ЖАС ДӘРІГЕРЛЕР ІСКЕ КІРІСТІ

Кез келген сала мамандарын жұмыспен қамтып, жұмыссыздықты жою – облыс басшылығының алдында тұрған басым міндеттердің бірі. Биыл облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарындағы жас мамандар саны артады.

Өңірдегі ауруханалар мен емханаларға 77 дәрігер-резидент пен орта буындағы 390 маман жұмысқа қабылданады. Жас кадрларды өңірде тұрақтандыру мақсатында тұрғын үй беру, көтерме жәрдемақы төлеу және коммуналдық шығындарын өтеу сынды әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаевтың айтуынша, қазіргі таңда облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 11 мыңнан астам маман еңбек етеді. Дегенмен, кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Осыған байланысты өңірде медициналық кадрларды тарту және бекіту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

  • Көтерме жәрдемақы төлеуді қоса алғанда, әлеуметтік қолдау шаралары өз тиімділігін көрсетіп келеді және кадрларды тартудың негізгі құралдарының бірі болып қала береді. Сондай-ақ жаңадан келген мамандарды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады, — деп атап өтті Самат Кенжебаев.

Бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі – Қарағанды медицина университеті мен медициналық колледждердің түлектері қатарынан жергілікті кадрларды даярлау. Биыл резидентураны тәмамдайтын 77 түлек алдын ала медициналық ұйымдарға бекітілген. Жас мамандардың кәсіби ортаға тез бейімделуіне тәжірибелі тәлімгерлер қолдау көрсетеді.

Самат Кенжебаев әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігі жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, көтерме жәрдемақылар мен тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктері кадрларды тартуда маңызды рөл атқарып келеді. Биыл жол картасы аясында медицина қызметкерлеріне 80 қызметтік пәтер беру жоспарланған. Сонымен қатар қалалар мен аудандарда келетін мамандарға арналған тұрғын үй қорының резерві жасақталған.

Бұдан бөлек, облыстық бюджет пен медициналық ұйымдардың қаражаты есебінен резидентурада мамандар даярлау жалғасуда. Бұл жұмыстар, әсіресе ауылдық жерлердегі дәрігер тапшылығын кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев медициналық кадрларды тарту мен оларды өңірде тұрақтандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, қабылданып жатқан шаралардың түпкі мақсаты – облыс тұрғындарын тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы әрі уақтылы медициналық көмекпен қамтамасыз ету.

  • Біз облысқа медициналық кадрларды тарту және оларды тұрақтандыру үшін жүйелі түрде жағдай жасап келеміз. Көтерме жәрдемақылар төленеді, әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған, тұрғын үй мәселесін шешуге көмек көрсетіледі. Алайда бұл жұмыстардың басты мақсаты — облыс тұрғындарының қай жерде тұратынына қарамастан, сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуын қамтамасыз ету. Сондықтан денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін нығайту бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыста жұмыспен қамту бойынша елеулі жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде денсаулықс ақтау саласы да басымдыққа ие. Яғни атқарушы билік жас мамандарды жұмысқа тарту арқылы екі қоянды қатар атып алып отыр. Біріншіден, жастар жұмыспен қамтылады. Екіншіден, кадр тапшылығы жойылады.

Манаc АҚСАРЫ.