Батыр – ел қорғаны

«Жеңістің, биылғы мерекесі Қазақстанның, бірде-бір азаматын бейжай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз… Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың өшпес ерлігін міндетті түрде жадымызда жаңғыртамыз».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

 

Кешегі Кеңестер Одағында Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ халқы ата-баба дәстүрін жалғады, батырлықтың сан алуан үлгісін танытты. Мәскеу түбіндегі 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде Бауыржан Момышұлы өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты, 5 рет қоршауды бұзып негізгі жауынгерлік құраммен аман-есен дивизиясына қосылды.  Ресейдегі Волоколамск, Горюнь, Матренино, Лопастино, Крюково, Бородино, Трашково т.б. қала, деревнялар үшін болған қырғын ұрыстарда 9 рет асқан ерлік үлгісін көрсетті. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды.

1941 жылы Алматыда жасақталған 316-атқыштар (8 гвардиялық ) дивизияның 1075-полкіндегі 4-ротаның жиырма сегіз жауынгерінің Дубосеково разьезі түбіндегі шайқасы бүкіл әлемге мәлім. 20 танкіні алдына салған жау  шабуылын бастады. Шайқас төрт сағатқа созылды. Гитлершілер тағы да 30 танкіні ұрысқа қосты. Тірі қалған жолдастарына: «Ресей ұлан-байтақ, бірақ шегінер жер жоқ. Артымызда – Мәскеу», – деп жігер берген саяси жетекші В.Клочковтың сөзі тарихта қалды. Жау танкілері қирап жатты. Батырлардың көбі осы жерде құрбан болды. Бұлар кімдер? Қазақ жігіттері – Әлікбай Қосаев пен Нарсұтбай Есболатов және олардың Отан үшін құрбан болған жолдастарының есімдері ел есінде мәңгі қалды.

Жанған самолеттерін дұшпан төбесіне найзағайдай түсірген 200-ден астам ер есімін атау орынды. Олардың қатарында қазақстандық Н.Әбдіров, М.Янко, Александр Скнарев, Василий Синчук, Петр Надеждин, Сергей Морозов сияқты қайран ерлер, қыршын жастар, елін, жерін, халқын сүйген патриоттар бар. (Ақтаңдақтар ақиқаты. А.,1992.148 – 149 б.).

«Қазақ халқының даңқты ұлдары ұрыс даласында Отанға жақсы қызмет етті. Екінші Беларусь майданының жауынгерлері өздерінің қарулас бауырлары – қазақ батырлары С.Есқалиев, Т.Масин, Х.Мамытов, Т.Қауымбаев, Қ.Нұржановтың және социялистік Отанымызды қорғауға жаны мен қанын аямаған басқа да жүздеген қазақстандықтардың ерліктерін ерекше мақтан етеді. Отанымыз олардың жанқиярлық істерін ешуақытта ұмытпайды» (Кеңес Одағының маршылы К.К.Рокоссовский. «Қазақстан Кеңес Одағының Ұлы Отан Соғысы жылдарында». 2-том, 458 б. ). Осындай талай ерлер рейхстаг төбесіне ту тіккендерге жол салды. Кешегі фашизммен шайқаста ерлігі елге танылмай кеткен ерлер қаншама десеңізші!

Қазақ тарихында ХVI ғасырдың басында халық саны 1 млн. 200 мың болған кезде, 300 мың жауынгер атқа қонады екен. Соның үлкен бір бөлігі – қазақ әйелдері, қыздары болған. Он үште ұл ұлан, он бесте қыз ұлан болған заман ғой. Кешегі Ұлы Отан соғысында тек Қарағандыдан соғысқа 25 мың әйел аттанды.

Қан майданға өз еркімен кеткендердің ішінде Әлия мен Мәншүк те бар.

Мәметова Мәншүк Жиенғалиқызы (шын аты Мәнсия ) Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында дүниеге келген (1922). Ата-анасы 1931 жылы аштықта өлді. Ағасы 1 пұт астық ұрлап, 10 жылға сотталып, хабар-ошарсыз ол кетті. Асырап алған әкесі Саратов медициналық институтын бітірген дәрігер Алаш партиясының қайраткері ретінде атылды (М.Қозыбаев. Киелі тәуелсіздік. А., 2009. 407 б.). Мәншүк Алматы медицина институтында оқып жүріп, 1942 жылдың тамыз айында Кеңес әскері қатарына өз өтініші бойынша қабылданады. Калинин майданы 3-екпінді армия 21-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында Ұлы отан соғысына қатысқан. Қан майданда пулеметші болған ол Невель қаласының түбіндегі шайқаста асқан ерлік көрсетті.

1943 жылы қазанда Невель үшін болған ұрыстарда 3-екпінді армияның қарамағында бес атқыштар дивизиясы, үш атқыштар бригадасы қатысты. Осы күш пен және 4-екпінді армияның кейбір бөлімінің көмегімен тұтқиылдан шабуыл жасаған 3-екпінді армия 1943 жылы 6 қазанда Невель қаласын жаудан азат етті. Бұл Ұлы Отан соғысындағы ең тез аяқталған операциялардың бірі болды. Жаудан азат етілген қаланың әскери коменданты болып қазақстандық 100-дербес атқыштар бригадасы командирінің орынбасары подполковник Әбілқайыр Баймолдин тағайындалды. 1943 жылы 7 ші қазанда Жоғарғы Бас Қолбасшының бұйрығымен бұл операцияға қатысқан құрамалар мен бөлімдерге «Невель» атағы берілді. 3-екпінді армияның 3 945 адамы ордендер мен медальдармен наградталды. Жаудан жана ғана азат етілген Невельді фашистерден қорғау үшін 15 қазанда қиян-кескі ұрыстар болды. 3-екпінді армияның оң қанатындағы 100-бригада Үлкен Иван көлі мен Қаратай көлінің арасына орналасқан еді. (Аманжолов К., Тасболатов А. Қазақстанның әскери тарихы. А., 1999.243 – 244 б. ).

Осы ұрыстарда Мәншүк ерекше көзге түсті. Ол бригада штабының писары қызметінен өзін атқыштар батальондарының біріне ауыстыруды өтініп, пулеметті шебер меңгеріп алды. 1943 жылы 15 қазандағы айқаста жауды пулемет оғымен шөптей жапырды. Бір ұрыста жалғыз өзі үш жүздей неміс жендетін жоқ етті. 16 қазандағы ұрыста ол жалғыз өзі қалып, үш «Максиммен» алма-кезек оқ жаудырып, фашистердің қарсы шабуылын тойтаруға тырысты, бірақ бұл шайқастағы жеңісті көре алмай, мерт болды. Саусақтары пулеметтің гашеткасына қатып қалған Мәншүктің қасына келіп, Беларусь халқының ардагер ұлы, генерал-лейтенант Галицкий бас киімін алып ұзақ тұрды. Көпті көрген қарт генерал туысқан халықтың батыр қызының ерлігіне сүйсініп, орны толмас қазаны Қазақстан еліне, республиканың партия кеңес органдарының басшыларына хабарлады. Алғашқыда Отан соғысы орденімен марапаттауға нұсқау беріп, артынан батырлыққа ұсынды. Халқымыздың ару қызы Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы Қызыл Армияның Бас Саяси Басқармасы 1944 жылы арнаулы листовка шығарып, майдандағы жауынгерлер арасында таратты. «1943 жылы қазан айында біздің әскерлер немістің күшті қорғанысын бұзып, Невель қаласын алды. Мәншүк Невель қаласы үшін болған ұрыстарда пулеметпен дұшпанды баудай түсіріп, өз бөлімшесінің ілгері жылжуына мүмкіндік жасады», – деп жазылды онда қазақ халқының даңқты қызы осы шайқаста ерлік пен қаза тапты…».

1944 жылдың 1 наурызында КСРО жоғарғы Кеңесі Президиумның жарлығы жарияланып, Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

«Маншук Маметова стало Героем Советского Союза вполне заслуженно, но благодаря целой веренице случайностей. Она являлась приемной дочерью Ахмета Маметова, активного деятеля Алашорды, который был репрессирован и растрелян в 1937 году. Когда она поступила в мединститут, то устроилась работать вечерним дежурным в Совет министров, в приемную заместителя председателя Ахметжана Койшыгулова, бывшего чекиста. Он проникся к ней симпатией. Когда Маншук ушла на фронт, они переписывались. Когда ее представили к награде, сделали запрос в Казахстан: достойна? Документ попал к Ахметжану, и тот ответил положительно. Но могло ведь быть и наоборот… («Аргументы и факты Казахстан» №15, 2000 г.).

Мәметова Невель қаласына жерленді.  100-дербесатқыштар бригадасының Отан алдындағы еңбегін 3-екпінді армияның қолбасшысы, Кеңес Одағының батыры, армия генералы Кузьма Никитович Галицкий өзінің «Сұрапыл сын жылдары, 1941-1945» кітабында ерекше ілтипатпен атап көрсетті. Ол былай деп жазды: «Невельдің оң жағын ала жасаған жаудың күшті шабуылына 100-атқыштар бригадасы ойдағыдай тойтарыс берді. Оның құрамында ерлікпен, жанқиярлықпен шайқасқан жауынгер қазақтар, тіпті көп болды. Бригада қорғаныста тұрғанда да дұшпанның барлық шабуылын тойтарып, асқан табандылық көрсетті. Невель ауданында болған ұрыстарда қазақ халқының батыр қызы, пулеметші Мәншүк Мәметова өзінің өшпес ерлігін жасады».

Батыр қыздың құрметіне Оңтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының еңбекшілері» Мәншүк атындағы танк колоннасын» құру үшін қаражат жинап (1944), оған жасалған 26 танк майданға жіберілді. «Біздің құрамаларға келіп түскен әскери машиналардың көпшілігі еңбекшілердің өз қаражатына жасалған болатын. Мысалы Оңтүстік Қазақстан облысы қыз-келіншектерінің қаржысына жасалған 26 танк біздің танк корпусына берілген еді. Олардың бәрі өз бортында қазақ халқының даңқты қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімін алып жүрді» . (Кеңес Одағының маршалы И.И.Якубовский, «Отжалынға оранған жер»  214б. ).

Бұдан 80 жыл бұрын, Кеңес халқы және Кеңес Қарулы Күштері адамзаттың зұлым жауы – герман фашизмін талқандап, тарихи жеңіске жетті. Көпұлтты Кеңес халқымен бірге Қазақстанның еңбекшілері де Ұлы Жеңіске айтарлықтай үлес қосты. Қазақстандық жауынгерлердің майдандағы ерлік жолы, өшпес даңқы уақыт озған сайын тұлғалана бермек.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *