Header Banner

Құран нұры ұялаған күн

Адамзат баласының рухани дүниесінде Құранның алар орны ерекше. Ол – жүрекке тыныштық сыйлап, адамды имандылыққа, ізгілікке, сабыр мен мейірімге бастайтын қасиетті кітап. Құранды оқу, жаттау және оның мағынасын ұғынуға ұмтылу – сауапты іс әрі кейінгі ұрпаққа өнеге болар үлкен тәрбие мектебі.

Осындай тағылымы мол игі шараның бірі Ақадыр кентіндегі Иса молла атындағы мұсылмандар мешітінде ұйымдастырылды. Құран жарысы қасиетті Құранды жүректеріне серік еткен жастар мен жамағаттың басын қосып, рухани мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор шараға айналды.

Аталған байқау хафиз, молла Омарұлы Мұхамбетжан мен оның ұрпағы Мұхамбетжанұлы Шәкәрім қажының рухтарына құрмет көрсету, оларды еске алу мақсатында өткізілді. Ел ішінде имандылықты ту етіп, діни сауаттылықтың артуына үлес қосқан азаматтардың есімдерін ұлықтау – кейінгі ұрпаққа өнеге. Шараны ұйымдастыруға мұрындық болып, үлкен демеушілік жасаған да – марқұмдардың ұрпақтары. Бұл – ата-баба рухына деген құрметтің, әулет сабақтастығы мен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.

Жарысқа облысымыздың қалалары мен аудандарындағы мешіттерден қырыққа жуық шәкірт қатысты. Қатысушылардың жасы 6-дан 50 жасқа дейін болды. Бұған дейін Құран жарыстарында жүлделі орын алған, қарилық медреселерде білім алып жүрген немесе медресені тәмамдағандар байқауға қатыстырылмады. Мұндағы мақсат – Құранды өз бетінше жаттап, ықыласпен оқып жүрген жамағат өкілдеріне мүмкіндік беру.

Ересектер 29 және 30-паралардағы сүрелер мен аяттарды жатқа оқудан бақ сынаса, жасөспірімдер «Фил» сүресінен «Нас» сүресіне дейінгі сүрелерді жатқа айту бойынша жарысты. Жарты күнге созылған сайыста қатысушылар Құранды жаттау деңгейі мен оқу мәнерін көрсетіп, қазылар алқасының әділ бағасына ие болды.

Екі параны жатқа оқу бойынша Қарағанды қаласынан арнайы келген қонағымыз Мұса Мұхамедәли Мұратұлы үздік шығып, бас жүлдеге ие болды. Оған арнайы дипломмен бірге демеушілер атынан Умра қажылығына баруға тегін жолдама табысталды.

Берілген жүлде қатысушыларға үлкен ынта беретін, жарыстың мәртебесін арттыратын ерекше сый.

Ақадырдың абыройын қорғаған жерлесіміз Қалижан Айғаным да жүлделі орыннан көрініп, тоңазытқыш иеленді. Ал жасөспірімдер арасындағы бәсекеде тағы бір жерлесіміз Қалижан Есенәлидің мерейі үстем болды. Жас талапкер Құран сүрелерін жатқа айтудан жоғары нәтиже көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Оған демеушілер атынан шаңсорғыш табысталды. Жүлделер қатарында теледидар, термопот және түрлі тұрмыстық пештер де болды.

Мұндай жеңістер балалар мен жастардың діни сауаттылыққа деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Құран жаттаған бала діни біліммен қатар тәртіпке, шыдамдылыққа, ізденіске, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға тәрбиеленеді. Сондықтан мұндай жарыстардың тәрбиелік мәні айрықша.

Жалпы, Ақадыр кентіндегі Иса молла атындағы мешіттің соңғы жылдардағы жұмысына назар аударсақ, оның елдің рухани өміріндегі орны нығайып келе жатқанын аңғаруға болады. Мешітті Оңғарұлы Нұржан басқарып келе жатқан кезеңде жамағаттың мешітке деген ықыласы артып, намазға келушілердің қатары көбейген. Әсіресе Ораза айт, Құрбан айт және жұма намазы күндері мешіттің жамағатқа лық толуы – елдің рухани құндылықтарға деген құрметінің белгісі.

Мешіт бүгінде намаз оқитын орын ғана емес, халықты ізгілікке үндейтін рухани орталыққа айналып отыр. Ғимарат ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жамағатқа қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлінуде. Мәйітхана салынып, оның жұмысын ұйымдастыру бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Қысқы кезеңге дайындық барысында жылу қазандығы мәселесі де ретке келтірілуде.

Мешіт жанындағы асхана да халық игілігіне қызмет етіп келеді. Қайтыс болған адамның, олардың жылдық асы, қырық күндігі, еске алу шаралары және басқа да діни рәсімдер осында өткізіледі. Сыйымдылығы жағынан елді мекендегі ірі қоғамдық орындардың бірі болып саналатын бұл нысан ауыл тұрғындары үшін үлкен қолайлылық туғызуда.

Мешіт жанындағы Әлия ұстаз жетекшілік ететін медреседе балалар мен жастардың діни сауатын арттыруға, Құран сүрелерін үйренуіне және исламның ізгілікке үндейтін құндылықтарын түсінуіне мүмкіндік жасалған. Бүгінгі ақпараттық заманда жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруде ата-анамен бірге ұстаздар мен мешіттің де ықпалы зор.

Сонымен қатар мешітте Қадір түні, айт күндері және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың дүниеге келген күніне орай рухани-танымдық шаралар ұйымдастырылып тұрады. Жағдайы төмен, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсетіліп, қайырымдылық шаралары да тұрақты түрде жүзеге асырылуда.

Құран жарысының соңында демеушілік көрсетіп, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Шәкәрім қажының ұрпақтары бабаларының және әулеттен өмірден өткен барша марқұмдардың рухына Құран бағыштап, ас берді. Ас беру – халқымыздың дәстүрі мен ислам дініндегі ізгі амалдардың сабақтастығын көрсететін тағылымды іс.

Жалпы, мұндай шаралардың мәні жеңімпаздарды анықтап, сыйлық табыстаумен ғана шектелмейді. Оның астарында жас ұрпақты Құранға жақындату, ата-баба рухын ұлықтау, қайырымдылықты дәріптеу, ел арасындағы бірлік пен татулықты нығайту сияқты үлкен мақсат жатыр.

Ақадырдағы Иса молла атындағы мешіттің бүгінгі тыныс-тіршілігі – осының айғағы. Жамағат бір шаңырақтың астында бас қосып, Құран оқып, білім алып, қайырымдылық жасап, жастарға дұрыс бағыт беруде.

Ендеше, қасиетті Құранды дәріптеп, ата-баба рухын ұлықтаған бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, Ақадырдың рухани өміріне береке әкелсін! Мешіттен тараған имандылық сәулесі әр шаңыраққа жылу сыйлап, жастарымызды ізгілікке, үлкендерді өнегеге, барша ел-жұртты бірлік пен татулыққа бастай бергей!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті