Қарағанды қаласы әкімінің «Тіл мерейі» сыйлығын тағайындау тәртібі туралы ереже

  1. Қарағанды қаласы әкімінің «Тіл мерейі» сыйлығы (бұдан әрі – Сыйлық) мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыру, тілдерді дамыту мен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан тұлғаларды көтермелеу және оларға қолдау көрсету мақсатында тағайындалады.
  2. Қала әкімінің Сыйлығы жылына бір рет Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында өткізілетін салтанатты жиында табыс етіледі.
  3. Сыйлық конкурстық негізде, комиссия құрамы Қарағанды қаласы әкімінің өкімімен бекітілген, Қарағанды қаласы әкімінің «Тіл мерейі» сыйлығына лауреаттарды іріктеу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешіміне сәйкес тағайындалады. Қажет болған жағдайда Комиссия жеке сұрақтар бойынша кеңесшілерді, сарапшыларды қатыстыруға құқылы.
  4. Комиссияның қарауына Сыйлық алуға үміткерлерді қала басында орналасқан аудан әкімдері, БАҚ редакциялары, мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары және т.б. ұсынады.
  5. Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту мен насихаттауға тікелей үлес қосқан тұлғалар Сыйлыққа үміткерлер ретінде келесі аталым бойынша қатыса алады:

«Тіл майталманы» аталымы – мемлекеттік тілді дамыту мен танымал етуге елеулі үлес қосқан, сондай-ақ оқу және мәдени-ағартушылық бағдарламалардың, әдістемелік құралдардың әзірлеушілері мен жүзеге асырушылары, қоғам өмірінің әр саласында қазақ тілінің кең қолданылуына бағытталған мәдени-бұқаралық шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген 35 жастан асқан шығармашылықпен айналысатын азаматтар және зиялы қауым өкілдері арасында;

«Тіл жаршысы» аталымы – мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелерін жүйелі әрі сапалы жариялағаны және материал беру бірегейлігі мен кәсібилігі үшін қазақ және орыс тілдеріндегі баспа бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және штаттан тыс қызметкерлер арасында;

«Жас полиглот» аталымы – мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген қалалық, облыстық, республикалық деңгейде конкурстарда, олимпиадаларда, жобаларда грамота, диплом, сертификаттар мен басқа да наградаларға ие болған 14-35 жас аралығындағы  жастар арасында;

«Тіл білгірі» аталымы – мемлекеттік тілді еркін меңгерген қалалық, облыстық, республикалық конкурстардың жеңімпаздары және жүлделі орын иегерлері болып табылатын 14-35 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдерінің жастары арасында;

«Мемлекеттік тіл – бизнесте» аталымы – қала аумағында кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру барысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген шағын және орта бизнес өкілдері арасында;

  1. Аталымға қатысу үшін қажетті құжаттар:

1) түйіндеме,

2) өмірбаян,

3) жұмыс, оқу орнынан ұсыныс хат;

4) 1 фотосурет (өлшемі 9х12);

5) жеке куәліктің көшірмесі;

6) мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту саласында жеткен жетістіктерін растайтын құжаттардың және материалдардың көшірмелері (грамоталар, дипломдар, алғысхаттар, сертификаттар, мақалалар, жарияланымдар, тақырыптық телехабарлар, бағдарламаларда қатысқанын растайтын анықтамалар және олардың флешкадағы көшірмелері). Құжаттар конкурсқа тапсырғанға дейін соңғы 2 жыл көлемінде атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша ұсынылуы тиіс.

  1. Сыйлыққа үміткер тек бір аталым бойынша қатыса алады.
  2. Жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін материалдар қабылданбайды. Үміткерлер ұсынған құжаттар қайтарылмайды, пікір берілмейді.
  3. «Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі комиссияның жұмысшы органы (одан әрі – Жұмысшы орган) болып табылады.

Байланыс телефоны: +7 775 905 5317.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *