Ғылым мен өндірісті тоғыстырған тұлға

Қарағандыда отандық ғылым мен жоғары білімнің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, химия ғылымдарының докторы, профессор Арстан Мәуленұлы Ғазалиевтің 75 жылдық мерейтойы аталып өтті.

6 қараша күні Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде осы айтулы датаға арналған Ғылыми кеңестің салтанатты отырысы ұйымдастырылды. «Ғалым, ұстаз, жасампаз жолы» атты жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, белгілі ғалымдар, әріптестері, шәкірттері және мерейтой иесінің отбасы мүшелері қатысты.

Мерейтойлық басқосу Арстан Ғазалиевтің ғылымдағы жетістіктерін ғана емес, оның жоғары техникалық білім беруді дамытуға, ғылыми кадрлар даярлауға және университеттің өндірістік кәсіпорындармен байланысын нығайтуға бағытталған көпжылдық еңбегін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.

Арстан Ғазалиевтің кәсіби жолы химия ғылымымен тығыз байланысты. Оның зерттеулері органикалық синтез, табиғи қосылыстар химиясы, фармакология және кванттық химия салаларын қамтиды. Ғалым биологиялық белсенділігі жоғары жаңа заттарды алу және олардың қасиеттерін зерттеу бағытында маңызды нәтижелерге қол жеткізді.

Оның ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерінің саны 950-ден асады. Академиктің жетекшілігімен 13 ғылым докторы мен 46 ғылым кандидаты даярланған. Бұл көрсеткіштер оның ғылыми зерттеулермен қатар, жаңа буын ғалымдарды тәрбиелеуге де айрықша көңіл бөлгенін көрсетеді.

2003 жылы Арстан Ғазалиевтің ғылым саласындағы еңбегі Қазақстан Республикасының білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығымен бағаланды. Ол «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. 2020 жылы ғалымға Қарағанды қаласының құрметті азаматы атағы берілді.

Арстан Мәуленұлының еңбек жолындағы маңызды кезеңдердің бірі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін басқарған жылдар болды. Ол 2008 жылғы ақпаннан 2016 жылғы желтоқсанға дейін оқу орнының ректоры қызметін атқарды.

Осы кезеңде университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға, білім беру сапасын жетілдіруге және өндіріс орындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жобалар жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, 80-нен астам кәсіпорынды біріктірген «Корпоративтік университет» моделі дамытылды. 2014 жылға қарай өндіріс орындарында кафедралардың 57 филиалы жұмыс істеді. Дуалды білім беру аясында бес даярлау орталығы құрылып, студенттердің теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыруына жағдай жасалды.

Ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру де басым бағыттардың бірі болды. Университетте инновациялық ғылыми-техникалық кешен қалыптастырылып, зертханалар мен ғылыми орталықтардың жұмысы кеңейтілді.

2013 жылы «Минералдық шикізат ресурстарын кешенді игеру» инженерлік бейіндегі сынақ зертханасының жобасы Халықаралық қайта құру және даму банкінің 2 миллион АҚШ доллары көлеміндегі грантына ие болды. Бұл қаражат Халықаралық материалтану орталығын құруға бағытталды.

Ал 2010 жылы құрылған Қазақстандық дәнекерлеу институты өндіріс саласына қажетті мамандарды даярлау және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы маңызды бастамалардың біріне айналды.

Арстан Ғазалиевтің басшылығы кезінде халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп, университет TEMPUS, Erasmus Mundus және басқа да халықаралық бағдарламаларға қатысты. Бұл ғылыми тәжірибе алмасуға, жаңа білім беру тәсілдерін енгізуге және шетелдік әріптестермен байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.

Мерейтойлық отырысты Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Сауле Саветовна Сагинтаева ашты. Ол Арстан Мәуленұлының ғылыми және педагогикалық қызметіне тоқталып, университеттің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Жиында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Руслан Айтыкенұлы Кенжебеков, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Әділет» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Қомарұлы Алтынбеков, ҚР Үкіметі Аппаратының Әлеуметтік даму бөлімі басшысының орынбасары Асқар Тұрарұлы Шериязданов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайхан құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Сыртқы істер министрі, профессор Төлеутай Сқақұлы Сүлейменов те мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізді.

Сонымен қатар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Пажарбекұлы Сапарходжаев пен академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректор міндетін атқарушы Еркеблан Мұратұлы Тәжбаев академикке құрмет білдірді.

Ғылыми қауымдастық атынан ҚР ҰҒА академигі, профессор Бораш Төлеуов сөз сөйледі. Мәскеудегі Компьютерлік ғылымдар академиясының президенті Михаил Карпенко мен вице-президенті Ольга Карпенко бейнеқұттықтау жолдады.

Мерейтой иесінің атына еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-білім беру ұйымдарының басшыларынан көптеген құттықтау хаттары келіп түсті. Оларда академиктің ғылыми жетістіктері, ұстаздық қызметі және ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі атап өтілді.

Салтанатты жиында Арстан Ғазалиевтің өмір жолына арналған бейнеролик көрсетіліп, «ҚР ҰҒА академигі А.М. Ғазалиевтің өмір жолы» кітабының қайта өңделген және толықтырылған басылымы таныстырылды.

Мерейтойлық бағдарламаға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерлан Көкеев қатысты. Ғазалиевтер отбасы атынан мерейтой иесінің ұлы, Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев жиналған қауымға алғысын білдірді.

Мерейтойлық бағдарлама аясында «Ғылым, білім және инновациялық технологиялар: даму дәстүрлері мен перспективалары» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланды. Онда ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелерді, инновациялық технологияларды дамыту бағыттарын және ғылыми зерттеулердің келешегін талқылау көзделді.

Арстан Ғазалиевтің ғылыми және педагогикалық қызметі – табанды ізденіс пен жүйелі еңбектің нәтижесі. Оның жетекшілігімен қалыптасқан ғылыми мектеп, даярланған зерттеушілер және университетті дамытуға бағытталған бастамалар отандық ғылым мен жоғары білім тарихында маңызды орын алады.

Қарағандыда өткен мерейтойлық жиын ғалымның көпжылдық еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, ғылымдағы ұрпақтар сабақтастығының маңызын айқындаған тағылымды басқосу болды.

Академик Арстан Ғазалиевтің ғылыми мұрасы мен ұстаздық тәжірибесі жас ғалымдар мен болашақ инженерлер үшін үлгі болып, отандық ғылымның дамуына қызмет ете бермек.

Ерболат ҚОНЫСБЕК