Ұрпаққа тәрбие, болашаққа бағыт

Елордада өткен ұстаздардың республикалық тамыз конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен басқосу еліміздің білім беру жүйесінің бүгінгі жағдайы мен болашағын айқындады.

Президент өз сөзінде ұстаздардың ел дамуына қосып келе жатқан өлшеусіз үлесін атап өтіп, шынайы ризашылығын білдірді. «Нағыз адал азамат мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жылдары білім саласында ауқымды өзгерістер жүзеге асуда. 2019 жылдан бері сала бюджеті үш есе өсіп, мыңнан астам мектеп салынды. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, ұстаздардың құқықтары кеңейтілді, артық міндеттерден босатылды. Мұғалімдердің жалақысы екі есе артты, әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысы жалғасып келеді.

Биылдан бастап педагогикалық бағыттағы студенттердің шәкіртақысы 84 мың теңге болады. Бұл жастардың мұғалім мамандығына қызығушылығын арттырды. Сонымен қатар, білім беру жүйесіне жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізу қажеттігі ерекше атап өтілді. Президент ауыл мен қала мектебінің арасындағы теңсіздікті жоюға, барлық балаға тең мүмкіндік беруге басымдық берілетінін айтты.

Биыл елімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске қосылады. Жаңа бағдарлама жас ұрпақты отаншылдыққа, еңбекқорлыққа, білімге құштарлыққа тәрбиелеуді көздейді. «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігінің үйлесімді жұмысы ғана жастарды сапалы біліммен қатар дұрыс тәрбиемен қамтамасыз ететіні айтылды.

Конференция соңында білім саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар педагог мемлекеттік наградаларға ие болды. Соның ішінде Қарағанды қаласындағы Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Шұға Даурықбаева «Құрмет» орденімен марапатталды.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *