2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Осыған байланысты уақытша тіркелген азаматтар дауыс беретін жері бойынша сайлаушылар тізіміне алдын ала енгізілу үшін өтініш бере алады.
Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін жергілікті атқарушы органдар жасайды. Тізімге белсенді сайлау құқығына ие және тұрғылықты жері бойынша тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.
Уақытша тіркелген азаматтар 2026 жылғы 23 шілдеге дейін жергілікті атқарушы органға өтініш беру арқылы уақытша тұрған жеріндегі сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізіле алады.
Өтініш қаралғаннан кейін әкімдік азаматты дауыс беретін сайлау учаскесінің тізіміне енгізіп, оны тұрақты тіркелген жеріндегі тізімнен шығарады. Әрбір азамат тек бір ғана сайлаушылар тізіміне енгізіледі.
Бұл құқықты:
- дауыс беру күні тіркелген жерінде болмайтын азаматтар;
- орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқитын басқа өңірден келген студенттер;
- вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады.
Сайлаушылар тізіміне енгізілгені туралы ақпаратты тиісті әкімдіктің интернет-ресурсы немесе колл-орталығы арқылы тексеруге болады. 2026 жылғы 7 тамыздан бастап азаматтарға өздері туралы мәліметтердің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексеру мүмкіндігі беріледі.

