Ел ырысын еселеген жобалар

Былтыр Қарағанды облысына тартылған инвестиция көлемі бір жарым есе артты. Тиісінше бірқатар ауқымды жобалар қанат қақты. Экономиканың нақты секторына 1,1 трлн теңге инвестиция құйылды. Соның арқасында 13 мың жұмыс орны құрылды.

Бүгінде облыста құны 1,3 трлн теңге болатын 55 инвестициялық жоба пулға енгізілді. Былтырғы жыл ішінде 13 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұлардың жалпы құны – 200 млрд теңгені құрап отыр. Жаңа кәсіпорындарда 2 мың адам жұмыспен қамтылды. Олардың ішінде үймелеу әдісімен катодты мыс өндіру, кремний қорытпалары зауыты, алғашқы отандық маркетплейс сынды ірі жобалар бар. Ал биыл 131 млрд теңгеге 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мұнда 2200 жұмыр орны ашылады.

Қазіргі уақытта облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында жұмыстар қолға алынды. Осы мақсатта металлургиялық және кремний кластерлерін құруға күш салынып отыр. Облыс өнеркәсіптік тұрғыда белсенді дамып келе жатыр. Әсіресе серіктес қалаларда белсенділік жоғары. Егер он бес жыл бұрын бұл қалаларда жағдай қиын болса, қазір Саран, Шахтинск қалалары күн санап жаңғырып келеді. Жаңа жобалардың арақасында жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін салық та көбейді.

Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған жобаларды кеңейтуге назар аударылуда. Жақында Silk Road Electronics компаниясы Samsung Electronics компаниясымен Қазақстанда теледидар шығару туралы келісімге қол қойды. Келісім аясында премиум санаттағы теледидарлармен қатар  Samsung теледидарларының өзекті желісі шығарылады. Жаңа желі Саран қаласындағы Silk Road Electronics кәсіпорнының базасында орналасады. Зауыт болашақта Қазақстанмен қатар, Орталық Азия елдерінің жоғары технологиялық өнімге өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандырады.

Samsung Electronics тұтынушылық электроника саласында көп жылдардан бері технологиялық көшбасшы болып келеді. Және компания әрдайым өз тұтынушыларына жақын болуға ұмтылады. Қазақстанда өндірістің іске қосылуы – біздің компания үшін маңызды. Бұл біздің өнімдеріміздің жергілікті нарық үшін қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Samsung Electronics Орталық Еуразия компаниясының Президенті Джонг Юджин.

Өндіріс ошағы өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Жоба Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Өндірістік желі биыл екінші тоқсанда ашылады. Яғни тұтынушылар күзге қарай алғаш рет Қазақстанда құрастырылған Samsung теледидарын сатып ала алады.

Сондай-ақ облыста өндіріс орындарының қуатын арттыру бойынша жоспар түзілген. Мәселен, 2023 жылы ашылған арнайы кокс шығаратын зауыт өткен жылды табыспен аяқтады. Кәсіпорын жобалық қуатын орындап, 478 мың тонна өнім өндірді. «Шұбаркөл Көмір» АҚ Корпоративтік коммуникациялар қызметінің ақпараты бойынша зауытта шығарылатын арнайы кокс импортқа тәуелділікті едәуір төмендетуге және ERG өндіретін отандық феррохромдағы қазақстандық қамту үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның жобалық қуатына шығуы – Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көміртегі ресурстарын қайта өңдеу саласындағы ауыз толтырып айтарлықтай жетістік болып отыр.

Аталған зауытты ашуға 60 млрд теңге инвестиция құйылды. Қазіргі уақытта зауытта 180-нен астам адам жұмыс істейді.

Кәсіпорында көмір химиясына негізделген инновациялық механизмдерді енгізу жұмыстары қарқынмен жалғасып жатыр. Қазір кәсіпорында арнайы кокс, белсендірілген көмір, көмір шайыры мен май, сұйық гумин тыңайтқыштары өндіріледі.

Бұдан бөлек былтыр ауыл шаруашылығ саласында ауқымды жобалар жүзеге асты. Соның бірі – Нұра ауданы Көбетей ауылында 1100 ірі қара малға арналған заманауи сүт-тауар фермасының құрылысы аяқталды. Көктемде фермаға ірі қара жеткізіліп, кәсіпорын жұмысын бастайды.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – басым бағыттардың бірі. Жалпы өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі, шамамен 4 пайыз. Облыста 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 14-і өндіріледі. Алты өнім түрі бойынша ішкі қажеттіліктер толық қамтамасыз етілген. Бұл ұн, картоп, сиыр еті, тауық жұмыртқасы және тағы басқалары. Сегіз түрі бойынша 4-тен 65 пайызға дейін өзімізді өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Ал бес тауар түрін – тұз, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы мен қантты сырттан әкелеміз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов.

Қазір облыс басшылығының алдында ішкі нарықты жергілікті сүтпен қамтамасыз ету міндеті тұр. Шикізат тапшылығына байланысты сүт зауыттары жарты қуатымен жұмыс істеп тұр. Бұл мәселе жаңа сүт-тауар фермаларын ашу арқылы шешіледі. Қазір «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясына мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. 30 млн теңгеге дейін жеңілдікті несие алуға мүмкіндік бар. Облыста былтыр алпыстан астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

Сонымен қатар былтыр әлеуметтік сала да назардан тыс қалған жоқ. Нақты айтқанда облыста бірнеше мектеп ашылды. Балқашта 900 орындық жайлы мектеп салынды. Мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың да жағдайы қарастырылған. Оқыту мемлекеттік тілде жүргізіледі. Жаңа №12 мектеп Қ.Нұржанов шағын ауданында орналасқан. Мектепте 36 оқу кабинеті бар. Кабинеттер мультимедиялық жабдықтармен жабдықталған, яғни бұлар – интерактивті сыныптар. Робототехника сабақтары енгізілді. Онда оқушылар болашақ технологияларын игереді.

Мектептің тағы бір ерекшелігі – ғылым, технология, инженерия және математика саласындағы білімді зерделеуге және тәжірибе жүзінде қолдануға арналған озық STEM-зертханалары бар. Сонымен қатар оқушылар демалысын тиімді өткзуі үшін үшін кітапхана, медиа орталық, коворкинг жұмыс істеп тұр. Спорт алаңдары, футбол және ойын алаңдары жабдықталған.

Жалпы былтыр облыста 6 мектеп ашылды. Олардың 4-уі – жайлы мектеп. Ескі мектептерді жаңғырту жобасы қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бұқар жырау ауданындағы Атамекен ауылында 150 орындық жаңа мектеп жұмысын бастады. Білім ұясы бұрынғы апаттық ғимараттың орнына салынды.

Бұдан бөлек аудандағы Мұстафин кентінде 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмысын бастады. Мұнда балалар тек спортпен ғана емес, шығармашылықпен де айналыса алады.

Нысан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынды. Ғимараттың бірінші қабатында балалар мен ересектерге арналған кең спорт залдары бар. Волейбол, баскетбол және мини-футболға арналған ойын залы, бокс және күрес залдары орналасқан. Алдағы уақытта дзюдо, каратэ және қазақша күрес секциялары ашылады. Жеке жаттығу аймағы, киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылған.

Ал екінші қабатта шығармашылық аймағы орналасқан. Қосымша бөлмелер жергілікті балалар музыкалық мектебіне беріледі. Мұнда тек вокал, дәстүрлі ән айту және музыкалық аспаптарда ойнау ғана емес, сонымен қатар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер үйірмесі де жұмыс істейді. Бұқаралық шаралар өткізетін 150 адамға арналған акт залы бар. Бұл – облыста былтыр ашылған төртінші дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Бұған дейін Абай ауданының Топар кентінде, Бұқар жырау ауданының Қарақұдық ауылында және Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілген еді.

Сарышаған кентіндегі спорттық-сауықтыру кешені де «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде тұрғызылды. Кешенде бір уақытта 150 адам жаттыға алады. Баскетбол, волейбол және футболға арналған әмбебап зал, сондай-ақ қазақша күрес және дзюдо сабақтарына арналған күрес залы, бокс залы бар.

Жаңа кешен барлық инфрақұрылыммен қамтылды. Қажетті спорттық жабдықтар бар. Жаттықтырушылар тобы да құрылған. Келешекте асық ату, жамбы ату, тоғызқұмалақ секцияларын ашу жоспарланған.

Бұл – Ақтоғай ауданындағы екінші спорттық-сауықтыру кешені. Біріншісі Ақтоғай ауылында салынған. Алдағы уақытта Ақши, Абай, Қызыларай ауылдарында спорт залдарын, сондай-ақ Шашубай кентінде 100 орындық кешен ашу жоспарланып отыр.      Жалпы, облыс бойынша биыл үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен стадион ашу көзделген.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *