«АБАЙ АТА»

Қазақта «Әке — асқар тау, ана — бауырындағы бұлақ, ал бала — жағасында жайқалып өскен құрақ» деген өте тамаша даналық сөз бар. Шығыс поэзиясының аса көрнекті өкілі Әлішер Науаи әкені — күнге, ананы ай мен жұлдызға теңеген.

«Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзінен бастауы тиіс».  Адам ғұмыры мен қоғам ғұмырына пайдалы, акылға сыйымды әрекеттердің бірі — ізгілік. Жалпы адамның денсаулығы оның ерік-күшін, сенімін,  жігерін рухани салмақтатып отырады. «Тіршіліктің  қаны – мейірім» деген өте жүрекке жылы тиетін асыл сөз бар.

Отбасы – адам  баласының алтын діңгегі, жылы ұясы. Отбасындағы әкенің айбыны бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Ата мен ана өз баласын біреуге тәуелді болмауға, тәртіпті, үлгілі мақсатты түрде жан-жақты шыныққан тәрбиелі, мейірімді  азамат болуға тәрбиелейді. Данышпан Абай бабамыз «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген адамның өзі де есті болады» деген екен.

Бабаларымыздан  қалған   ұлттық  салт-дәстүрлерді аялап, сақтап жүрген мәуелі бәйтеректей  үлкен шаңырақ иесі – Орал ата Нүркетайұлы.  «Еңбек пен өнер егіз» демекші, әкесі Отанды қорғауға аттанып, қайтыс болады. Жастай жетімдікті көп көріп, шыңдалып өскен ауыл баласы қандай қиын жұмыстарды атқарса да, жауапкершілікпен, жанашырлықпен тындырымдылығымен ерекшеленеді.

Жасөспірім жігіт кезінен спорт пен өнерге  жақын болады.  Қай жерде болмасын ерекше дауысымен көркемөнерпаздар үйірмелерінің белсенді мүшесі болды. Талай жарыстарға түсіп бақ сынасты. Тарих пен әдебиет сабақтарын жақсы көріп, кітаптардағы жағымды кейіпкерлерге ұқсағысы келіп көп оқыды, ізденді. «Восток» совхозы мен  Қарқаралы ауданында өтетін көркемөнерпаздардың белсенді әншісі болып, талай өнер жарыстарында бәйгенің алдында болып, мәртебесі артты. Бос уақытында домбырасымен құбылтып шырқайтын әуезді жоғары дауысты әндері, көрермендердің құлақ құрышын қандырып, тамаша көңіл күй сыйлап жүрді. Ауыл баласы аудан мен облыс арасында жүк таситын үлкен машинаны меңгеріп, еңбек жолын жалғастырды.

1958 жылдары Қазақстан «Миллиард пұт астық алып» еліміз Ленин орденімен марапатталды. Әр облыстың өнерпаздарынан 400 адам қатысқан Алматыдағы онкүндік өнер фестиваліне қатысып тамаша өнер көрсетеді.  Мәскеу қаласында өтетін Қазақстан  республикасының Мәдениет пен өнерінің онкүндігі, әрбір төрт жылда бір рет болып өтетін фестиваліне шақыртумен барып, жүлделі оралады. Бұл уақытта Орал аға  Рымтай Ыбырайқызымен отау тігіп, шаңырақ көтерген. Рымтай апамыз совхозда бухгалтер болып қызмет атқарды. Әкесі Ыбырай Тоққожин жылқышы болған. Ұлы Отан соғысы кезінде Будденый мен Ворошилов басқарған атты әскер колбасшыларына ат дайындап, жаратып жіберіп отырған. Өзі бас болып ауылдың адамдарын ұйымдастырып, алысқа жүретін, шыдамды, мықты жүйрік аттарды таңдап баптаған. «Отан үшін, Жеңіс үшін» деген ұранмен жан аямай, маңдай терін төккен. Социалистік Еңбек Ері  атаған алған, жанкешті еңбекқор адам болған.

1976 жылы Францияға Қарағанды облысы бойынша Қарқаралы ауданының   өнерпаздарынан құрылған «Салтанат» ән-би ансамбілі ерекше деп аталып, фестивалге қатысуға жолдама алады. Орал Нүркетайұлының бет пішіні, ірі денесі мен зор қоңыр дауысы комиссия басшыларына ұнап, ұлы Абай бейнесін жасауға ұсынады. Атақты, тәжірибелі режиссер Атығай Шанин зор сенім артып, ағамызбен бірге ұлы тұлға туралы көптеген кітаптардың беттерін қайта ашып, қызу дайындыққа кіріседі. Бұл жерде ағамыздың ұғымтал, сергек көңілі мен есте сақтау қабілетінің көп қырлары ашылады. Әнші Баймұқан Қалабаев, актер, әнші Шабал Бітебаев, әншілер Нұрғали Найманбаев, Жәнібек Жаманқұлов, Марғұлан Қалиев сияқты өнер шеберлерімен  бірге дайындыққа қатысты.  Ал, атақты дерижер Владимир Пилипенко, Орал Нүркетайұлының  зеректігіне, ұғымталдығына риза болады. Үлкен сахнада бірнеше дауыспен айтылатын хорда да өзін ұстау, жоғары, төмен дауысты  бұзбай әдемі айта білу,  өте шеберлікті қажет ететін өнер. «Салтанат» ән-би ансамбілінің ұлттық сәнді киімдері мен талантты жастардың өнерлері француздарды таң-тамаша қалдырады. Біздің жерлестеріміз бірнеше елден келген өнерпаздар арасынан оза шауып, өнер бәйгесінде лауреат атанып, туған елге қуанышпен оралады.

Тума талант, дарынды өнерпаз Орал Нүркетайұлы ғұлама ұлы Абай ролін тамаша орындаған. Домбыра тартысы мен дауыс ерекшелігі, кескін келбеті жарасқан, шымыр денелі ұлы Абай тіріліп келгендей шетелдік көрермендер таң-тамаша болып, сахнадан жібермей бірнеше ән айтқызып, қол шапалақтап, орындарынан тұрып қошамет көрсетеді. Осы жолы Орал Нүркетайұлының тамаша еңбегі бағаланып, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері»  атағымен марапатталады. Бүл күндері Орал атаны жерлестері «Абай ата» деп құрметтейді.  Сонымен бірге аудан әкімінің Алғыс хаты мен қоса, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқан, Жаңа қазақстанның қоғам құру ісінде жеке еңбек және  шығармашылық үлестері үшін Орал Нүркетайұлы Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы атағын да иеленді.

«Еңбек ардагері», үздік жүргізуші болып, 40 жылдық еңбек өтілі бар Орал аға талай жауапты жұмыстарды атқарса да Құдай берген талант, бойда бар әншілік өнер  қарап жатқызбады. Қарағанды қаласына көшіп келісімен «Көзкөргендер» ансамбілінің беделді де белсенді әншісі болды. Жұбайы Рымтай Ыбырайқызы І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы», «Батыр анна»  ордендерімен марапатталған, «Еңбек ардагері».  Бір-бірін қас қабағынан түсінетін құтты үлкен отбасы болды.  Алла берген балаларына жоғары білім беруіне күш салды.

 

Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *