Ізгілік пен бостандықтың салтанат құрған күні – Жеңістің 80 жылдық мерекесін тойлайтын күн де жақындап келеді. Адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген, фашизмге қарсы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл шайқастарына қатысқандар өмірін кейінгі ұрпақтарға әңгімелеу – біздерге парыз.
Осы орайда Нұркен атындағы кеңшардан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер марқұм атам Оспанов Дәуітбек туралы әңгіме қозғамақпын. Атам Дәуітбек Оспанұлының туған жері бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, 5-ауыл, бертіңгі «Кеңестас» қолхозы. Әкесі Оспан темірден түйме түйген айтулы ұста болыпты. «Әке көрген оқ жонар» деген халқымыздың өмір тәжірибесінен алып айтқан нақыл сөзі бар ғой. Атам да жасынан темір-терсекке үйір болады. Көріктің қызуында балқыған темірді қайысша илейтін атам мамандығына қызыға қарайтын. Айналсоқтап жанынан шықпайтын. Ержете келе ұста болды. Жас ұста алғашқы еңбек жолын Қарағанды қаласында Пархоменко атындағы заводта бастады.
Жаңа ұйымдаса бастаған ұсақ колхоздардың шаруашылықты жүргізудегі өзекті бір тұтқасы ұстаның қолында болатын. Жер көлік жеккен соқамен жыртылатын, бар транспорт күші ат-арба, өгіз арба. Ат тырмауыш, шөп машина, қырманда астық бастыруды – әуелгі кезде ат тұяғымен жүргізсе, кейінде каток тас шықты. Міне осындай жұмыстарды атқару үшін керекті құрал-саймандарды жөндеу, темір тетіктерін жасау жұмыстарының қай-қайсысы болмасын ұстаның қолынан өтетін.
– Ауылға келісімен атам ұсталық кәсібіне қызу араласып кетті. Ол тек ұста дүкенінде отыра бермейтін өзіне бекітіліп берілген қасқа өгізге ер-тоқымын салып жіберіп, қоржынының екі басына керекті саймандарын толтырып алып, пішеншілер қасына барып, шөп тасып жүрген арбаны, ат-тырма т.б саймандарды сынған-бүлінгенін қолма-қол жөндеп беретін. Жұмыстың қайнаған нүктесінің қайсысында болмасын балғасын құлаштай ұрып, терлеп-тепшіп жүрген ұстаны көретінбіз, – дейді атамды білетін нұркендік қариялар.
Осындай талапты шебердің бейбіт өмірдегі өрлеп келе жатқан жемісті еңбегінің шырқын – гитлерлік фашист-басқыншылардың біздің елімізге опасыздықтан жасаған шабуылы бұзды. Ел басына қатерлі күн туған шақта атам да қолына қару алып, Отанын зұлым жаудан қорғауға аттанған-ды. Ол кезде жиырма бес жаста екен. Бұл 1942 жылдың көктемі болатын. Қысқа дайындықтан өткен ол қарулас жолдастарымен бірге майдан шебіне тартты, Балтық теңізі жағалауынан бір-ақ шықты. Ленинградты қорғаушы Балтық-теңіз флотының бірінші линиясында 127-полктың бірінші батальонының құрамында жүріп соғысқа енді. «Ленин қаласын қорғауға қатысқанымды өзіме мақтаныш тұтамын», – дейтін атам әңгімелесе қалғанда.
Алғы шеттегі бірінші батальонның бірінші ротасында жүріп атам бірнеше рет жараланды да. Соңғы рет жараланғанда госпитальда жатып емделді. Сауыққан соң өз бөлімшесіне қайта оралды. Бөлімше командирі капитан Малышев, оның саяси орынбасары аға лейтенант Қаржақов, старшина Понамарев сияқты майдандос достары оны құшақ жая қарсы алды. 1944 жылы жеңімпаз Қызыл Армия Батыс Европа елдері Польша, Чехословакияны басқыншы жаудан азат еткенде атам ішінде жүрді.
«Қырғын ұрыс кезінде дарымаған оққа өзім іздеп барып ұшырай жаздағаным бар. Сонда Федор деген жан досым аман алып қалған еді», – деген атам марқұмның мына бір әңгімесі әлі есімде. «Польша жерінде енгенімізде бір деревняда аз аялдадық. Демалыс сәтінде деревня аралай жүріп құдды өзіміздің ауылдағы сияқты ұста дүкенін байқап қалдым да, ішіне еніп көргім келіп тақай бердім. Осы сәт мылтық дауысы шаңқ етті. Аман екенмін әйтеуір. «Мен болмасам тірі қалмас едің, әне қара! – деп Федор тұр қасымда, Дүкенге қарасам, терезесі быт-шыт «Сені көздеп жатқан жауызды көріп қалып бұрын атып үлгердім», – дейді досым. Ұсталық кәсіпті аңсауым осылай бір есте қалды», – дейді атам. Соғыс бітіп, атам елге жеңіспен оралғанын ерекше сезіммен айтты. Омырауында «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырап келген оны туған-туыстары зор қуанышпен қарсы алды.
Соғыс біткен жылдары «Кеңестас», «Жаңатоған», «Ақшоқы», «Жекежал», Нұркен атындағы колхоздар бірігіп іріленген ұжымшарлар Нұркен атындағы колхоз, кейінде совхоз болды. Атамның елге келген соң еңбек еткен жері – осы Нұркен атындағы шаруашылық. Соғыстан келген соң Сәбила есімді қызға (әжем) үйленді, балалы-шағалы болды. Атамның өзі сүйетін кәсібі ұста дүкенін дереу іске қосып, көрікті қыздыра түсті. Ол Нұркен атындағы шаруашылықты өркендетуге сүбелі үлес қосты. «Тың жерді игергені үшін» медалінің иегері атанды. 1972 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградаталды. Тағы да көптеген медальдардың иесі. Оның алған дипломдары мен Құрмет грамоталары өз алдына бір төбе.
Атам тек қоғамдық еңбекте ғана емес, шебер ісмер ретінде адамға деген қайырымдылығы мол болушы еді. Атамның қолынан шыққан самаурын тұрбасы мен үш аяқты ақшәйнек қайнатқыш күні бүгін Нұркен атындағы шаруашылықтың тұрғындары Дәнәпия, Гүлнар апалардың үйінен көруге болады. Сол кездерде біреу арбасының дөңгелегінің шенін тарттыру, біреу шана тәртесінің түбін темірлету дегендей, келген адамның қажетін шығарып, атам қанша жұмыс бастылығына қарамастан қолма-қол істеп беретін. Және көк тиын ақы алмайтын. Қайта ақша ұсынғандар болса: «Мұныңыз қалай, отағасы, бір ауылда тұрып, көрмейтін, білмейтін адамдар емеспіз», – деп реніш білдіретін.
Атамның айтқан әңгімелерін еске түсіргенде «Қан майданда қалыптасқан достығы» жайлы айтпай кетуге болмайды. Өзін ажалдан алып қалған майдандас досы, белорус жігіті Федор Понамаревтен хат келді бір күні атама. Хатта ол сағынғанын айтып, атамды Минск қаласындағы үйіне қонаққа шақырыпты. Бұған атам: «Әуелі сен кел біздің елге», – деп, Федорға жауап хат жолдады. Федор сонау Минскіден келіп, шілде айында досының үйінде бір ай жатты. Федор қонақта, демалып жүргенін ұмытып кетіп, ұста дүкеніне барып, досына балғашы болып көмектесетін. Федорды атам жаздай жібермеді. Кең қолды, дархан мінезді қазағымыздың бірі атам қысқа қарсы Федорға енші бергендей, артынтып-тартынтып, Минскіге өзі апарып салды. Бірі Белорусияның астанасында, екіншісі Орталық Қазақстандағы ауылда тұрсада жер қашықтығы бұлардың арасындағы достық жібін үзе алмады. Екі дос жиі хат алысып, мереке күндері қарсаңында бір біріне арнайы сый-сыбаға жіберіп тұрды. Көзінің тірісінде атам айтып отырушы еді: «Қан майданда қалыптасқан достық бәріненде күшті!» – деп. Аға ұрпақтың мұндай ғажайып қасиеттері бүгінгі ұрпақ үшін өнеге – ақ қой, шіркін!
«Әкені көріп ұл өсер, шешені көріп қыз өсер», – демекші, атамның арта қалған ұрпақтары өсіп-өніп, еліне қадірлі ұл-қыз атануда. Атамның арттағы балалары мен немерелері осылай жеке-жеке үй болып, әке мен ата атағына кір келтірмей өсіп, ержетуде. Барлығы да халқына адал қызмет етуде. Атамның әруағы да оларға риза шығар. Көзі тірісінде айтып, сол кезде бала болсам да есте қаларлықтай атамның өз аузынан естіген әңгімелер мен үшін құнды деректер. Майданда да, тылда да азаматтық борышын елі, Отаны алдында ақтап өткен атам Дәуітбек Оспанұлын 80 жылдық Жеңіс алдында да еске түсіруді абыройлы іс санадым.
Қымбат ОСПАНОВА,
мұғалім, мектеп-гимназия директоры