ұлттық суретшісі.
Сахидың сурет және графикалық туындылары Кеңестік Қазақстан өнерін республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерде лайықты түрде таныстырды. Шығармашылық мұрасы өте бай және сан қырлы.
Шебердің қолынан шыққан әр туындысы – бір тарих. Оның еңбектеріндегі еркіндік, дала мотивтері кім-кімді де тәнті етеді. Қылқаламынан туған әр туындыдан өмірдің лүпілі сезіледі. Жалынды эмоция, қозғалысқа толы серпін және қанық бояулар үндестігі ерекше көзге түседі. Сахи Романов қазақ даласының кеңдігін, көшпенділер дүниетанымының тереңдігін, ұлттық рухтың асқақтығын заманауи еуропалық бейнелеу өнерінің көркемдік тәсілдерімен шебер ұштастыра білген жан. Сондықтан да оның еңбектері көрерменге тек көркем образ ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын сезіндіреді.
Біз бұл кеште алға қоған мақсатымызға жеттік деп толық айта аламын біріншіден Сахидай ұлт суретшісінің тағдырын өз көзімен көрген аңыз адамның аузынан естісек, екіншіден Тұңғышбайдай абыз ақсақалмен кездесіп өскелең ұрпаққа біздің сүйікті қаламызда осындай тарихи тұлғаның бар екенін көріп, біліп сұрақтар қойып көкейлерінде жүрген сан сауалға жауап алып тағылымды да танымдық әсерлі шараның өткендігі үлкен мәртебе деп ойлаймыз.
Тұңғышбай Өміртайұлы Мұқанов үшін биылғы жыл жемісті де есте қаларлық маңызды жыл болды, абыз ақсақалға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының құрметті азаматы деген құрметті атақтар берілді, осы алған атақтарыңызбен құттықтаймыз. Әрі сексеннің сеңгіріне шығып отырсыз, мерейлі жасыңыз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз, көңіліңіз шат, өміріңіз ұзақ болсын.
Еліңіз үшін, ұрпағыңыз үшін жасап жатқан осындай баға жетпес еңбектеріңіздің ақталып жатқанына біз өте қуаныштымыз.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,
Мәдениет саласының үздігі
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
басшысының орынбасары
