Өскелең ұрпақтың бойына рухани қазынамыз арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіру, зерделі де парасатты тұлға қалыптастыру, сөйлеу мәдениетін жетілдіріп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында дода ұйымдастырылады.
Қарағанды облысының арнайы мектептері мен балаларды қолдау орталықтарының және жалпы білім беретін мектептердің жәдігер мұрамызды жадына тоқыған 6-10 сынып оқушылары арасында «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқудан «Тұлпар мініп, ту алған!» атты облыстық байқауының басталғанын хабарлаймыз.
Байқауға қатысуға ниетті оқушылар мен жетекші ұстаздар saryarqa-jastary.kz сайтына өтіп, «Жобалар» — «Тұлпар мініп, ту алған!» бөлімінде тіркелуі және өтінімдерін жолдауы қажет.
Маңызды мәлімет: Байқауға негіз болатын Сүлеймен Жаңбыршин нұсқасындағы «Алпамыс батыр» жырын және доданың толық Ережесін жоғарыда көрсетілген сілтеме арқылы жүктеп ала аласыздар.
Ұлттық рухты ұлықтап, сөз өнерін серік еткен барша талапкерлерді байқауға белсене қатысуға шақырамыз! Тұлпар мініп, ту алар шақ — бүгін!
