Жарты ғасырдан соң…

Абай ауданына қарасты Дубовка ауылында жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылған тозығы жеткен кәріз желілері жаңартылып жатыр. Олардың орнына жаңа заманауи жүйелер тартылып жатыр: бүгінде шамамен 30 шақырым құбыр төселді, ондаған кәріз құдықтары орнатылды, алғашқы сорғы станциясы толықтай жаңартылып, екіншісінің құрылысы қарқынды жалғасуда.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары кезінде атқарылып жатқан инженерлік инфрақұрылым құрылысын аралап көрді.

Төрт мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың барлығы орталық су жүйесіне қосылған. Ал кәріз мәселесі биыл түбегейлі шешілмек.

– Мұндағы кәріз желілерінің тозу деңгейі 100% дерлік болды. Тұрғындар жиі шағымданды. 2023 жылы біз бұл жобаны қолға алдық. Қазір жер қазу жұмыстары толық аяқталды. Қыркүйекте Дубовканың жаңа кәріз жүйесін іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов.

Оның айтуынша, инженерлік желілерді жаңартумен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында ауылды абаттандыру мен жолдарды жөндеу жұмыстары да қатар жүріп жатыр.

– Биыл 4,4 шақырым асфальт төселді, 12 көшеге қиыршық тас себілді. Сондай-ақ, жабынның ұзақ сақталуы және көктемгі тасқыннан қорғау үшін су ағызу арықтары қазылуда. Ынтымақ көшесінде, республикалық трассаға шығатын тұста, біртұтас сәулеттік келбетті қалыптастыру мақсатында металл қоршаулар орнатылып жатыр, – деп атап өтті Сәбит Оспанов.

Келесі жылы да жол салу жұмыстары жалғасады. Бұдан бөлек, ауыл көшелерінде жарықтандыру жүйесі орнатылуда.

Дубовкада әлеуметтік нысандар да жаңартылуда.

Алдымен әлеуметтік мекемелерге кіреберістер ретке келтірілді. Мәдениет үйінің көрермен залы толықтай қайта жоспарланып, едені, қабырғалары, сахнасы мен орындықтары жаңартылды, фойесі абаттандырылды, кабинеттері жөнделуде. Мектеп пен шағын орталық күрделі жөндеуден өтті, жаңа стадион мен воркаут алаңы салынды.

Ауылда жаңа балалар және спорт алаңдары, сондай-ақ қоғамдық демалыс аймақтары пайда болды.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бір жылда атқарылған ауқымды жұмыстарға оң баға берді.

– Қарқын жақсы. Биылға жоспарланған жұмыстардың барлығын толық аяқтау қажет, – деді өңір басшысы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *