Бұл 1934 жылдың ақпаны болатын. Кешегі жұмысшы поселкесі Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен қала мәртебесіне ие болды. Ақпанның 10-ы күні қол қойылған қаулыда «Қарағанды облысының Тельман ауданындағы тас көмір бассейнін пайдалану жөніндегі мемлекеттік трес құрылысының аумағында пайда болған елді мекенге «Қарағанды» атауы беріліп, қала болып өзгертілсін» делінген. Осылайша әркімнің аузында әртүрлі аталып, бір кездегі «Қарағандыбасы» деген сөз ұмытылып, оның орнына жеке-жеке орналасқан поселкелер Үлкен Михайловка, Ескі Тихоновка, Зеленая Балка болып жалғасып кете баратын атаулар ортақ қала құрамына еніп, ендігі жерде солардың бәрінің басы қосылып Қарағанды деп аталатын болды.
Бұл қаулы Арқа төсіндегі елді мекенге қала мәртебесін беруімен құнды, әрі ол «Қарағанды» атауын ресми түрде нақтылап бекітіп берді.
Егер осыдан сәл бұрын орталығы Үлкен Михайловка болып, 1931 жылы жұмысшы поселкесі құрылса, енді міне, араға небәрі үш жылды салып ол қала мәртебесіне ие болды. Бұл сол кездің өлшемі үшін зор жетістік болатын. Егер бүгінгі күннің биігінен сол үш жылдың ішінде атқарылғандарға шолу жасасақ, ауыз толтыра айтар ғаламат істердің жүзеге асқанын аңғарар едік.
Теміржол торабының келуі өңірдің шапшаң дамуына мүмкіндік берді. Атқарылған істер шоғырының ең бастылары ретінде мыналарды тізуге болады. Айталық, 1931 жылы қуаты 260 квт. Қарағанды электрстанциясы іске қосылып, су құбырының құрылысы басталады. Ендігі жерде мамандарды тек сырттан күтпей-ақ жергілікті жерде даярлауға да көңіл бөлінеді. Көмір өндірісі саласының мамандарын даярлайтын тау-кен техникумы ашылады.
Тұрғындардың сауатын ашу, оларды саяси жағынан шыңдау бағытында да кең көлемді істер қолға алынып, жүзеге асырыла бастады. Сол 1931 жылы Қарағанды аймағында тұңғыш баспа өнімдері, жергілікті басылымдар өмірге келеді. Мәселен, Қарағанды аудандық партия комитетінің, поселкелік кеңестің және аудандық кәсіподақ кеңесінің органы болып табылған «Большевитская кочегарка» газеті 11 қыркүйекте жарық көрсе, араға айға толар толмас уақыт ішінде, атап айтқанда 4 қазанда қазақ тіліндегі «Қарағанды пролетариаты» газеті шығады. Бұл басылымдар кейін облыстық газеттерге айналған қазіргі «Орталық Қазақстан» және «Индустриальная Караганда» газеттерінің негізі болды. Сондай-ақ осы 1931 жылдың 7 қарашасынан эфирге тұңғыш рет Қарағанды радиосы шықты. Ол қазақ даласына Мәскеу мен Алматы үнін жеткізді.
Қарағанды қала мәртебесін алу қарсаңында осылармен бірге құрылыс және көмір өндірісі саласында да қыруар істер қолға алынып, жүзеге асырылып жатты. Қазақстан Үкіметі жұмысшы поселкесіне қала мәртебесін беру мәселесін ерте, сол 1931 жылы ақ көтеріп, Орталыққа ұсыныс жасаған. Соның бір мысалы ретінде ҮІІІ шақырылған ҚазОАК секретариатының 1931 жылдың 27 желтоқсанда өткен мәжілістің шешімін айтуға болады. Осы мәжілісте Арқа төсіндегі өндіріс ошағына айналып қалған елді мекенге қала мәртебесін беруге әбден болады деген тұжырым жасалған. Атап айтсақ, мәжіліс шешімінде «Қарағандыдағы қазіргі поселкелік кеңестің орнына ҚазОАК-не бағынатын дербес қалалық кеңес ұйымдастырылсын» деген жолдар бар. Осы қаулыны Мәскеу тек 1934 жылдың ақпанында ғана бекіткен.
Солай болғанымен, Қарағанды сол 1934 жылға дейін де Қазақстан Үкіметінің шешімі негізінде қала ретінде дербес қызметін атқара берді. Оған дәлел ретінде 1932 жылдың шілдесінде өткен Қарағанды қалалық кеңесінің бірінші мәжілісін айтуға болады. Онда «Ағымдағы жағдай және қалалық кеңестің Кеңестер Одағының үшінші көмір базасының құрылысындағы міндеттер туралы» мәселе қаралған. БК/б/П Қазақ өлкелік комитетінің 1932 жылғы 13 қаңтардағы кеңейтілген пленумында «Қарағандыны бүкіл Қазақстан, барша Кеңес Одағы болып саламыз» деген ұран көтерілді. Осының алдында, 1931 жылғы 26 желтоқсанда компартияның орталық органы «Правда» газетінде «Қарағанды Қазақстанда орналасқан» деген баспасөзге шолу материалы жарияланып, қаланың әлеуметтік-тұрмыс мәселесі қатты сынға алған болатын. Соған орай пленумда Қарағандыдағы тұрғын үй құрылысындағы қалыптасқан күрделі жағдай жан-жақты сөз етіліп, оны шешудің нақты жолдары қарастырылды. Осы негізде КСРО ХКК Ауырөнеркәсіп Халық Комисариатына Қарағанды аумағының құрылысын осы комиссариаттың ерекше назарында болатын құрылыстар тізімін енгізу туралы ұсыныс жасады. Сол негізде осы комиссариат Қарағандыдағы тұрғын үй-коммуналдық құрылысқа 8 миллион сом бөлді.
Қарағандының қалыпта су кезеңінде еш қиындық болмады деуге болмайды, себебі онымыз шындыққа жанаспас еді. Қаланың негізі қаланған жылдары тұрғындардың жағдайы өте қиын болды. Кәсіп іздеп босқан елді қабылдауға қаланың мүмкіндігі болмады. Тазалықтың сақталмауынан түрлі жұқпалы ауру өршіді. Сол кезден жеткен деректер цингамен ауырғандар саны 8 мыңға, асқазан-ішек ауруларына шалдыққандар саны 3,5 мыңға жеткенін мәлімдейді.
Бастапқыда жұмысшыларды жабдықтау мүлдем қанағаттанғысыз жағдайда болған. Мәселен 1932 жылдың 25 мамырынан 1 маусымына дейінгі аралықта жұмысшыларға нан мен ұнның орнына тек жарма ғана берілген. Бір сөзбен айтқанда, сол кездегі елді жайлаған ашаршылық Қарағандыға да соқпай өтпеді. Солай десек те кәсіп істеп жүргендердің өлместің күнін көруіне мүмкіндігі бар еді.
Міне, сол бір ауыр кезеңде Қарағанды қала мәртебесін алып, өз болашағына сеніммен қарады. Құрыш қолды еңбек адамдарының қажыр-қайратымен иен далада қала орнады. Оның даңқты күндері алда еді.
Қазақ ОАҚ-нің 1932 жылғы 20 ақпандағы VIII шақырылған 2 сессиясының шешімімен Қазақстан аумағында 6 облыс құрылды. Ол Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары еді. («Советскаястепь», 22.02.1932 жыл). Бұл шешімді Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Президиумы сол жылдың 10 наурызында бекітті, Әр облыстың құрамына орташа алғанда 17-20 әкімшілік аудан енді.
Міне, осы алты облыстың бірі – орталығы Петропавл қаласы болған Қарағанды облысы еді. Оған кейінгі Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Көкшетау, Қарағанды, Жезқазған облыстарының аумақтары түгелге жуық, бірқатар өңірі енген.
Орталығы Петропавл болған Қарағанды облысының құрамында қазіргі елді мекендерімізден Жаңаарқа, Нұра, Тельман және Шет аудандары ғана болды. Қарқаралы өңірі сол 1932 жылы орталығы Семей қаласы болған Шығыс Қазақстан облысына қарады. Тек аймақтың дамуы жаңа деңгейге көтеріліп, бір тектес өңірлердің басын қосу қажеттігі туғанда 1934 жылдың 4 шілдесінде дербес Қарқаралы округі құрылған. Ол Қарағанды облысынан бөлек болды. Орталығы Қарқаралы қаласы болып белгіленген округтің құрамына Орталық Қазақстанның далалы аймақтары, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңірлері енді. Атап айтқанда, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған Баянауыл, Қарқаралы, Қу аудандары, Қарағанды облысынан Жаңаарқа, Шет аудандары (Шет ауданы 1933 жылдың 22 ақпанында Алматы облысы құрамынан шығарылып, Қарағанды облысына қосылған), Алматы облысынан Қоңырат ауданы – барлығы 6 аудан Қарқаралы округін құрған. Баянауыл ауданының орталығы Баянауыл селосы, Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу селосы, Қоңырат ауданының орталығы Ақтоғай селосы, Қу ауданының орталығы Егіндібұлақ селосы, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы селосы болды. Округтің құрылғандығын Бүкілресейлік ОАК 1934 жылдың 20 шілдесінде бекіткен.
Сөйтіп Қазақстанда 1934 жылы өзіміз жоғарыда атаған 6 облыспен бірге 2 округ болды. Оның бірі Қарқаралы округі болса, келесісі 1933 жылдың 1 шілдесінде Батыс Қазақстан облысының құрамындағы аудандардан құрылған Гурьев округі еді.
Қарағандыда өнеркәсіп өндірісінің дамуы халықтың көптеп келуіне әсер етті. 1934 жылы ол 112 мың адамды құрады және «елді мекен, мемлекеттік тресті құрылыс аумақтарында пайда болған Қарағандыда тас көмір бассейнін» Қарағанды қаласына өзгертілген болатын. Қалада пәтер-үйлердің, кәсіпорындардың және мәдени-тұрмыс мекемелерін тағайындау мәселесі талқыланды.
1935 жылы Қарағанды халқының тұрғындарының саны 135 мың адамды құраса, 1941 жылы 165 818 мың адамға жеткен. Бұлар жұмысшы, инженер-техникалық қызметкерлер болды, олар қаланың қоғамдық өндірісінде қызмет етті. Құрылыс жұмыстарының жақсаруы үшін 1935 жылы бірыңғай басқару ұйымы «Карагандашахтстрой» құрылды. Оның жасалуы құрылыс жұмыстарының өсуін тездетіп, құралдар орталықтандырылды.
1934-35 жылдары Қарағанды электростанциясында пәтер-үй құрылысы дамыды. 1935 жылы жазда барлығы 23 жеке салынған көп пәтерлі үй болатын. Әсіресе қарқынды жеке құрылыс жұмыстары шахта астында жүріп жатты. Шахта басқармасы жұмысшыларға несие, ағаш материалдары, шеге, кірпіш, терезе шыныларын жіберіп отырды. Сонымен қатар көлікпен қамтамасыз етті. Дәл осылай Жаңа қаланың бөлімшелері құрыла бастады. Әсіресе 1936 жылы Қарағандыда қарқынды құрылыс басталды. Осы уақыт аралығында Орталық Қазақстан өнеркәсіпті маңызды одақтық мағынаға ие болып, қалыптаса бастайды және оның одан әрі дамуы, марганец, темір, қорғасын, мыс кендерінің және Орталық Қазақстанның пайдалы қазба байлықтары химия кәсіпорындарының құрылысын жүргізуге мүмкіндік береді.
Темірғали АРШАБЕКОВ,
Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама
жөніндегі архив басшысы