Қазіргі әлемде экологиялық мәселелер мен адам өмірінің қауіпсіздігі алдыңғы қатарға шықты. Климаттың өзгеруі, өндірістік қалдықтардың көбеюі, табиғи апаттардың жиілеуі – осының барлығы қоғамға жаңа буын мамандарын қажет етеді. Осындай маңызды бағыттардың бірі – «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығы.
Бұл мамандықты таңдағандар табиғатты қорғау, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу салаларында білім алады. Аталған мамандықтың басты ерекшелігі – оның тәжірибелік маңыздылығы. Білім алушылар оқу барысында зертханалық жұмыстар, өндірістік тәжірибелер арқылы нақты дағдылар қалыптастырады. Олар қоршаған ортаның ластану деңгейін анықтау, экологиялық сараптама жүргізу, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету сияқты кәсіби біліктіліктерді игереді.
Бұл бағытты таңдаған түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы жоғары. Олар өндірістік кәсіпорындарда, экологиялық ұйымдарда, мемлекеттік мекемелерде, төтенше жағдайлар қызметінде, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарында жұмыс істей алады. Сонымен қатар, ірі компанияларда экологиялық қауіпсіздік инженері немесе еңбекті қорғау маманы ретінде қызмет атқарады.
Мамандықтың тағы бір маңызды қыры – оның қоғамға пайдасы. Бұл салада еңбек ететін мамандар адамдардың өмірін сақтауға, табиғатты қорғауға және болашақ ұрпаққа таза орта қалдыруға үлес қосады. Яғни, бұл тек кәсіп емес, үлкен жауапкершілік пен миссия.
Егер сіз табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын, жауапкершілігі жоғары, заманауи және сұранысқа ие маман болғыңыз келсе – осы мамандықты таңдаңыз. Университет қабырғасында алған білім сізге кәсіби дамуға, тұрақты жұмысқа және қоғамға пайда әкелуге мүмкіндік береді.
Сіздің болашағыңыз – қауіпсіздік пен экология саласында! Таңдауыңызды бүгін жасаңыз! Сізді Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне оқуға шақырамын!
Қоршаған ортаны қорғау мен өмір тіршілігінің қауіпсіздігі – өзара тығыз байланысты ұғымдар. Табиғатты сақтау арқылы біз өз өміріміздің сапасын жақсартып, денсаулығымызды қорғаймыз. Сондықтан әрбір адам табиғатқа жанашырлықпен қарап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуы тиіс.
Қарлығаш НҰРЖАНОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
