12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Халықаралық жастар күнін БҰҰ Бас Ассамблеясы 1999 жылғы 17 желтоқсанда бекітіп, алғаш рет 2000 жылғы 12 тамызда аталып өтті. Бұл туралы БҰҰ-ның ресми сайтында көрсетілген.
Қазақстанда жастарға білім алу, жұмысқа орналасу, тәжірибе жинау, кәсіп бастау, гранттарға қатысу және волонтерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін түрлі бағдарламалар бар.
Қарағанды облысының жастарына арналған көптеген ақпаратты Saryarqa Jastary платформасынан бақылауға болады. Мұнда жастарға арналған жобалар, байқаулар, гранттар мен басқа да мүмкіндіктер жарияланып отырады. Солардың бірі Jas Fund жобасы. Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, жоба жастардың шығармашылық және зияткерлік бастамаларын қолдауға бағытталған. Қатысушылар қаржылай қолдауды олимпиада, байқау, көрме сияқты іс-шараларға қатысуға немесе өздерінің шығармашылық, зияткерлік және қоғамдық жобаларын жүзеге асыруға пайдалана алады. Жастарға қажетті ақпаратты Жастар ресурстық орталықтары арқылы да алуға болады. Қарағанды облысында жастарға арналған JasProKrg Telegram боты жұмыс істейді. Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, онда волонтерлік, дебат, кәсіпкерлік және басқа бағыттар бойынша ақпарат беріледі. Жастардың жазғы уақытта еңбек тәжірибесін жинауына «Жасыл ел» жобасы да мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында жастар экологиялық жұмыстарға қатысады. Жоба туралы ақпарат өңірлік жастар ресурстық орталықтары мен әкімдіктердің ресми сайттарында жарияланады.
Волонтерлік те жастар үшін маңызды бағыттардың бірі. Волонтерлер әлеуметтік, экологиялық, мәдени, спорттық және қайырымдылық жобаларға қатыса алады. Осылайша жастар қоғамдық жұмыстарға араласып, басқа адамдармен коммуникация орнатып, ұйымдастырушылық және командалық жұмыс тәжірибесін жинайды.
2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы. БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында хабарланған. Қазақстанда жыл аясында волонтерлік жобалар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мысалы, UNICEF Қазақстанда жастарды әлеуметтік бастамаларға, оқуға және көшбасшылықты дамытуға тартатын «ЮНИСЕФ Жастары» платформасын іске қосты. Волонтерлікпен айналысқан жас өзіне тәжірибе ғана емес, қоғамға пайдалы болудың маңызын да түсінеді.
Жастар – елдің болашағы ғана емес, бүгінгі дамуына да үлес қосып отырған буын. Білім алып, еңбек етіп, жаңа идея ұсынып, қоғамға пайдалы іс атқарған әр жас – ел болашағына жасалған инвестиция. Сондықтан берілген мүмкіндікті пайдалану – тек өзің үшін емес, қоғам үшін де өте маңызды.
Аяулым НАЗЫМХИХМАТ,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті филология факультетінің 2-курс студенті
