1 ШІЛДЕДЕН БАСТАП ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ КҮШІНЕ ЕНЕДІ

Санаулы күннен кейін, яғни 1 шілдеден бастап елде жаңа Конституция күшіне енеді. Бұл – жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған тарихи құжат. Аталған құқықтық реформа мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды саяси қадам ретінде аталып отыр.

Жаңа Конституция қазіргі дәуір талабына сай келетін жан-жақты құжат. Мұнда басты қағида – адам құқығын, бостандығын қорғау. Және сол арқылы еліміздің дамуы қамтамасыз ету көзделген.

  • Конституция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат, – деді Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, құжат жобасы шамамен екі жыл бойы пысықталған. Соның арқасында заң мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды.
  • Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата заңымызға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің барша халқына Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді!, –  деді Президент салтанатты жиында.

Жаңа Ата Заңда бірнеше басты ерекшелік пен өзгерісті атап өтуге болады. Мәселен, жаңа жүйеде алғаш рет вице-президент лауазымы болады. Ал екі палаталы Парламент таратылып, оның орнына бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтай жұмыс істейді. Құрылтай депутаттары партиялық тізім бойынша сайланады.

Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы таратылады. Жаңадан Халық Кеңесі деген құрылым пайда болады. Мұнда заңнамалық бастамалар көтеріліп, қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша ұсыныстар әзірленеді. Аталған орган ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етуге тиіс.

Конституциялық өзгерістер адам құқығын қамтамасыз етуде, ашықтықты қалыптастыруда басты ролге ие болады. Оның аясында адвокатура мен омбудсмен институттарының мәртебесі күшейтіліп, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдіріледі. Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтуге және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Ал қолданыстағы жаңа заң күшіне енген сәттен бастап күшін жояды. Бұл туралы бұған дейін жарияланған Конституция жобасының 94-бабында жазылған. «Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады», делінген құжатта.

Конституция республикалық референдум арқылы қабылданғаны белгілі. Енді референдум өткен сол күн – 15 наурыз Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ретінде атап өтіледі. Осылайша қазақ елі жаңа дәуірге қадам баспақ. Мұны өз сөзінде сарапшы Бауыржан Самат та айтты.

  • Әрине, конституциялық реформа уақыт талабынан туындаған заңдылық деп ойлаймын. Бастысы бұл құжатта қолдан жасалған, базбіреулердің жеке басының, жеке мүддесінің қажеттілігінен туындаған өзгерісті өз басым көріп тұрған жоқпын. Вице-президент лауазымының құрылуы, қос палатаның таратылып, бір палаталы парламенттің құруылуы, сот әділдігін қамтамасыз ететін тетіктердің енгізілуі – бұл қазіргі кездің қажеттілігі, – дейді сарапшы.

Иә, Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, ел дамуының басты бағытын айқындайтын маңызды құжат. Уақыт өткен сайын қоғам да өзгереді, сондықтан заңдар да заман талабына сай жаңартылып отыруы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияны қабылдау – уақыт сұранысынан туындап отыр.

Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын одан әрі нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол қоғамдағы демократиялық құндылықтарды дамытуға және халықтың мемлекет ісіне белсенді қатысуына жол ашады.

Қазіргі жаһандану дәуірінде әрбір мемлекет өзгерістерге бейім болуы тиіс. Сондықтан жаңа Конституция – елдің тұрақты дамуы мен болашақтағы өркендеуінің кепілі.

Манас АҚСАРЫ.