Ауыл өнерінің қайраткері

«Өнер – халықтікі» деген ел білетін бірауыз сөз бар. Өзі қысқа болса да айтар ойы, жеткізер түсінігі мол. Ол жалпы өнердің қандай түріне болмасын халық иелігін білдіріп, халық арасынан шығатын өнер таланттарынсыз өнер болмайтынын мойындатып тұрған ұлы сөз. Ал «Ауыл – өнер кеніші» деген сөзде осы «Өнер – халықтікі» деген ұлы сөздің түп тамыры ауылда жатқанын меңзейді. Өнердің түрі көп. Оның әр қайсының атқарар міндеті, өзіне тән берер тәрбиесі болады. Сондықтан да өнердің барлық түрін адамның рухани жан дүниесінің баюына, құнарлануына нәр беретін дәрумен деп түсінуіміз қажет.

Өнер әр мезгілде әртүрлі ортадан алған оқу мен тәжірибеден, көрген мен көңілге түйген нәрден қалыптасып дамиды. Ал сол алынған білім мен тәжрибені өмірде дұрыс пайдаланып, ұрпақ игілігіне ұластырса онда ол ұлттың байлығына, тәрбиесіне ұласады. Ең бастысы өнердің қандай түрін болмасын ұлт тәрбисіне, ұрпақ үлгісіне айналдыру үшін жол көрсетер ұстаз қажет. Міне біздің бүгінгі осы мақалаға арқау етпек кейіпкеріміз – ақтоғайлық  азамат, ҚР Мәдениет, театр қайраткері, ҚР Театр қайраткерлері одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, сахна өнерін зерттеуші, сатирик, ақын, сазгер, актер, режиссер, суретші, сценарист, сахна өнерінің ұстазы Шайбеков Аманолла Ақторғайұлы туралы болмақ.

Аужекең қазақтың атақты өнер алыптары туған Тоқырауын өңірінің түлегі. 1972-жылдан бастап қырық жеті жыл Ақтоғай ауданының мәдениет саласында түрлі дәрежедегі қарапайым қызметтерден жетекшілік қызметтерге дейін үздіксіз еңбек етті.

Өзінің еңбек жолында А.Шайбеков халыққа қызмет көрсетудегі мәдениет және өнер саласының білгір және іскер маманы ретінде аудан, облыс, республика көлеміне танымал болды. Оған дәлел Аужекеңнің мәдениет саласында еңбек етіп жүрген кезінде жасаған кейбір еңбегіне тоқтала кетсек артық болмас.

Сонау 1979 жылы өз алдына мекеме болып құрылған аудан орталығындағы Ж.Шайдаров атындағы мәдени демалу саябағы мекемесіне тұңғыш басшы болды. Сол уақытта аудан басшылығы түрлі сылтаумен саябақ ішінен кеңсе құрылысын салуға қаражат бөлмеді. Бірақ Аужекең кедергілерге қарамастан, бұзуға қалдырған бұрынғы оқу-ағарту бөлімінің қырқыншы жылдардың аяғында салынған ескі мекемесін бұзып, саябақ ішінде кеңсе құрылысын бастап кетті. Құрылысқа жетпеген кірпіш, салдау, мәткесін сол кездегі Еңбек совхозының қалған ескі мал қораларынан бұзып әкеліп, толықтырып, кеңсе құрылысын салып шықты…

Басқа да атқарылған жұмыстардың ұсақ-түйектерін айтпағанда, сол саябақ жұмысын жолға қою үшін аудан басшылығынан біраз тайталаспен жүріп 49 000 сом қаражат бөлгізіп, мекеме дүниесін түгендеді. Осы қаражатқа алынған мүліктердің ішінде аудан түгілі кішігірім қалаларда жоқ «Көңілді белестер» (веселые горки) мен ойын автоматтары (11-дана) болды. Билиард, теннис ойын залын ашты. Әрине айта берсек істелген жұмыс жетерлік. Соның ішінде тағы айта кетерлік бір іс – Жезқазған облыстық мәдениет басқармасы басшылығынан тұрғындарға жүрмелі мәдени қызмет көрсетуге де болатынын дәлелдеп, саябақ мекемесіне арнайы УАЗ автокөлігін алдыртқанын айтып өткеніміз дұрыс болар. Бұл жұмыстарды атқара жүріп  Аужекең Ақтоғай халық театрымен қатынасын үзген жоқ. Уақыт өте келе театр өміріне құмарлықтың әсері болар Аужекең басшылықтан гөрі сахна өміріне оралғанын жөн санап, Ақтоғай халық театрына қайтадан режиссерлыққа оралды. Оралу шешімінің дұрыстығын Аужекеңнің ауылды жерлердегі драма үйірмелерінен бірнеше халықтық театрлар құрғандығы дәлел. Олардың ішінде “Қызылтау” және “Шалқар” халық театрлары республика көлеміне танымал жүлдегер ауыл театрлары болды. Шайбеков Аманолла сол театрларда қазақ және туысқан халықтар драматургтерінің  жүзден аса түрлі тақырыптағы шығармаларын сахналады. Сахнада қойылатын түрлі шығарманы дайындау кезеңдерінде өзіндік әдіс-тәсіл класын қалыптастырып, жүздеген шәкірттерді сахна өнеріне бейімдеп, тәрбиеледі. Шайбековтың шығармашылық класы туралы белгілі режиссерлар Ә.Мәмбетов, Қ.Жетпіспаев, Ж.Омаров, С.Ходжиевтар кезінде жоғары пікірлерін білдіріп, Аужекеңді “Ақтоғай өнерін дәріптеуші һәм дамытушы, ауыл театр өнерін қалыптастырушы талант”, – деп баға берген. Себебі, өзі тікелей басшылық еткен қойылымдарына Ақтоғай халық театры екі рет Одақтық байқаулардың лауреаты атанды. Аужекең өзінің сахнадағы қырық жеті жылдық еңбегінде бірнеше халықтық ұжымдарда жүзден аса қойылымдар қойып, жүздеген талантқа ұстаз болды. Яғни ауыл театрлары мен драма үйірмелеріне өзіндік ерекшелігі бар ауылдық жердегі актерлық мектеп қалыптастырды десек артық болмас.

Аманолла Ақторғайұлы Кеңес өкіметі кезінде Одақтық, республикалық, Орта Азия республикалары арасында өткен өнер байқау фестивалдарында өзі жетекшілік еткен Ақтоғай өңірінің өнерін дәріптеп, театр саласында басты орындар иеленіп, ұжымдары бірнеше рет өнер лауреаты атанды.

Егемендігіміздің алғашқы жылдарында ауыл мәдениетін көтеруде де аянбай еңбек етіп, 1990 жылдардағы ауыр кезеңде ауылды жерлердегі мәдениет ошақтарының сақталып қалуы мақсатында Семей, Талдықорған, Павлодар, Қарағанды және Жезқазған, Алматы, Жамбыл облыстарының ауылды жерлерінде өз қаражатымен жүріп, мәдениет ошақтары келешек ұрпаққа рухани қажетті мұра екендігі жөнінде үгіт-насихат жүргізіп, ауылдық клуб үйлерінің талан-таражы болуына жол бермеуге өз үлесін қосты.

Сол тоқсаныншы жылдардағы қиындық кезінде Ақтоғай аудандық мәдениет үйінен уақыт сұранысына қарай жұмыс жасап, мәдениет қызметкерлеріне жұмыс бабындағы кеңес беріп, басшылық жасайтын үлкен көмек орталығы “Әдістемелік орталық” ашты. Ол орталықты талапқа сай жабдықтау мен безендіруге арнайы қаражат бөлінбесе де мекеме жастарын ұйымдастырып, қолға түскен заттармен құрастырып іске қосты. Жасалған еңбек өз нәтижесін беріп, халыққа мәдени қызмет көрсетуде үлкен көмегі тиді. Оған дәлел бүгінгі күні Аужекеңнің мәдениет саласының халық ортасындағы қызметін әр түрлі бағытта қалай табысты жүргізу керектігіне бағыт сілтейтін ғылыми негіздегі “Мәдениет саласы қызыметтеріне әдістеме көмек” және “Театр – кейіпкер тағдыры”, “Ұлылық баспалдағы”, “Баталы жанға бақ қонар” кітаптары.

Қазіргі таңда аталып отырған кітаптары жоғары және арнаулы орта оқу орындарында қосымша оқулық құралы ретінде оқытылуда. Осы шығармалар ішінде театр өнерін, сахна сырын ашып, оқытып үйрететін «ТЕАТР – КЕЙІПКЕР ТАҒДЫРЫ» оқулық кітабы қазақи негізде жан-жақты зерттеліп жазылған сахна сырының алғашқы кітабы десе де болады. Ең бастысы бұл кітаптар ауылды жерлердегі мәдениет ошақтары қызметкерлерінің кәсіби қызметтерін атқаруда өз пайдасын тигізуде.

Осы арадан мақала кейіпкері Аманолла Ақторғайұлының шығармашылықтағы тағы бір ерекшелігі туралы сөз қозғайық. Аужекеңнің сөзін өзі жазып, сазын өзі шығарған жүзден астам әні бар. Негізгі мағынасы бойынша отаншылдық, адамгершілік, сүйіспеншілік, рухани бағыттағы тәлім-тәрбиелік әндері тартымдылығымен ерекшеленеді. Қарағанды қаласының 70 жылдық мерейтойы кезіндегі байқауға “Қарағанды – арқа бағы” әнімен қатысып, республика сазгерлерінің таңдаулы ондығына  кіріп, жүлде алған. Ақындығы жүзден аса өлеңдер және “Жидебайдай ер қайда”, ”Ағыбай” “Нүркен” жырларымен айғақталады. “Ұлытау үні”, ”Бұқарекең жырлайды” жазба ақындар мүшәйраларының түрлі жүлдесінің иегері. А.Шайбеков – сатирик, сахна сатирасының шебері, сатириктердің республикалық “Судыр Ахмет” атындағы жүлдесінің олжагері.

Сценаристігі жөнінде айтар болсақ, ол ауданымызда өтетін күрделі шаралардың барлығына дерлік қойылымдық сценарий жазып, сахналық жүйесін жасап отырды. Жазған сценарийлерінің жүйелілігі мен сапалығы облыстық мәдениет ұжымдарының байқауларында жоғары бағаланып, басты жүлделерге ие болып отырған. Мәдени ошақтарда өтетін мерекелердің, жыл сайынғы жаңа сахналық қойылымдар сценариінің авторы және қоюшы режиссері һәм суретшісі, жасөспірімдер мен балалар арасындағы өнер мен әдебиет саласында Ақтоғай ауданы кәсіптік-техникалық училищесінің оқушылары А.Шайбеков әзірлеген сценарий және режиссерлік шешім бойынша республикада бірінші орын алып, Үнді сапарына бару құрметіне ие болды.

А.Шайбековтың қаламынан туған әдеби-көркем шығармалары қатарында “Баталы жанға бақ қонар”, “Тоқсанның толағайлары”, “Ақсақал болғың келе ме?”, “Сарқылмас сырлы Сарыарқа” атты романын, “Қазақтың қара құты” повестер жинағын атай кеткеніміз жөн болар.

А.Шайбековтың жоғарыдағы аталған шығармаларының негізгі түйіні Ақтоғай өнерін және Арқа өңірінде өмір сүрген “ДАЛА ДАНЫШПАНДАРЫН” дәріптеп, республика көлеміне танымал ету болып саналады.

А.Шайбековтың шығармаларына белгілі әдебиет мамандары мен ғалымдар, журналистер, оқырмандар мерзімді басылымдар беттерінде оң пікірлерін жазған. Мысалы пікір жазушылар қатарында облысымызға белгілі академик Абдуов Мұхамедғали Ілиясұлының, профессор, ғылым докторы С.Б.Жұмағұловтың, академик Ж.Қ.Смағұловтың, жазушы Ә.Нұрпейісов, Д.Исабековтің т.б. ҚР Журналистер мен Жазушылар Одағы мүшелерінің жазған пікірлері А.Шайбеков шығармашылығының көптеген қырларына жарқын сәуле түсіріп тұр.

Аманолла Ақторғайұлы – Қарағанды  облысының тарихи тұлғалары туралы тарихи-тәлімдік насихат жүргізуші. Олай дейтін себебіміз өзі жазған “Сарыарқаның  Жидебайы”  және  “Аққу-іңкәр” драмалары мен бірнеше ондаған өзі жазған сценарийлерді сахналап қойғаны тілге тиек болмақ. ҚР Білім және ғылым министрлігі Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Қазақ халқының рухани мұрасын зерделеу иниститутының “Ер есімі ел есінде”  атты зерттеуіне де А.Шайбековтің жазған еңбектері Орталық Қазақстан тарихы туралы көркем-әдеби құнды материал есебінде енгізілген. А.Шайбековтің мәдениет саласына сіңірген еңбектері және жеке шығармашылығы туралы аудандық, облыстық, республикалық мерзімді басылымдарында ондаған мақалалар жазылды. А. Шайбековтің мәдениет саласында қарапайым халық өнері үшін атқарған еңбегі түрлі дәрежеде мемлекеттік мекемелердің құрметті марапаттарымен аталып келеді.

Бесаспап азамат. 2004-2006 жылдарда облыс әкімі К.Мұхаметжановтың, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Е.Қосыбаевтың, сол кездегі Республикалық “Отан” саяси партиясының хатшысы міндетін атқарушы Б.Жұмабековтың қолынан алуан қырлы еңбегі үшін алғысхаттар, марапаттар алды. Өнер мен мәдениет, драматургия саласындағы табыстары алтынмен апталған “Домбыра”, ”Сүйінші”, “Алтын қобыз” миниатюрлық-символдық тартумен, ақшалай сыйлықтармен аталды. ҚР Егемендігінің 25 жылдығының мерекелік медалімен және басқа да атаулы мерекелік медальдармен марапатталған.

Аужекеңнің өнермен мәдениет саласына сіңірген айтылып отырған еңбектерінен басқада атқарған қызметтері жетерлік. Соның бірі өзімізге белгілі ауылды жерлерде “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша су тартылу кезінде өзі тұратын көшедегі көршілеріне су тартуға он үйге “Ақ бұлақтың” ақшасы жетпей қалғанда өз күшімен үй басына су тартқызып беріп, алғысқа бөленгенін айтсақ та болады.

Мақала соңында айтпаса болмайтын Аужекең туралы бір сырды тоқталайық. Еліміз егемендік алғаннан бері қазақ елінің қарттары арасында “Қазыналы қарттар” деген атпен екі рет Астана және Атырау қалаларында өткен Республикалық қарттар байқауы өтті. Міне сол байқаулардың екеуіне де Аужекең Қарағанды облысы атынан қатысып, облыс қарттарының намысын абройлы қорғап, жоғарғы орындар алды. Ал өткен 2023 жылы Қарағанды қаласының “Қазыналы қарттар” байқауының бас жүлдесін иеленді. Осы орайда әңгіме соңын “Қазыналы қариямызға” денсаулық тілеумен тәмамдайық.

Аңғар СМАҒҰЛ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі