Халқына Орта жүздің болды таныс

Халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі Доскей Әлімбайұлының жарық дүние есігін ашқанына – 175 жыл толып отыр. Доскей 1850 жылдың 23 шілдесінде (О.Құдышевтың мәліметі бойынша) Сораң деген (қазіргі Саран қаласы тұрған жер) өңірде дүниеге келіпті. Бес жасында әкесі Әлімбай қайтыс болып, екі жылдан кейін шешесі Үндеместі Тінәлі елінің болысы Айдапкел деген жуан өзінің молдасына алып береді. Жеті жасар Доскей әкесінің немере туысы Барғананың қолында қалып, анасы емшектегі баласымен бірге ұзатылып кете барады. Содан бастап жетімдік тақсіретін тартқан ол бойдағы дарыны қайнар бұлақтай қайнап шыққанда, ақын, әнші бозбала деген атпен ел аузына іліккенде ғана азап пен шерден құтылған тәрізді.

Айтыс ақыны, үлкен дарын иесі Доскей Әлімбаев жайлы ең алғаш рет Кағазекең марқұмнан естідім. Бұл – сексенінші жылдардың соңы еді. Әңгіме болып отырған кезеңде Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) аудандық газетінде қызмет атқаратынмын. Сол кездері зейнеткерлікке шыққан Қағазекең (белгілі журналист Қағазбек Сәденов) бүкіл аудандық газеттер басылатын «Полиграфия» өндірістік бірлестігінде аудармашы болып жүрген-ді. Жиі хабарласып, жүздесіп тұрамыз. Сондай кездесулердің бірінде ақсақал әріптесім: – Ермек шырағым, Ботақараға ауысып келгеніңе де бірер жыл болды емес пе? Бұл жердің тарихынан не білесің? Осы өңірден Доскей Әлімбаев, Ілияс Манкин, Көшен Елеуов деген ірі айтыс ақындары шыққан. Солар жайлы неге жазбайсыңдар? Оларды сендер іздемесеңдер, кім іздейді, кім жоқтайды? – деген сауалдар тастады.

Шынында да бұл менің зер салмаған, сондықтан да білмейтін тақырыбым еді. Қатты ұялып қалдым. Аталған ақындар жайлы әдебиеттерді қарастыруға, әлі де ортамызда жүрген қарттардан тың деректер сұрастыруға уәде бердім Қағазекеңе.

Уәде – құдай аты. Соны орындау үшін біраз кітаптар парақтауға тура келді. Әйткенмен, Доскей ақын туралы тасқа түскен дерек мардымсыз екен. Ертеде шыққан кітаптардың бәрі тозған, жыртылған, жоғалған. 40-50 жыл бұрынғы мерзімдік басылымдардың жұрнағын тек мемлекеттік кітапханалардан ғана табуға болады. Ақын туралы барынша толығырақ мәлімет беретін «Қарағанды. Қарағанды облысы» атты энциклопедияның дерегі Қағазекеңнің әңгімесінен де жұпыны екен. Профессор Серік Негимов құрастырған Доскей Әлімбаевтың «Кенші жыры» жинағы, осы Серік ағамыз бен ғалым Ғазиз Ештанаевтың зерттеулері қолымызға кештеу ілікті.

Сөйтіп жүргенде, 1989 жылы, қыс маусымының соңында Бұқар жырау (бұрынғы Ульянов) ауданына қарасты «Победа» шаруашылығына жол түсті. Бұл – Доскей ақын ғұмырының соңғы жылдары өткен мекен. Жыраудың мүрдесі де осы ауылдың жанындағы қорымда.

Ол кезде аталған елді мекенде орналасқан үш ірі кәсіпорынды да өзге ұлттың өкілдері билейтін-ді. Тек селолық Кеңестің төрағасы ғана қазақ – Армия Сабалақов дейтін ағамыз болатын.

– Соғыстан кейінгі уақытта селолық Кеңестің өңірінде үш колхоз болыпты: Чапаев атындағы, «Трудовик», Доскей атындағы. Елуінші жылдары осы үшеуі біріктіріліп, ірілендіріліп «Победа» атанған екен. Доскей атауының жойылғаны сол кез. ІІІаруашылық орталығы Қызылқұлақ аулы мен Доскей атындағы колхоздың орнына салынды. Ол кезде «Зеленаябалка» деген атау жоқ еді. Бұл осы жерге кейінірек берілген есім. Тіпті, кім шығарып жүргенін де білмеймін. Қазақ сөзін құлағы тосырқайтын өктем ұлт өкілдерінің бірі болар сірә. Ал селолық Кеңес Ақжар деп аталады. Қазіргі кезде ауылдың Қызылқұдақ аты ұмытылуға айналды, анда-санда Доскей атын ауызға аламыз. Оның өзінде мына өзектің шығыс жақ қабағындағы ауыл туралы әңгіме болғанда ғана. Ал Доскей туралы толығырақ мәлімет алмақ болсаңыз, осы жерде оның туысқан ұрпағы тұрады, соған жолығыңыз, – деді Армия ағай ақынға қатысты қойған сауалдарымызға орай айтқан әңгімесінде.

Ауыл ағасы Армия телефон шалып, ақынның туысы МәпішкенӘупейісованы кеңсесіне шақырды. Үйі таяу маңда болса керек, апай жылдам келді. Ұзақ жыл ұстаз болған, ұрпақ тәрбиесімен самайы ағарған ана бұл күнде зейнеткерлікке шыққан екен. Әйткенмен жүріс-тұрысы ширақ, тілі майда болғанымен, шешен, әңгімешіл адам көрінеді, бірден шешіліп сөйлеп кетті: – Шынында да Доскей ақынның ең жақынымын, – деді Мәпішкен апай, – Доскейдің әкесі Әлімбай мен менің бабам Бейсембай бірге туады. Бейсембайдан – менің әкем Әупейіс, Әлімбайдан – Доскей. Доскейде бала болмады. Өзі көп жыл, мен есімді білген уақыттан бастап Қарағандыда тұрды, кейінде, әбден қартайған шағында ғана осы жерге келді. 1946 жылдың 12 қазанында қайтыс болды.

Доскей ақынның Мәпішкен апай айтқан өмірбаяны газеттің көзі қарақты оқырмандарына жақсы таныс болуға тиіс. Өйткені, кейінгі оншақты жылдың мұғдарында үлкен дарын иесінің ғұмырына, ақындық ерекшелігіне қатысты еңбектер мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып келеді. Жыр алыбының (бұл арада қателесіп тұрған жоқпыз, Доскей өзінің ақындық қуаты, көркем сөзден келісті кесте тоқуы жағынан Жамбылдан бір елі де кем түспейді) өз шығармалары да бірнеше мәрте қайталанып басылды.

Жоғарыда айтқанымыздай, әкеден өлі, шешеден тірі айырылған соң жетімдіктің зардабынтартқан Доскейдің қайғысы мен мұңын, арманы мен қиялын бөліскен серігі бойына біткен дарыны, ел ішіндегі өнерпаздарға әуестенуі болса керек. Қалың Қуандықтың ішінде әншілігімен аты шыққан Жауғаш деген жігітке серік болады. Әліне қарамай қара суға да қаймақ бітеді дегендей, жетімдіктің тақсіретін тартып жүрсе де өзінше серілік құрып, жақсылармен жанасады. Сондай бір жиын-тойдың үстінде «сандалтып Орта жүзді әнмен қырған» Біржан салмен кездесіп, аузы дуалы ағаның назарына ілігеді, батасын алады.

– Доскей атамыз Шорманның Мұсасына берілген асқа барып, айтысқа қатысқан екен. Ақан серінің қолын ұстап, үкілі Ыбыраймен сөз қағыстырған. Сол жолы атышулы Ажар (әйгілі соқыр Ажар) ақынды сүріндіріпті. Атамыздың атағы елге таралуына осы айтыс себеп болса керек, – дейді Мәпішкен апай. Сегіз қырлы, бір сырлы Доскейдің өлеңдері, әндері, айтыстары Арқа жұртшылығына кеңінен мәшһүр болғаны күмәнсіз. Әйткенмен, оның көпшілігі, әсіресе кеңес төңкерісіне дейінгі шығармаларының басым бөлігі сақталмаған. Оның ғұмырының соңғы ширек ғасырындағы туындылары түгелдей дерлік қағаз бетіне түсіп, бізге жетіп отыр. Ол негізінен мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген өлең-жырлары мен 1941 жылы басылған «Толғау» атты тұңғыш жинағы. Доскей Шашубай, Нартай, Нұрпейіс, Жамбыл, Естай, Тайжан, Төлеу, Саяділ, Сапарғали, Қайып, Маясар, Ілияс, Қуат, Кенен, Жолдыкей тәрізді жыр сүлейлерімен қатар өмір сүрген, олардың талайымен айтысқа түскен майталман. Бәйгеге автомашина, теледидар мен кілем тікпейтін, доллар шашылмайтын жыр додасына түсіп, шынайы өнердің өрісін кеңейткен өрелі ақын. Доскей:

– Ақынның шықты шарлап ащы айғағы,

Жүректің түкпірінен шерді айдады.

Сан жылдар ойда жүрген кек алқынып,

Айтылды халық мұңы қай-қайдағы, – деп өзі айтқандай, қашан да қалың елінің қасынан табылып, халықтың мұңы мен мұқтажын, билік басындағыларға арналған өтініші мен тілегін өз өлеңдеріне арқау етуден танбаған тарлан.

Өз уақытының перзенті болғандықтан және халықты бақытқа жеткізетін кеңес өкіметі деп сенгендіктен Доскей де басқа талант иелері сияқты қазан төңкерісінің жеңісіне, социалистік құрылыстың көсемдері Ленин мен Сталинге шабытты жыр жолдарын арнады. Соған орай өз кезінде сый-құрметтен де кенде болмады. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған тұңғыш қазақстандық болуы, 1939 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қазақ КСР-ына еңбегі сіңген өнер қайраткері» мәртебесін иеленуі сөзіміздің дәлелі. 1940 жылдың мамырында Доскейдің 90 жасқа толуын және шығармашылық еңбегінің 75 жылдығын бүкіл республика жұртшылығы мерекеледі.

Бұрынғы Киров атындағы (қазіргі Сәттар Ерубаев атындағы) көше елуінші жылдардың басына дейін Доскей есімімен аталғанын көнекөз қарағандылықтар жақсы біледі. Тіпті, сол көшенің басынан арнайы үй салынып, қарт ақын біраз жыл ғұмырын сол құжырада өткізген болатын. Бертінірек, ол үй бұзылар кезде «Орталық Қазақстан» газеті мәселе көтеріп, әуелде Доскей, кейінірек Мақсұт Бәйсейітов сияқты дүлдүл ақындарға қоныс болған мекенді мұражайға айналдыру қажет деген ұсыныс айтқан екен. Әйткенмен кезінде ол пікірді еститін құлақ, назарға алатын ақыл болмапты.

Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, өнердің Қарағандыдағы қара шаңырағы да сонау қырқыншы жылдары Доскей есімін иеленгенін біреу білер, біреу білмес. Баба жыраудың атындағы колхоздың тағдыры туралы жоғарыда айтылды. Ғасырға жуық жыр мен ән төккен қарт жүрек соғуын тоқтатқан 1946 жылдың күзінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі театрға Доскей есімін берумен қатар кеңес Жазушыларыодағы мен Қазақ КСР Ғылым академиясына ақын шығармаларының толық жинағын шығаруды, кеңес Жазушылары одағы мен Қарағанды облыстық атқару комитетіне Доскей қабірінің басына ескерткіш орнатуды міндеттеген болатын. Сондай-ақ, жоғарыдағы шешім бойынша қарт жыраудың жесірі Үміт әжеге 5 мың сом көлемінде бір мезгілдік жәрдем көрсетіліп, 300 сом көлемінде айлық зейнетақы тағайындаған екен.

Ал арада 5-6 жыл өтпей жатып жоғарыдағы шешімнің аяқсыз қалуының, тіпті аяқсыз қалып емес-ау, халық ақынының қадірлі есімін жойып жіберу үшін науқан жүргізілуінің себебін қалай түсінеміз? Доскеймен замандас Жамбылдың атына бұл уақыттары кір жуыған жоқ-ты. Тіпті, оны айтасыз, Жәкең «XX ғасыр Гомері» деген мәртебе иеленіп, даңқы ұлы Абайдың өзіне шаң қаптыратындай еді-ау. Жамбыл атына көше берілмеген қаланы, Жамбыл ауданы жоқ облысты, Жамбыл колхозы жоқ ауданды сирек кездестіретінсіз. Сонда дейміз-ау, қазан төңкерісінің жеңістерін, оның көсемдерінің «көрегендіктерін», «халықтар достығы мен кеңестік патриотизмді» шабыттана жырлаған Доскей есімін сонша қуғын-сүргінге ұшырататындай, қартыңды қабірінде тиыш жатқызбайтындай ол сонша не жазыпты? Доскей ақынның шығармашылығын зер сала қарасақ, жоғарыдағы сауалдың жауабын табамыз. Отаршылдыққа жаны қас екен қартыңның. Орыс отаршыларына қарсы жүргізілген ұлт-азаттық күрестің көсемі Кенесары мен оның батыр інісі Наурызбайдың ерлігін жырлапты ол бүкіл ғұмыр бойы. Сондықтан да елуінші жылдардың басында «қазақ ұлтшылдығы» туралы кезекті шу көтерілгенде «феодализм мен хандық құрылымды аңсаған» сұлтандар жайлы дастанның авторы «сырттай жер аударылыпты». Оның есесіне киіз туырлықты қазақты аузы түкті кәпірге құл етпеймін деп түн ұйқысын төрт бөлген Кенесары мен Наурызбайды жат жұрттықтарға байлап берген Сыпатай сияқты батыр-сымақ сатқынды жырға қосқан Жәкем «Ғасыр Гомері» атанды. Әбден сыннан өткен, бөлшекте де билей бер саясатының жемісі – бұл.

– Доскейдің соңында қалған үш белгісі бар еді, – дейді Мәпішкен апай. – Фотоальбом, домбыра және портреті.

Альбомды Қазақстан Ғылым Академиясының Қаскенбай Жұмағұлов деген қызметкері сұрап алып, академияның қорына өткізіпті. Кейінірек Мәпішкен апай іздеп барып көрген екен, альбомның ішінде Доскейдің Жамбылмен, Күләшпен және Әбділдә Тәжібаевпен бірге түскен суреттері жоқ болып шығады.

Доскейдің шанағы сопақша, әдемі домбырасының тағдыры да бұлыңғыр.

– Оны педагогика институтының оқытушысы, ұмытпасам аты – Күләш, фамилиясы – Құдабаева деген адам мұражайға тапсырамын деп әкетіп еді. Мұражай бұрынғы орнында тұрғанда Доскейдің домбырасы бар болатын. Жаңа орынға көшкеннен кейін іздеп барып едім, жоқ екен. Мұражай қызметкерлерінің N91645 мұрағат деп көрсеткендері кәдімгі фабрикада жасалған домбыра. Қазір қолымда бары Доскейдің портреті ғана. Биіктігі 1,5, ені 1 метрлік бұл суретті Қамаш Шамов марқұм жазып еді. Қос Ғабеңнің көзі тірісінде апарып көрсетіп, мемлекеттік мұражайға өткізем бе деп едім, реті келмеді. Қазір ешкімге бергім келмейді, үйде, көз алдымда тұрсын. Кейін соңымда қалған балалар не істейтінін өздері біледі, – деген еді ақынның мұрагері.

Қарт ана Алматыға қайта-қайта барғыштай жүріп Доскейдің «Кенші жыры» атты өлеңдер жинағын шығартуға себепші болыпты. Бұл жөнінде ғалым Серік Негімов пен кезінде жыраудың әдеби хатшысы болған ақын Бүркіт Ысқақов көп көмек жасағанын ілтипатпен еске алып отырды.

Сол жолы, 1989 жылдың ақпанындағы жолсапар кезінде Доскейдің есімін ұмытпай, қастерлеп келе жатқан жалғыз адам Ақжар ауылдық кеңесінің тұрғыны осы Мәпішкен апай ғана екен деген ойдың болғаны рас. Дегенмен, содан бастап ақынның 140 жылдық мерейтойын еткізуге қызу дайындық жасалды. Аудандық газеттің редакциясы мен мәдениет бөлімі тарапынан болған ұсынысқа Ульянов ауданының сол кездегі бірінші басшысы В.Елизаров қолдау көрсетті. Дереу арнаулы комиссия құрылып, ауылдық кеңес өңірінде орналасқан кәсіпорындар мен шаруашылықтың күшімен 1990 жылдың қазан айында дүбірлі мерейтой өткізілді. Оған облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Н.Оразбеков, Ульянов аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі С.Шибаева, аудандық Кеңестің жауапты қызметкері М.Қарасартов, кәсіпорын жетекшілері Н.К.Котов, В.В.Лим, Д.В.Рейслер тәрізді азаматтар белсене атсалысты.

Сөйтіп, ұлттық рухта өткен мереке үлкен ұлттың ықпалында жүрген жергілікті халықтың санасында саңылау ашылуға себепші болды. Бұрын Доскейдің кім екенін білмейтін жастар, әсіресе, мектеп оқушылары ғасыр бұрын жасаған жыраудың мұрасымен танысу мүмкіндігіне қол жеткізді. Өздері білім алатын мектепке отызыншы жылдары халықты неубетке ұшыратқан Елтай Ерназаровтан гөрі ақын Доскей Әлімбаевтың есімі лайық екенін түсінгендей болды. Әттең, жергілікті атқарушы өкіметтің қырсыздығынан, ондағы шенеуніктердің жалтақтығы мен қорқақтығы салдарынан осыдан оншақты жыл бұрын көтерілген бастама әлі шешімін таппай келеді. Тіпті, сол мереке күндері, 1990 жылдың қоңыр күзінде, Ақжар ауылдық кеңесіне Доскей атын беру жайлы да ұйғарым жасалған болатын. Ол әңгіме сиырқұйымшақтанып барып, кейін ғана шешімін тапты. Алғашқы бетте ауылдағы орталық көшеге ақын есімі берілгеніне шүкір дедік. Сонымен бірге, осындағы мектепті соғыстың алдында Доскейдің әдеби хатшысы болып, кейін немере қызының үлкені Мәрмәрге үйленген Бүркіт Ысқақовтың атына беру жайлы ұсыныс жасаған едік. Тамаша ақын, әдебиетші ғалым, ұлт бостандығын ту етіп көтерген ЕСЕП қозғалысының жетекшісі, азаттық ойлары үшін саяси қуғын-сүргін құрбаны болып азап шеккен Бүркіт Ысқақовтың есімі көзі қарақты жұртқа таныс шығар. Бұл мәселе де шешімін таппай келеді.

Қазір Доскей ауылдық округінің тұрғындары ақынның 175 жылдық мерейтойын еткізуге қызу қам жасауда. Ешкімнің түртпегінсіз, нұсқауынсыз. Сонысы қуанышты. Мереке әзірлігі ортасында Мәпішкен апайдың тәрбиесінкөрген жиені Айгүл Бүркітқызы жүр. Бір жақсысы, жалғыз емес, Доскей жырынан нәр алған, ақын рухына бас иетін азаматтардыңортасында. Дарабоз дарынның туғанына 175 жыл толатын мерекеде бұрын атқарылмай жүрген талай жұмыстың басы қайырылады, Доскей есімін келер ұрпаққа жеткізу үшін келісті шаралар жасалады деп сенгіміз келеді, сондықтан. Ұлтының азаттығын ту етіп көтерген қаһармандарды дәріптеп, халықтық патриотизмді жан-жүрегімен жырлап өткен жампоздың, «Жүрегім», «Қос басқан», «Жалтарма», «Қалқаға», «Ел бірлігі» тәрізді сәулелі өлең жолдарын, «Кенесары», «Тоқа батыр», «Иман-Мағзым», «Қажымұқан» сияқты дастандар қалдырған шалқар ақынның рухы алдындағы парызымыз сонда ғана өтелмек.

P.S. Доскей Әлімбайұлы жайлы ақынның 140 және 150 жылдық мерейлі тойлары тұстарында сөз қозғаппыз. Кейіпкеріміздің немере қызы Мәпішкен апай бақиына көшкелі де біраз уақыт өтті. Сол кездері іс басында болған азаматтардың көбі көлеңкеге кетті. Табиғат заңы бойынша мәңгілік тыным тапқандарынан басқалары зейнеткерлікте. Өзге ұлт өкілдерінің басым бөлігі тарихи отандарына оралды. Ауыл Доскейдің есімін иеленген. Бірақ, осындағы орта мектеп күні бүгінге дейін Елтайдың (жұрт аштықтан қырылып жатқанда нан сұраған жерлестеріне пойыздың есігінен сығалап, «план, жолдастар, план!» деп қайтадан ішке еніп кеткен Е.Ерназаровтың) атында. Дәл осыны түзететін уақыт жеткен сияқты.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері