Тазалық өзімізден басталады. Бүгінгі күні далада бей-берекет жатқан қоқысты көру қалыпты жағдайға айналған. Шашылып жатқан қалдықтан көз тұнады. Қарағанды облысы бойынша экология департаменті бірнеше жерге рейд жүргізген екен, нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай.
Тазалықты тексеруші мамандар Шет ауданы бойынша рейдтік шаралар аясында заңсыз қоқыс жиналған 3 орынды анықтады. Қорытындысында Шет ауданының әкімдігіне анықталған қоқыс тастайтын жерлерді жою қажеттілігі туралы хат жолданды.
Бүгінгі таңда Мойынты ауылы бойынша 2 және Ақсу ауылының республикалық тас жол аумағын тазарту жұмыстары жүргізілді. Қоқыс тастайтын жерлер толық көлемде жойылды.
Ал Балқаш қаласында санитарлық тазалыққа қойылатын талаптар күшейтілді. Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында мұнда күн сайын мобильді топтар жұмыс істейді. Олардың басты міндеті көше тазалығын қамтамасыз етіп, қала мәдениетін арттыру, көріктендіру деңгейін жақсарту.
Қала аумағында сегіз мобильді топ жасақталған. Олардың құрамында әкімдік қызметкерлері мен учаскелік полицейлер бар. Топтар күн сайын түрлі шағынаудандарды аралап, санитарлық жағдайды тексереді.
Тексеру барысында мамандар ғимараттардың қасбеттерінің жағдайын, рұқсатсыз салынған қосалқы құрылымдарды, жарнама мен маңдайша орнату тәртібін, тротуарлар мен аулалардың тазалығын қадағалайды.
Сонымен қатар қоқыс жәшіктерінің дұрыс қойылуы, көгалдандыру және абаттандыру элементтерінің жай-күйі, рұқсатсыз төгілген қоқыс үйінділері мен мақсатсыз пайдаланылған жер телімдері, қараусыз қалған нысандар назарға алынады.
Мобильді топтардың алғашқы рейдтері нәтижесінде қазірдің өзінде 15-ке жуық әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Құрылыс қалдықтарын шығармаған мердігер ұйымдар жауапкершілікке тартылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қызмет көрсететін компания да қоқысты уақытылы шығармағаны үшін жауап берді.
Қарағанды қаласында да тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, Әлихан Бөкейхан ауданында Курьяновка ауылы, Летняя, Трудовая, Линейный көшелері және 14-ші шағын аудан мекен-жайлары бойынша қоқыс рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылды. Шығарылған қоқыстың жалпы көлемі 30 мың текше метрді құрады.
Жыл соңына дейін бұл санды 100 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда. Қазір ТБӨ шағын ауданында жұмыстар жалғасуда.
– Тұрғындармен араласа отырып, біз жыл сайын тазартуды қажет ететін учаскелердің тізімін жасаймыз. Бұл қоқыс үйінділерінің барлығы жеке үйлерден күл, құрылыс және тұрмыстық қоқыс шығаратын тұрғындардың кінәсінен пайда болады, – дейді Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Күлекеев.
Қазыбек би атындағы ауданда да осындай жұмыстар жүргізілуде. Бұл жерде белсенділер қоқыс тастайтын жерлерді хабарлап, бос жерлерге қоқыс тастап кететін көліктердің нөмірлерін тіркейді.
Үлкен Михайловка станциясында тұратын Алмагүл Жанкина 15 жылдан бері өз көшесінде тәртіптің сақталуын қадағалап келеді. Бұл учаске қоқыс шығарғаны үшін ақша төлегісі келмейтіндердің көзіне жиі түседі. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бір де бір бейтаныс көлік оның назарынан тыс қалмайды.
– Мұндағы тұрғындар өте белсенді. Сондықтан бұл аумақ әрқашан таза. Адамдар тәртіп сақтайды және бізге немесе полицияға бірден хабарлайды, – деді Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Дәулет Маханов.
Биыл экология департаменті ұсынған ғарыштық түсірілім деректерінің арқасында сегіз қоқыс үйіндісі анықталды. Олардың үшеуі жойылды, қалғандарында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Полициямен бірлесіп, заңсыз қоқыс тастағаны үшін 19 әкімшілік хаттама толтырылды. Экологиялық бақылау күшейтілді, тұрғындармен қалдықтарды бөлек жинау және дұрыс кәдеге жарату бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде Үлкен Михайловка станциясында, Федоров су қоймасының жанында, «Күнгей» ауданында және автомобиль жолдары бойында жиналған қоқыстар тазартылды.
Сонымен қатар, Қарағандыда жаңа қоқыс тастайтын жерлерді нақты анықтау үшін аумаққа қайта ғарыштық түсіру жүргізу жоспарланған.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қоқыс үйінділері мен қоқыс жинау сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.
Ермағанбет Бөлекпаев қалада тәртіпті сақтау – уақытша науқан емес, барлық жауапты қызметтер жүйелі түрде жұмыс істеуі тиіс тұрақты жұмыс екенін айтады.
«Таза Қазақстан» жобасы аясында өңірлік билік санитарлық жағдайға ауқымды тексеру жүргізуде. Алайда, әкімнің айтуынша, жұмыс барысында қала тұрғындарының шағымдарын күтпей-ақ, әлдеқашан жойылуы тиіс болған проблемалар анықталған.
– Біз қала тазалығы туралы айтамыз, бірақ біздің орталықта егеуқұйрықтар жүгіріп, қоқыс үйінділері жанып жатса, қандай тазалық болуы мүмкін?! Сол сәтте санитарлық қызметтер қайда болған? Неліктен жүйелі дезинсекция жүргізілмейді? – деді облыс басшысы аппараттық жиында тиісті жұмысқа жауапты ведомстволарға.
Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, қолайсыз учаскелердің барлық мекен-жайлары белгілі, ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрақты мониторинг жүргізіп, дереу шаралар қабылдауға міндетті. Бұл бір реттік акция емес, үнемі жүргізілетін шаралар болуы тиіс – жұмыс тұрақты негізде жүргізілуі керек.
Қалалық қоқыс үйінділеріне жақын орналасқан аудандардың тұрғындары, сол аумақтан көзді ашытатын түтін келетініне шағым түсіп, бұл мәселеге ерекше назар аударылды. Әкім экологиялық қызметтерге тез арада тексеру жүргізіп, бұзушылықтарды тіркеп, өрт себептерін жою бойынша нақты жоспар ұсынуды тапсырды. Қайталанған тосын оқиғалар кезінде объектінің меншік иесіне қатысты шаралар қабылданатын болады.
– Қарағанды таза және қауіпсіз болуы тиіс. Бұл пиар емес, біздің тұрғындардың денсаулығы мен сенімі, – деп атап өтті облыс әкімі.
Ал Шахтинскте «Таза Қазақстан» республикалық науқаны аясында еріктілерді, «Жасыл ел» жауынгерлерін, түрлі ұйымдардың қызметкерлері мен жергілікті тұрғындарды біріктірген экологиялық акция өтті. 140-тан астам адам орман алқабын жинауға шықты. Бірнеше сағаттың ішінде олар 200-ге жуық қап қоқыс жинады.
– Күйеуім екеуміз осында балалармен жиі серуендейміз. Табиғаттың тапталып, қоқысқа толып бара жатқанын көріп, көңіл-күйіміз түсетін. Бүгін бүкіл отбасымен келдік. Балалардың санасына тазалық жинаудан емес, қоқыс тастамаудан басталатынын жеткізуді қалаймыз, – дейді Шахтинск қаласының тұрғыны Мария Кожевникова.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ