ТЕМІР ЖОЛДА БАҒЫ ЖАНҒАН

Темір жол көлігінің ірі өнеркәсіп орындарының ашылуына, әсіресе кен қазып, металл өңдеудің дамуына байланысты пайда болғанын тарихтан бәріміз жақсы білеміз. Бүгінгі таңда темір жол көлігі – көлік кешенінің жетекші саласы, жолаушылар мен жүктерді алыс қашықтыққа тасымалдайтын басты қатынас құралы. Сондықтан еліміздің ішкі құрлықтық орналасуы жағдайында темір жол көлігі елдің көлік кешенінің құрамында аса маңызды рөл атқарады.

Ал енді теміржол трассасын қалыпты жағдайда ұстауды жол дистанциялары жүзеге асырады. Еліміздің Көлік қызметкерлері мерекесінің алдында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы Акционерлік қоғамына қарасты Ақадыр жол дистанциясының (ПЧ-26) директоры Тастимов Асхат Ақанұлымен арнайы сөйлескен болатынмын. Басқарып отырған мекемесінің жұмысы жайлы айта келе, дистанция құрамында қажырлы еңбегімен көзге түсіп, ұжымның мақтанышына айналған мамандар туралы сұрағыма:

— Теміржол еліміздегі көлік құрылымының маңызды буыны. Саламыз

экономиканың қозғаушы күші ретінде жыл сайын дамып келе жатыр, үнемі оң өзгерістер мен жаңа мазмұндағы жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Біздің дистанцияның құзырына бір жағы Ақадыр станциясынан Қарағанөзек (бұрынғы Большая Михайловка) станциясына дейін, екінші жағы Мойынты станциясына дейінгі аралықтағы табан жол кіреді. Көп жылдардан бері жемісті еңбек етіп, мекемеміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген мамандарымыз аз емес. Солардың бірі 40 жылдан астам еңбек өтілі бар, Киік станциясындағы 7-ші учаскесіндегі 28 околотканың жол бригадирі Төребеков Тұмабай Нұртайұлын атап өтер едім. Ол кісі біздің мақтанышымыз, үлгі алар еңбек озатымыз, жастардың ұстазы, — деп жауабын берді.

Тұмабай Нұртайұлы 1965 жылы Киік ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұртай Төребекұлы бүкіл саналы өмірін ауыл шаруашылық саласына арнаған. Кеңес заманындағы «Босаға» кеңшарының (совхозының) белді механизаторы, автокөлік жүргізушісі болған. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін дін жолына түсіп, 16 жыл бойы Киік ауылы мешітінің имамы міндетін атқарған.

Анасы Дәметкен Рысқұлқызы 9 бала көтерген «Күміс алқа» иегері. Өкінішке орай, оныншы құрсағын туарда небәрі 41 жасында кенеттен қайтыс болады.

Бала Тұмабай мектеп қабырғасында жүргенде дәрігер болсам деп армандайды екен. Өйткені, сол кездерде аталас ағайыны Мұсахметов Тілеуқұл Мұсахметұлы Ақадыр аудандық ауруханасының білікті дәрігері болып, емшілігімен ел аузында жүрген. Сол ағасына ұқсап медицина маманы болуды мақсат еткен.

Алайда, мектеп бітірген жылы не оқуға бару, не бірге туған бауырларына көмек беру мәселелері тұрады. Отбасында ортаншы бала, алдында апа – ағалары, соңында іні – қарындастары бар. Еріксізден оқуды қоя тұрып, жұмысқа тұрып, отбасына аз да болса көмек беруге бекінеді.

Сонымен жалындаған жас, мектеп қабырғасынан енді ғана шыққан Тұмабай алғашқы еңбек жолын 1982 жылы теміржол саласының жол монтері мамандығынан бастайды.

1983 – 1985 жылы Украинаның Днепропетровск қаласында әскери борышын өтейді. Алты айлық сержанттар мектебінде оқып, взвод командирінің көмекшісі болады. Әскери және саяси дайындықтарының үздігі қатарында жүріп, «Кеңес Армиясының озаты» (Отличник Советской Армии) медалімен марапатталады.

Әскерден қайтқан соң, туған ауылына келіп бұрынғы жұмысына кіріседі. Жол монтерінің басты міндеті зілдей ауыр сом балға мен бұрғыштарды көтеріп, жалғанған рельстердің беріктігін тексеру. Рельс бойынан белгіленген арақашықтық сайын екі жағынан қойылған түйіспе болттарды қатайту. Осылайша қыс мезгілінің қақаған аязында, жазда күннің аптап ыстығында, күзгі желдің өтінде бір күнде бірнеше шақырымды игеруің керек. Әр маман өз қызметін үнсіз жасап жүреді. Сөйлесуге, әңгіме айтуға ешкімнің де уақыты болмайды.

Темір жол десе көз алдымызға электровоздар мен вагондар, цистерналар келеді. Көбіміз онымен тек жолаушы ретінде ғана таныспыз. Ал енді, жол жамап жүрген жолшылар жұмысының ауырлығы мен азабын кім біліпті?

Осындай қиындығы мол, жауапкершілігі үлкен жұмысты атқара жүріп Тұмабай жігіт жылдан – жылға тәжірибе жинап, әжептәуір маман болып алады. Енді ақыл – кеңестерін кейіннен жұмысқа келіп жатқан жастарға айтатын дәрежеге де жетеді. Ең бастысы өзінен жоғары басшылардың көзіне түсе бастайды. Қандай сала болсын, мекеме болсын жұмысына берілген, ісіне тиянақты адамдар ұжым арасында беделге тез ие болатыны анық.

Көшбасшылық қасиетін байқаған дистанция басшылары Тұмабай Нұртайұлын 2008 жылы жол шебері лауазымына тағайындайды. Осы қызметті ол 13 жыл бойы атқарады. 2021 жылы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясында оңтайландыру шаралары жүзеге асырылып жол шеберлері бірліктері қысқартылады. Сол себептен ол қайта жол бригадирі қызметіне ауысып, күні бүгінге дейін сол міндетін атқарып келеді.

Әрбір мамандықтың қиындығы да, қызықты тұстары да болатыны бәрімізге мәлім. Тұмабай Нұртайұлынан еңбек жылдарындағы есте қалған осындай кезеңдерін айтуын сұрағанымда:

— Темір жолдың жұмысы тәулік бойы жүреді. Ауа – райының

қолайсыздығына қарамай, күн демей — түн демей, демалыс — мереке күндеріне қарамай тыным таппай жұмыста жүресің. Өйткені осы жолмен өтіп жатқан жолаушылар мен жүкті тасымалдайтын пойыздар тоқтамау керек.

Ұмытпасам, 2009 жылы қыс мезгілінде қалың қар жауып, соңы алай – дүлей боранға айналып станция басындағы рельстерді қар алды. Пойыздар не анда, не мұнда өте алмай тұрды да қалды. Ақадырдан қар тазалайтын техниканы шақыртуға болады, бірақ ол келгенше біраз уақыт өтіп, составтардың бәрі үймелеп қалатыны сөзсіз. Отызға жуық адамды жинап, қолдарына бір – бір күректен беріп, түнгі 11 – ден таңғы 3 – ке дейін жанталаса рельс, шпалдарды қардан тазалап тастадық. Сол шұғыл қабылдаған әрекетіміздің арқасында пойыздардың кептелісін тоқтатқанымыз бар.

Тағы бірде, 2014 жылдың наурыз айында менің бригадамдағы пойыз жолшысы (обходчик) Қалықов Жанбота Ақадыр жақтан келе жатқан жүк поезының доңғалақтарының бүйір қабырғасы сынып, салдырлап, рельстер арасындағы тастарды ұшырып, шпалдарға ұрынып келе жатқанын байқап қалады. Жол жұмыскері дереу дистанцияның диспетчеріне хабарласып, апатты жағдайды баяндайды. Содан қатты жылдамдықпен өтіп бара жатқан пойыз тоқтатылып, ақауы жөнделеді. Енді кішкене уақыттан соң вагондар рельстен шығып кетіп, үлкен келеңсіз жағдайға ұрындырар еді. Сол жолы Жанболат жұмыскерімнің апатты жағдайдың алдын алғаны және көрсеткен қырағылығы ескеріліп оған «ҚТЖ» компаниясының «Адал еңбегі үшін» медалі табысталды, ақшалай сыйлығы берілді, – деп жұмыс бабында болған оқиғаларымен бөлісті.

Темір жол саласында кадрларды даярлау және олардың біліктілігін жетілдіру мәселелеріне қатты көңіл бөлініп, арнайы оқу – курстарына жіберіліп отыратыны белгілі. Бұл бағытта Тұмабай Нұртайұлы 2005 жылы Қарағанды – Сұрыптау станциясындағы Қарағанды темір жол бөлімшесінің, 2009, 2011, 2019 жылдары Астана қаласындағы «ҚТЖ» компаниясы ұйымдастырған курстарынан өтіп, сынақтарын тапсырып, үздік бағамен бітіріп отырған. Курстарда алған білімін күнделікті жұмысында пайдалана білген.

Темір жолда еңбек еткен ондаған жылдар ішінде бірталай шәкірттерін де дайындады. Атап айтсақ, қол астындағы бригадада жұмыс жасаған Баймолдин Аманкелді қазіргі кезде Ақадыр жол дистанциясының аппаратында инженер – технолог, Адамбеков Нұркелді өзі тәрізді жол бригадирі, ал Шукеев Айдын деген азамат 6 – разрядты жол монтері дәрежесіне ие болған білікті маман.

Төребеков Тұмабайдың еңбегі әрдайым еленіп келеді. «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның «Үздік жол бригадирі» номинациясын жеңіп алған және бірнеше рет Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар, Қарағанды тасымалдау жол бөлімшесінің, Қарағанды магистральдық темір жол желілері мекемесінің, Ақадыр жол дистанциясының басшылығының, кәсіподақ ұйымдарының түрлі мақтау қағаздарына, грамоталарына, ақшалай және бағалы сыйлақтарына ие болған.

Тұмекең ауылдың қоғамдық – саяси жұмыстарына белсене араласады. Ауыл әкімдігі жанындағы Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері кеңесінің мүшесі, елді мекеннің шешімін таппай жүрген мәселелерін көтеріп, өзінің тың ұсыныстарын, ой – пікірлерін білдіріп отырады. Киік ауылының 90 жылдық мерейтойында мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының мүшесі ретінде біршама жұмыстар атқарды. Бір жылдары мектеп жанындағы қамқоршылық кеңестің мүшесі де болды.

Өмірлік жұбайы Ботакөз Маратқызымен 1991 жылы отау құрып, екеуі бірге төрт бала тәрбиелеп өсірді. Тұңғыштары Бақдәулет мектеп бітірген соң әкесінің жолын қуып, бригадасында жол монтері жұмысын атқарады. Үйленген, 4 баласы бар. Қызы Ақнұр болса, Қарағанды қаласының педагогикалық институтын бітірген. Мамандығы қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімі. Қарқаралы қаласына тұрмысқа шыққан, 4 баласы бар.

Ал енді әкесінің орындай алмаған арманын ұлы Ерсін іске асырады деген зор үміт бар. Ол қазіргі уақытта Астана қаласындағы медициналық университеттің ІV-курс студенті. Отбасының сүт кенжесі Әсет – мектеп оқушысы.

Тұмабай Нұртайұлы жұмыстан бос уақыттарында мал шаруашылығымен айналысады. Бала – шағасымен бірге жылқы, сиыр малын өсіріп отыр. Олардан шығатын өнімдер дастархандарының көркі, дәмді тағамдары.

Жас кезінен кітап оқуға құмар. Әсіресе тарихи шығармаларды оқуды жаны ұнатады. Бір оқығандарын жылдар салып қайталап оқуға әуестенген. Соңғы рет Ильяс Есенберлиннің «Қаһар» романын тағы бір мәрте оқып шыққан.

Еңбек адамы – ел мақтанышы. Өзінің кәсібін сүйіп, ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең бірінші асыл қасиеті. Жақсы қасиетті бойында ұстаған Төребеков Тұмабай Нұртайұлының бағы темір жолда жанған. Алдағы уақытта да оның жұлдызы жоғарыда болады деп нық сеніммен айтуға болады.

Жалпы алғанда темір жол – қиын әрі құрметті саланың бірі. Бар өмірін темір жолдың бойында қызмет етумен өткізіп жүрген теміржолшыларға мың алғысымызды білдіре отырып, алдағы келе жатқан төл мерекелерімен құттықтайық. Қызметтерін жүзеге асырып жүрген маман иелерінің еңбегін бағалап, құрметпен қарауымыз қажет.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті – Киік ауылы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *