Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып отырған «AI-Sana» бағдарламасы студенттердің жасанды интеллект саласындағы білімін жетілдіруге, заманауи технологияларды меңгеруге және еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуына зор мүмкіндік береді. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенттері осы бағдарламаға қатысып, жасанды интеллектің негізгі қағидаларын, цифрлық технологияларды тиімді пайдалануды, деректермен жұмыс істеуді және инновациялық шешімдерді әзірлеуді үйренеді. Сонымен қатар, курс теориялық біліммен қатар практикалық тапсырмаларға негізделгендіктен, қатысушылар алған білімдерін нақты жобаларда қолдану тәжірибесіне ие болады. Бұл олардың кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
«AI-Sana» бағдарламасының тағы бір маңызды ерекшелігі – студенттердің кәсіби және тұлғалық құзыреттерін қатар дамытуы. Бағдарлама барысында болашақ мамандар техникалық біліммен қатар сыни ойлау, коммуникация, командада жұмыс істеу, көшбасшылық және уақытты тиімді басқару сияқты маңызды soft skills дағдыларын жетілдіреді. Бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, кәсіби дамуына берік негіз қалайды.
«AI-Sana» – студенттердің цифрлық білімін арттырып қана қоймай, олардың инновациялық жобаларға қатысуына, ғылыми ізденістерін дамытуына және халықаралық деңгейде сұранысқа ие маман болып қалыптасуына жол ашатын маңызды білім беру бағдарламасы. Бүгінгі таңда жасанды интеллектті меңгеру – заман талабы. Ал «AI-Sana» сол талапқа сай білім алып, болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік беретін бірегей жоба.
Алма АҚЫНЖАНОВА,
Гүлмира САҒАТОВА
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті
