ЖІГІТ ТӨРЕСІ – ЖЕТПІСТЕ!

Уақыт – жүйрік. Кеше ғана ел ісінің бел ортасында жүрген азаматтардың самайына ақ қырау түсіп, кейінгі буынға ақыл айтатын ақсақалдықтың асқарына көтерілгенін аңғармай да қаламыз. Алайда адам ғұмырының ұзақтығы емес, артында қалдырған ізі мен ел жадында сақталған еңбегі маңызды. Осындай өнегелі ғұмыр иелерінің бірі — бүгінде жетпістің жотасына көтеріліп отырған Қалижан Қазкенұлы.

Мен Қалижан ағамызды Ақадыр кенті әкімінің орынбасары қызметінде жүрген кезінен жақсы білемін. Саналы ғұмырын туған өлкесінің өркендеуіне арнаған азаматтың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық тағылымға толы.

Еңбек жолын Көктіңкөлі кеңшарында қарапайым малшы болып бастаған Қалижан Қазкенұлы жастайынан еңбекпен шыңдалды. Білімге деген құштарлығы оны Жезқазған педагогикалық институтына, кейін Алматы қаласындағы Менеджмент, экономика және болжам институтына алып келді. Комсомол және партия жұмыстарында тәжірибе жинақтап, аудандық деңгейдегі жауапты қызметтерде абырой биігінен көрінді.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы ел экономикасы үшін аса күрделі кезеңде Мемлекеттік мүлікті басқару және жекешелендіру жөніндегі Жезқазған және Қарағанды аумақтық комитеттерінде қызмет атқарып, шаруашылықтарды жекешелендіру ісіне белсене қатысты. Бұл — ел өміріндегі үлкен өзгерістер кезеңі еді. Сол жауапты міндеттерді атқаруда оның ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі айқын көрінді.

Ал 2004 жылдан бастап зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін Ақадыр кенті әкімінің орынбасары қызметін атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Халықпен етене жұмыс істеп, ел мүддесін бәрінен жоғары қоя білді.

Ұзақ жылдарғы адал еңбегі мен қоғамдық белсенділігі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарымен, облыс, аудан және кент әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы саласының Құрметті ардагері», «Ауылдағы еңбегі үшін» медальдарының, «Amanat» партиясының «Белсенді қызметі үшін», БЛҚЖО Орталық комитетінің «Комсомолдағы ерен еңбегі үшін», «Шет ауданының Құрметті ардагері» төсбелгілерінің иегері атанды.

Қалижан Қазкенұлының тағы бір қыры – шығармашылық әлемімен астасып жатқан рухани болмысы. Мемлекеттік қызметтің қарбалас тіршілігіне қарамастан, қолынан қаламын тастаған емес. Оның мақалалары мен очерктері, әңгімелері мен өлеңдері оқырман ықыласына бөленіп келеді. Әсіресе «Арқадағы мекенім», «Қазақ елім», «Сары белім – Сарыарқам», «Абзал жандар», «Сыныптастар», «Ақадырым», «Ақсарылы вальсі», «Бақытыма жаралғансың» секілді өлеңдеріне жазылған әндер халық арасына кеңінен таралып, туған жерге деген сүйіспеншіліктің көркем көрінісіне айналды.

Бүгінде қаламгердің «Ғасырлар белесі», «Бақыттың кілті еңбекте», «Еңбек – ел ырысы» атты кітаптары оқырманмен қауышу қарсаңында тұр. Сонымен қатар аудандық «Шет шұғыласы» газетінің Ақадыр өңірі бойынша меншікті тілшісі ретінде де жемісті еңбек етіп келеді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде өңірдің тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттап жүр.

Зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық өмірден шет қалған жоқ. Ақадыр кентінде мұражай ашу бастамасын көтеріп, оның жүзеге асуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде мұражай қорында теміржол тарихына қатысты құнды деректер мен ел ішінен жиналған сегіз жүзге жуық тарихи жәдігер сақтаулы. Бұл – бір адамның табандылығы мен туған жер тарихына деген жанашырлығының жарқын жемісі. Демеушілер тауып, елді мекендерді аралап, тарихи мұраларды жинақтау жолында аянбай еңбек еткен Қалижан ағамыздың бұл ісі кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес рухани қазынаға айналды.

Қалижан Қазкенұлының өмір жолына көз жүгірткен сайын адал еңбек пен азаматтық ұстанымның, туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің үлгісін көреміз. Ол – елдің қамын жеген азамат, қаламын серік еткен қаламгер, көпшілік құрметіне бөленген абзал жан.

Жетпіс жас — өмір белесінің биік бір асуы. Осы мерейлі сәтте Қалижан Қазкенұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілейміз. Қаламыңыз мұқалмасын, ойыңыз сарқылмасын, ел-жұртыңыздың құрметі мен ықыласына бөленіп, абырой биігінен көріне беріңіз!

Мейрам ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ,

«Shet shuǵylasy» газетінің редакторы.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі