Сиыр өсірем десеңіз…

Елімізде мал тұқымын асылдандыруға баса көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, ірі қараға қатысты ауқымды жоспар түзілген. Мәселен, алдағы екі жылда еліміздегі сүт өндірісін 400 мың тоннаға ұлғайту керек. Қазір еліміздегі агроқұрылымдар 6 миллион тоннадан астам сүт береді. Бұл көлемді арттыру үшін асыл тұқымды сиыр санын көбейту керек екені белгілі. Осы ретте қолдан ұрықтандырудың пайдасы зор. Мамандар бұл тайыншаны сатып алғаннан бірнеше есе арзанға түсетінін айтады.

Алтынбек Жоланов басқаратын компания мал баққан ағайынға асыл тұқымды ірі қара ұрықтарын жеткізумен айналысады. 2012 жылы ашылған мекеме жылына 50 мың дозаға дейін ұрық сатады. Негізінен, Америка мен Еуропадан әкеледі. Сонымен қатар, шаруаларға асыл тұқымды малмен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретеді. Маманның айтуынша, қолдан ұрықтандыру – экономикалық тұрғыдан тиімді.

– 2010 жылдан бастап сүтті, етті сиырлар көптеп әкелінді. Әрине, алғашқыда Қазақстанның климатына көндіге алмай, өлгендері де болды. Бірақ, негізінен жерсініп кетті. Шаруалар да бастапқыда олардың бабын білмеді. Герефорд, ангус, голштин тайыншалары көптеп жеткізілді. Ол, әрине көп шығын. Мәшинемен тасыды. Ұшақпен Еуропадан, Америкадан ұшақпен әкелді. Бір тайыншаны әкелуге 2500-3000 доллардай шығын кетеді. Ал, бір ұрықты әкелу үшін 20-ақ доллар шығындаласыз. Айырмашылығы көп қой енді, әрине, – дейді Алтынбек Жоланов.

Қазір Үкімет Зеңгі баба тұқымын асылдандыруға баса көңіл бөліп отыр. Түрлі қолдау шарасы қарастырылған. Соның арқасында асыл тұқымды ірі қара басы жыл санап өсіп келеді. Мәселен, 2010 жылы 344 мың болса, былтыр 1 миллионнан асты. Негізінен, қазақтың ақбас сиыры, герефорд, әулиекөл, симментал мен ангус тұқымдары өсіріледі.

– Мал басын асылдандыру жұмыстарына субсидия қарастырылған. Мысалы, ірі қара малды алатын болсақ, егер ол тауарлы, бірақ асыл тұқымды мал болмаса, 10 мың теңгеден әрбір басына төленеді. Асылтұқымды мал болса, жылына әр басына 15 мың теңгеден төленеді. Және де оған қоса ұрықтандыру жұмыстары да субсидияланады, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы салаларын дамыту басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.

Етті-сүтті сиырдың отандық тұқымын сатып алғанда – 150 мың теңге, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері мен Украинадан әкелінгенде – 225 мың теңге төленеді. Ал, Аустралия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдері мен Еуропа елдерінен жеткізілген сиырларға 300 мың теңгеден субсидия беріледі. Сүтті сиырларға келсек, отандық тұқымға – 200 мың теңге, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері мен украиналық сиырға – 225 мың теңге, Аустралия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдері мен Еуропа елдерінен әкелінген сиырдың әр басына 400 мың теңге субсидия қарастырылған. Дегенмен, мамандар асыл тұқымды малды алыстан тасымай-ақ, қолдан ұрықтандыруды барынша дамыту керек, дейді.

– Қолдан ұрықтандырудың тиімді жерлері көп. Оның тиімді жері, біріншіден, туатын мезгілінде. Мысалға, бір жерлерде қыста тудырғанды жөн көреді. Өйткені, қыста сүттің бағасы өседі. Барлығы да пайда көремін дейді ғой. Кейбіреулер жазда, шөптің, азықтың мол кезі, сол кезде бұзаулатқанды жақсы көреді, – дейді сарапшы Бауыржан Бошымов

Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, қазір агроқұрылымдардағы ірі қараны қолдан ұрықтандырудың үлесі 70 пайызға жуықтайды. Бұл тәсілдің тағы бір тиімді тұсы – ұрықты жынысына қарай сатып алуға болады. Мәселен, сауын сиырды көбейткіңіз келсе, ұрғашы бұзаудың ұрығына тапсырыс бересіз. Оның үстіне, бір жынысты дозаға субсидия көбірек төленеді.

Қазіргі таңда билік алдында импортты отандық өніммен алмастыру міндеті тұр. Яғни, шетелдік ұрықтың көлемін азайту керек. Елдегі етті сиырдың 60 пайызы қазақтың ақбас сиырына тиесілі. Мамандардың бұл тұқымның өнімі ангус пен герефордтан кем емес дейді. Мәселе – олардың қанын жақсартатын зауыттарды көбейтуде болып тұр.

– Ет шаруашылығында бұрын 4 зауыт болды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында Алабота, Қалбатау дегендер бар. Оларда сынақтан өткен бұқалар болды. Қазір сол бұқалар жетіспейді бізге. Қазақтың ақбасын арттыру үшін бұқаларын көбейту қажет, – дейді мал басын асылдандыру бойынша менеджер Асқар Естанов.

Ғалымдардың айтуынша, қысы – қатал, шілдесі – шіліңгір қазақтың жері кез келген сиыр тұқымын өсіруге келмейді. Жем-шөп қорын да ескеру қажет. Мысалы, шығыстағы сүтті сиыр шаруашылықтары – симментал тұқымын өсіргені жөн. Солтүстік өңір қарала сиырға қолайлы. Ал, Арқаның қытымыр қысына қырдың қызыл сиыры төзімді келеді.

Қарағанды облысында 486,4 мың ірі қара бар. Биыл ол межені 493,6 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, ет өндірісін – 124,2 мың тоннаға, сүт көлемін 477,4 мың тоннаға жеткізу міндеті тұр. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілмек.

– 2024 жылға арналған жоспар бойынша Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешен алдына қойған міндеттерін іске асыру үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылшаруашылығы өнімін өндіру көлемін және оның экспорттық әлеуетін ұлғайту жөніндегі шаралар жүзеге асырылатын болады. Облыс бойынша ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерін мемлекеттік қолдау аясында жалпы сомасы 22 млрд. теңге деңгейінде қаржы қарастырылған. Мал шаруашылығын субсидиялауға 5,3 млрд теңге бағытталады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.

Манас АҚСАРЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *