ӨНДІРІСТІК ӨНІМ КӨЛЕМІ ӨСТІ

Жыл басынан бері еліміздегі өнеркәсіп өндірісі айтарлықтай даму қарқынын көрсетті. Мәселен, бес ай ішінде металлургия өнімінің өндірісі 54,2 пайызға артты. Яғни ферроқорытпалар, өңделмеген алюминий және қорғасын, сондай-ақ тазартылған мыс өндірісінің ұлғаюымен өндіріс те алға басты. Әрине елдегі ірі металлургия ошағы ретінде Қарағанды облысының бұл статистикаға қосқан үлесі қомақты екені даусыз.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биылғы жылдың қаңтар-маусым аралығындааймақтың  әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсімге қол жеткізілді. Нақты айтсақ, экономиканың өсуі 12,5 пайызды құрады. Мұнда барлық негізгі  көрсеткіштер – инвестиция тарту, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауыз толтырып айтарлықтай өсім тіркелді.

Биыл өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,8 трлн теңгеге жетті. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға өсті. Әсіресе өңдеу өнеркәсібінде тұрақты даму қамтамасыз етілді.

Жалпы, былтыр облыс өндірістік өнім көлемін өндіруде республикада алдыңғы орынға шықты. Жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша облыс республика бойынша 4-ші орын алады. 2023 жылдың 9 айында 5 119,6 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Бұл – республикалық көлемнің 6,8 пайызы. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 2022 жылғы кезеңмен салыстырғанда 9 айда 7,6 пайыз өсіммен 4,5 млн теңгені құрады.

Былтыр экономиканы дамытудың негізгі факторлары өңдеу өнеркәсібі салаларындағы белсенділіктің арқасында қамтамасыз етілді. Салалар бөлінісіне келсек, машина жасауда – 42,6 пайызға, жеңіл өнеркәсіпте – 23,6 пайызға, қағаз және қағаз өнімдерін өндіруде – 11,8 пайызға, фармацевтикада – 9,3 пайызға, құрылыс индустриясында – 7,8 пайызға, қара металлургияда 2,1 пайызға өсу қамтамасыз етілді. Құрылыста өсім 38,6 пайызға жетті. Шамамен 423 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жыл қорытындысы бойынша көлік қызметтерінің көлемі 10,6 пайызға, сауда – 7,8 пайызға өсті. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6,6 пайызға артып, 99,2 мың бірлікке жетті. Жергілікті бюджетке кірістер жоспарланғаннан 5,1 пайызға көп түсті. Яғни облыс қазынасы 293,6 млрд теңгеге толықты.

Аймаққа тартылған инвестиция көлемі ұлғайып келеді. Жарты жылда экономикаға 358,5 млрд теңге қаржы құйылды. Бұл 2023 жылдың қаңтар-маусымымен салыстырғанда 6,3 пайызға артық.

Ал былтыр бблыстың негізгі капиталына 2022 жылғы деңгейге қарағанда 12,2 пайыз өсіммен 854 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Мұндай өсудің ынталандырушы факторы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру болды. Өнеркәсіп, көлік және қоймалау, сондай-ақ, жылжымайтын мүлікпен операциялар, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы инвестициялар үшін тартымды болып қала береді. Инвестициялардың айтарлықтай өсуі тіркелді. Көлікте және қоймада – 3,2 есе, ақпарат пен байланыста – 2,6 есе, білім беруде – 2,4 есе, саудада 1,6 есе байқалады.

Тартылған инвестицияның басым бөлігін жеке инвесторлар құйды. Қазір инвесторлар тартуға жан-жақты жағдай жасалып отыр. Мәселен, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базасында инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Мамандар құрылысқа қажет барлық рұқсаттарды алуға, визалық қолдау көрсетуге, сондай-ақ, инвестициялық келісімшарт жасасуды дайындауға көмек көрсетеді. Былтыр әлеуетті инвесторлармен 28 кездесу өткізіліп, оның қорытындысы бойынша 3 инвестор жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Ал 4 жоба бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Шетелдік интернет-ресурстар мен іс-шараларда Қарағанды ​​облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Сондай-ақ, ақпараттандыру бас­қар­масымен бірлесіп, инвесторлардың сұрақтарына жылдам жауап беру мақсатында телеграмм-бот құрылды. Инвес­торлар үшін нұсқаулық пен Қарағанды ​​облысының барлық өнімдерінің каталогын жасау жұмыстары қолға алынды. Осылайша облыста инвесторлар үшін маңызды болып табылатын қолайлы бизнес-климат орнады.

Бұл халықты жұмыспен қамтуға да оң әсерін тигізіп отыр. Биыл облыстағы индустрияландырудың бірыңғай картасы шеңберінде құны 181,5 млрд теңге болатын үш ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Соның арқасында екі мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрылады. Бұларды нақты атап өтсек, ферросиликоалюминий мен металл бұйымдарын өндіретін екі жаңа зауыт пен қайталама мыс кендерін үймелі шаймалау технологиясы бойынша жұмыс істейтін тау-кен өңдеу кешені биыл жұмысын бастауға тиіс.

Жалпы, былтыр отандық металлургия­лық кәсіпорындары болат өндірісін ұлғайтты. Яғни 2022 жылмен салыстырғанда 16,4 пайызға өсім тіркелді. Қосымша 3,92 млн тонна болат өндірілді. Қазақстан титан, уран, ферроқорытпа және басқа да түсті металдар өндірісі бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі екенін анық. Өнімнің негізгі бөлігі экспортқа жөнелтіледі. Бұлардың қатарында Қытай, Ресей мен Еуропалық Одақ елдері бар. Ал осы негізгі өндіріс ошақтары Қарағанды облысында орналасқаны белгілі. Облыстағы металлургиялық зауыттарда мыңдаған адам еңбек етеді. Сондықтан өндірісте экологиялық қауіпсіздік пен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды болып саналады. «Қармет» кәсіпорнында кейінгі жылдары технологиялық жаңғырту мен экологиялық технологияларға қомақты инвестиция салып отыр. бағытталған қаржы көлемінде өсім бар. Мәселен, компания басшылығы өндіріс ошақтарын модернизациялауға және қоршаған ортаны қорғау шараларына 3 миллиард доллар шамасында инвестиция салады. Электр пешін орнату жоспары бар. Соның арқасында атмосфераға тарайтын көмірқышқыл газы азайып, өндірістік процеске жұмсалатын энергияны үнемдеуге мүмкіндік туады.

Манас АҚСАРЫ.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *