Ауыл бөктеріндегі жусаны мол, самал желі желпіген тыныш өмір тіршіліктері, қой қоздап қорада шу болған, кешқұрым жайылымнан үйге аяңдаған қойлар мен сиырлар ауылға көрік беруде.
Алдымызда қазақтың кең көңіліндей, жібек желмен желпініп жатқан кең жазира даласындағы, Тоқтар батыр ауылына қарасты Қарынши бөлімшесінде, «Ералы» деп аталатын жеке шаруа қожалығы орналасқан. Осындағы тынымсыз еңбек жасап, төрт түлік малды мыңғыртып бағып, мал басын көбейтіп жатқан аптал азаматтардың тыныс – тіршілігі, тату-тәтті бірлігі көңілге жылылық ұялатады.
«Мал өсірсең, қой өсір, берері оның көл көсір» дегендей, жүрген жерінде беделді еңбеккор Сәдуов Ержан ағамыздың балалары Азамат пен Ербұлан (Илья) екеуі мемлекеттен қайтарымсыз мал шаруашылығын дамыту мақсатында 250 бас қой сатып алып, күтіп, баптап төлдетті. Кең, үлкен малға жайлы мал қора салып алды. Өздерінің ауыл шаруашылығына сай техникалары әуел баста болған. Аскар таудай әкелері Ержан аға техникаға жақын, шебер балатын. Қазір әке тәрбиесінен үлгі алған балалары қолындағы малдарын көңілге қуат қылып, берекелі, ықылас пейілмен, кеш жатып, ерте тұрып жұмыс атқарып жатқан ақпейіл еңбекқор жандар. Ата – бабалардың ізі қалған ұлы дала перзенттері, тамырын тереңге жайған текті топырақтың ұрпақтары өзге балалары да осы жерде өсіп өнген. «Туған жердің ауасымен тыныстап, өсіп – өнгенге не жетсін!» дейді еңбекқор ауыл жігіттері.
«Бірлігі жақсының тірлігі тапшы болмайды» – деген әдемі мақал тегін айтылмаса керек-ті. Көпбалалы Алтын алқалы аналары Зина Жолдыбайқызы да ауылға жиі соғып, аналық ақыл-кеңесін айтып қамқорлық көрсетуде. Бүгіндері немере, шөбере мен жиендердің қызықтарын тамашалауда.
Ислам дінінің негізі – адамгершілік пен мейірімділік дегендей, туған — туыс пен бірге иман жүзді адамдарды бағалау, әр адамның асыл қасиеті. Адамдармен араласып бірге болу, жылы қарым-қатынас жасау адамға бақыт сыйлайды. Ауылымыздың Рымбек, Оразбай, Базарбай, Бақтияр, Айдын, Ерлан, Дәулет, Досым, Аслан, Қуаныш, Ерболат, Тұрсын, Сәкен, Бекзат, Нұржан сияқты ұйымшыл азаматтарының тындырымды істері мен қайырымды, мейірімді ізгілік өнегелері көңіл қуантады. Қазақи тәрбиенің қайнарынан қанып ішкен нағыз ұлтжанды жігіттер. Қарапайым адамгершілігі мол, қайырымды жақсы адамдарға жақын жүру, оларды құрметтеу әрбір мұсылманның міндеті. Қасиетті Кұранда: барды қанағат тұтып, өмірде қарапайым болып өмір сүріңдер – делінген.
Ұлттық рухы мықты, қазақи болмысқа тән ауыл азаматтары осы туған жерден, ондағы жандары жайсаң алдыңғы ұрпақтан үлгі алады. Адамның саналы, адами тәртіпті тәрбиесі, жастардың өз еліне деген сүйіспеншілігі, халық дәстүрлеріне құрмет көрсетуі қазақ халқына тән үлкен қасиет. Сонымен бірге, туған елін, жерін құрметтеу ондағы жақын-жуық, ағайын-бауырлардың көңіл қуантарлық жайлы жаңалықтарын есту бір ғанибет.
«Мал баққанға бітеді» демекші, жаздың аптап ыстығы мен бірге, қыстың қаһарлы бет қаратпайтын аязы мен боранды күндері мал басын жоғалтпай күтіп баптау, үлкен қажырлылықпен бірге асқан шыдамдылықты қажет етеді. Ағайынды Сәдуовтардың қарамағында екі Белорусь тракторы, жеңіл автокөліктері бар, еңбек десе ерінбейтін жандары жайсаң азаматтардың, жаңа үлгіде жасақталған құтты шаңырақтары мен ондағы тіршіліктері, өмірдегі тату тірліктері көңілімізге жылы шуақ шашты.
Төрт түлік мал даламызда жайылған, Атқа жақын даланың ол ұланы, Дәстүріміз жалғасады ғасырдан. Өмір жолы ұрпақтармен жалғасып, Өтіп жатыр күн мен түнде алмасып–дегендей, өмірдің тәттілігі еңбекпен ғана жарасып жаңарады.
Ел ағалары ата дәстүр — салтымыздың тұнығын жастардың бойына сіңдіріп, сарқылмас мөлдір бұлақ бастауынан сусындатып, келешек өсіп келе жатқан жақсы істерге жастарды баулуда. Бөтенсуді білмейтін, қонақжай ауыл адамдары еңбекқорлықпен, еліміздің тәуелсіздігінің арқасында татулықпен өмір сүруде. Әр адамның басып өткен әрқилы өмір белестері мен жеткен биік белестері сан қырлы. Қазақи ұлттық салты бар, қазақтың түп тамыры, ұлтымыздың тарихын, салт – дәстүрін қадірлеп, қастерлейтін қазақ халқының, кіндігі де, алтын бесігі де осы ауыл.
Мәуелі мықты емендей жайқалған жапырақтары көрік беріп, қандай қызық немерелер таласқан демекші, мамыражай бақытты ғұмыр кешу адамның өмірін ұзартады. Адам үшін ең қажетті ізгілік, мейірбандық пен парасаттылық болса, ал оның өмірдегі көрінісі жақсы ой мен ата дәстүрін құрметтеу, сыйласу болмақ.
Ал, осынау үлкен шаңырақтың ырыс берекесін арттырып, алып дала дәстүрін шалқытып отырған, ағайынды бауырларға еңбекте шалқар табыс тіледік.
Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ
ҚР Журналистер
одағының мүшесі.
Қарқаралы ауданы,
Қарынши ауылы
