Облыста қатардағы азаматардан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарды да жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта түрлі бағдарламалар іске қосылған. Соның арқасында бүгінде аймақтағы мүгедек жандардың 39 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары.
Былтыр барлығы 1 375 мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналасты. Олардың шамамен 400-і тұрақты жұмыс орындарына қабылданды. Сұранысқа ие мамандар қатарында бухгалтер, инженер, автоматтандырылған желілер операторы, аспаз және қосалқы жұмысшы сынды кадрлар бар. Бұдан бөлек, 582 азамат субсидияланатын жұмыс орындарына тартылды. Яғни, қоғамдық жұмыс, «Күміс жас» және «Алтын жас» жобалары, «Жастар тәжірибесі» мен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары аясында еңбекпен қамтылды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуда өңірдегі кәсіпорындар белсенділік танытып отырғанын атап өту керек. Жұмыс берушілер оларға арналған арнайы жұмыс орындарын да құруға ынталы. Соған сай былтыр қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған 15 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде есту, көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар екі қолға бір күрек тауып, тұрақты табысқа ие болды.
Сондай-ақ өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіби даярлау жүйесіне баса мән беріліп отыр. Азаматтар көбіне тігінші мен электрші мамандықтарынан бастап, дәнекерлеуші және автослесарьға дейінгі жұмысшы кәсіптерін меңгеруде.
Бұдан бөлек онлайн оқыту жолға қойылды. Тұрғындар Skills Enbek платформасы арқылы оқудан өтіп датыр. Ал JumysTap жобасы аясында Қарағанды мен Теміртауда кеңес беру пункттері ашылды. Бұл жерлерде басы артық бюрократиялық рәсімдерсіз оқыту жүргізіліп, мамандарға жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіледі. Және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға арналған қысқамерзімді курстар ұйымдастырылды.
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандар тек кәсіпорындар мен қызмет көрсету саласында ғана еңбек етіп жүрген жоқ. Олар мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке кәсіптерін де ашты. Қолдаулар қатарында кәсіп ашуға немесе оны дамытуға арналған гранттарға сұраныс жоғары.
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр «Бастау – Бизнес» бағдарламасы аясында 255 адам оқудан өтті. Соның арқасында әрқайсысының сомасы 400 айлық есептік көрсеткішке дейін баратын 96 грант берілді. Осы қаражаттың есебінен аймақта бірнеше ателье, шеберханалар мен наубайханалар, тұрмыстық техника мен автокөліктерді жөндеу сервистері, клинингтік компаниялар, сондай-ақ спорттық және сауықтыру орталықтары ашылды.
Ал биыл облыста шамамен екі мың мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Алайда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс орындарының санын қайта қарап, ұлғайтуды тапсырған еді.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі жүйелі әрі нақты тәсілді талап етеді. Белгіленген квоталар мен іске асырылып жатқан жобалар еңбекке қабілетті азаматтардың нақты саны мен оларды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктеріне сай болуға тиіс. Осыған байланысты қалалар мен аудандардың әкімдеріне көрсеткіштерді қайта қарап, әрбір бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.
Бұл межеге жетуге Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан бастаманың үлгісі бойынша қолға алынатын JOB COACH жобасы ықпал етуге тиіс. Жоба мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбек нарығында бейімдеуге және тұрақты жұмысқа орналасу кезеңінде қолдауға бағытталған.
Бұл мақсатт қалалар мен аудандардағы мансап орталықтарында арнайы мамандар бекітіліп, олар үміткерлерге кәсіби бағдар беру, бос жұмыс орындарын іріктеу, оқыту және жұмыс орнында бейімделу мәселелері бойынша қолдау көрсететін болады.
Манас АҚСАРЫ
