Ұстаз – мектептің тұлғасы

«Ұстаз мектептің тұлғасы, шәкірті – өмір жалғасы» демекші, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мектептегі мұғалім  барлық  мамандық   иесін  тәрбиелейтін,  оқытып  үйрететін  мейірімді абзал  жан.  Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы.  Ұстаз  алдынан  тәрбие  алмайтын  жан  жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас июлері керек.

Шығармашылық жолында мен бірнеше ұстаздар туралы мақала, әңгімелер жаздым. Олардың жас буынға білім мен тәрбие берудегі өлшеусіз еңбегін оқырмандарыма жеткізуге тырыстым.

Бүгінгі кезекті кейіпкерім – ширек ғасырдан артық еңбек өтілі бар, Ақадыр кентіндегі Ә.Ермеков атындағы тіректі мектебінің (ресурстық орталығы) жанындағы интернаттың қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ерменбетова Толғанай Болатқызы.

Толғанай Болатқызы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Болат Ерменбетұлы жастайынан ауылда өсіп, техниканың тілін жақсы меңгерген. «Қарабұлақ» кеңшарының (совхозының) маңдайалды маманы ретінде тракторшылар бригадасын басқарған. Мұндай бригадалар кез келген ауыл шаруашылық ұжымында малға жем-шөп дайындауда зор жұмыс атқарған. Құрғақшылық жылдары ауыл шеңберінде шөп шабу қиынға соққанда, оларға бірнеше жүз шақырымдағы Ақдалаға дейін, тіпті басқа облыстың аймағына дейін баруға тура келген.

Әкесінің жұмыстан тыс тағы бір әуестігі болды. Ауыл азаматына тән тіршілікпен төрт түлік мал өсіріп, маңдай терін адал еңбекке арнады. Сол берекелі еңбектің арқасында ұл-қыздарының білім алып, әрқайсысының өз мамандығын иеленуіне, шаңырақ көтеруіне мүмкіндік туды. Бұл – тынымсыз еңбектің, әкелік қамқорлық пен жауапкершіліктің жарқын жемісі деп білеміз.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары «Қарабұлақ» кеңшары мемлекеттің бағдарламасына сәйкес жекешеленуге жатуына байланысты отбасымен бірге аудан орталығы Ақадырға қоныс аударады. Теміржол саласындағы доңғалақ цехына жұмысқа орналасады. Алайда, денсаулығы сыр беріп, 55 жасында І топтағы мүгедек ретінде еңбекке жарамсыз деп танылуына байланысты еріксіз түрде демалысқа шығуға мәжбүр болады.

Анасы Рымбала Молдаханқызы бүкіл саналы өмірін медицина саласына арнаған. Фельдшерлік-акушерлік бекетінде медбике қызметін абыроймен атқарған. Ауылдағы, қыстақтардағы, шалғайдағы жылқышы қостарындағы, жазғы жайлаудағы тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, осы жерден зейнеткерлікке шыққан.

Үш ұл, үш қызды тәрбиелеп, өмір жолына қанаттандыру – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін үлкен жауапкершілік. Әр баланың жүрегіне жол тауып, мінез-құлқына қарай жеке тәрбие беру – нағыз сабыр мен даналықты талап ететін іс. Тазалықты жаны сүйген асыл қасиетін өзі ғана ұстанып қоймай, оны балаларының бойына да сіңіре білді. Біле білген жанға мұның өзі – ұрпаққа үлгі болатын, бағасы биік тәрбиенің айқын көрінісі.

Кітап, газет-журналдарды үзбей оқу – оның өмірлік дағдысына айналған игі әдет. Бос уақыттарында әуезді ән тыңдап, рухани тынығуды да ұмытпайды. Радиодан ән шырқалса, мүдірмей-ақ орындаушысы мен әннің атауын дәл тауып айтуы – оның өнерге деген терең әуестігін аңғартады. Сонымен қатар, ол кісінің жүрекке жылу сыйлайтын тағы бір асыл қасиеті бар: балаларының, бүгінде немерелерінің де туған күндері келгенде, Қазақ радиосының эфирі арқылы арнайы құттықтау жолдап, музыкалық сәлемін арнауды дәстүрге айналдырған.

Толғанай Болатқызының балалық шағы ауылда өтеді. Сол уақытты ол былай еске алады:

– Бала кезімізде қақаған қыста да, аптап ыстықта да далада жүреміз. Әке-анамыз үйге әзер кіргізетін. Қыста қардан аққала жасаймыз, коньки тебеміз. Арнайы сырғанағымыз болмады. Сол себептен су алатын колонканың түбіне баратынбыз. Оның маңайы төгілген судан мұз болып жатады. Сырғанап жүріп құлаймыз, жарақат аламыз. Бірақ онымызды әке-шешемізге айтуға болмайды, өйткені келесі жолы коньки теппек түгілі далаға шығармай қояды. Ал жазда ойындарымыз күн батып, қараңғы түскенше жалғасады.

Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде сабақтан ешуақытта қалмаймын. Кейбір балалар сабаққа келмей қалса Күләйлә мұғалімім мені солардың үйіне барып кел деп жұмсайды. Мен жүгіре басып үйді-үйді аралаймын. Кімнің қандай себеппен сабаққа келмей қалғанын ұстазыма жеткіземін. Сылтауы жоқтарын өзіммен бірге ерте келемін.

Осы орайда басымнан өткен бір оқиғаны айтып өтсем. Менің үлкен әпкем Гүлмира Алматы қаласында оқыды. Анамыз оған жиі барып тұратын. Барған сайын жер көрсін, қаланы көрсін, ой-өрісі биіктейді деп балаларын кезек-кезегімен бірге ертіп апаратын.

Ұмытпасам, жетінші сыныпта оқып жүргенімде менің де кезегім келді. Анаммен бірге еріп бардым. Алматыны бірінші көруім. Көкорайға оранған қаланы, көпқабатты зәулім үйлерді, Алатаудың заңғар тауларын көргенде тамсанасың да, таң қаласың да.

Анам, әпкем үшеуміз қаланы аралауға шыққанбыз. Біраз дүкендерге бардық. Үйге қайтуға автобусқа келдік. Қай автобус болсын, адамға лық толы. Жолаушылар бір-бірін кимелеп, бар күшін салып, қыстырыла салонға кіріп жатады. Біздің маршруттың автобусы келгенде анам мен әпкем мініп кетті де, мен симай қалып қойдым. Ананың аты ана ғой, шырылдап мені іздейді. Келесі аялдамадан түсіп қалып, жаяу маған жүгіріп келеді. Тағы бір аялдамадан кейін әпкем түсіп қалып, ол да мен қалып қойған аялдамаға ұшып жетеді. Ал мен болсам ешқайда қозғалмай, қалып қойған жерімде тосып тұрдым. Сол кезде ентіге жүгіріп келген анамның қуанышын көрсеңіз! Еліміздің сол уақыттағы астанасы Алматыға барған алғашқы сапарым осылай болған еді, – деп күлімсірей айтып берді.

Толғанай мектепте жақсы оқиды, зерек болады. Пәндердің барлығын жақсы көрсе де, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін, тарихты, ботаниканы құмартып оқиды. Әсіресе, Алтын, Әсемкүл мұғалімдерінің, Тонтаев Аманның сабақ берістері басқа ұстаздардан гөрі ерекше ұнап жүреді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ол келешекте филолог боламын деп армандап жүреді.

Жоғарыда атап өткенімдей, Үкіметтің саясатымен ауылшаруашылық нысандары мемлекет иелігінен кетіп, жекешеленуге жатты. Оның ішінде «Қарабұлақ» кеңшары да болды. Мекеме еңбеккерлерінің бір бөлігі мүлік және жер үлестерін алып шаруа қожалықтарын құрып жатса, басқалары жан-жаққа көше бастады. Қоныс аударушылардың ішінде Толғанайдың да отбасы болды.

Енді 10-11 сыныптарды Ақадыр кентіндегі №131 теміржол қазақ орта мектебінде аяқтауға тура келеді. Бұл жерде де сабағын жақсы оқиды, озат оқушылардың қатарында болады.

Мектеп бітірген жылы Қарағанды қаласына барып, қазіргі кездегі Е.Бөкетов атындағы ұлттық зерттеу университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Мақсаты – бала кезінен армандаған қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығын алып шығу.

Сұхбат барысында Толғанай Болатқызынан студенттік шақтарын айтып бересіз бе деп сұрағанымда:

– Біз оқыған университет еліміздің маңдайалды жоғарғы оқу орны екенін баршаңыз жақсы білетін шығарсыздар. Мұнда мамандығыңды игеруге, оқуда терең білім алуға бүкіл жағдай жасалған. Оның үстіне оқытушыларымыз да бірінен-бірі өткен, тәжірибелі ұстаздар.

Оқуда жүргенімде төрт жыл бойы университеттің жатақханасында жатып, төрт жыл бойы бір ғана Арқалықтың қызы Биікова Баянмен бірге тұрдым. Екеуміз сабақта да біргеміз, бос уақытымызды да бірге өткеретінбіз. Киноға да барамыз, туған күндерде, мереке күндерде де біргеміз. Негізі студенттік өмірді жатақханада өткізген әлдеқайда көңілді әрі қызықты екенін баса айтуымыз керек. Құрбыларымызбен қуанышымызды ортақ етіп, шаттық сәттерді бірге қарсы алатынбыз, мұң-мұқтажымызды да жасырмай бөлісіп, бір-бірімізге демеу болып жүретінбіз.

Қазіргі уақытта Баян құрбым Шахтинск қаласында тұрып жатыр, мектепте ұстаз. Тұрмыс құрған. Екеуіміз бір-бірімізді іздеп, хабарласып отырамыз, – деп жауабын берді.

Университетті бітіріп, қолына дипломын алған Толғанай Болатқызы алғашқы еңбек жолын Шет ауданы, Ақшатау кентіндегі М.Әуезов атындағы мектебінде бастайды. Мектеп ұжымымен тез тіл табысып, кішкене болса да тәжірибе жинай бастайды.

Бір жыл өткен соң Ақадыр кентіндегі өзі оқып бітірген мектепке қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып орналасады. Кейін бұл білім ордасы атауын өзгертіп, Ә.Ермеков атындағы тіректі (ресурстық орталығы) мектебі жанындағы интернат болып қайта аталады.

Жас ұстаз жылдан-жылға мамандығын терең игеріп, тәжірибелі ұстазға айнала бастайды. Мектеп ұжымының арасында бедел жинайды.

2004-2013 жылдар аралығында сабағын бере жүріп, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. 500-ге тарта оқушысы бар мектеп үшін оңай жұмыс болмайды. Мұнда тәрбие ісі жөніндегі орынбасардың басты міндеттері оқу орнындағы тәрбие үдерісін ұйымдастыру, оны басқару және осы үдерістің дамуын бақылау; аға тәлімгерлердің, әлеуметтік педагогтардың және сынып жетекшілерінің жұмысын әдістемелік басқару; тәрбие процесінде еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы нормалары мен ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету; заманауи білім беру технологияларын қолдану мен жетілдіруді қамтамасыз ету.

Толғанай Болатқызы жоғарыда аталған міндеттерін абыроймен атқарды. Өзінің пәндері бойынша оқушыларға сабақ беруді де тоқтатпады. Алдынан өткен шәкірттері білімдерін арта түсіп, биіктерден көріне бастады. Әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларға, Ұлы Абайдың, басқа да ақын-жазушылардың оқуларына, байқауларына, конкурстарына қатысып жүлделі орындарды алып жүр. Еңбек жолында мұндай шараларда 50-ден астам шәкірттері жүлделі орындарға ие болып жүр. Олардың қатарына облыстық олимпиадада жеңімпаз атанған Сұрауханова Сымбатты, екінші орын алған Құрақбай Айжанды, үшінші орын алған Тілеухан Аяжанды, Қоханов Санжарды, тағы басқаларын жатқызуға болады.

Толғанай Болатқызының тікелей дайындығымен Рахманқұлова Іңкәр, Қоханов Санжар, Тілеухан Аяжан, Ноян Ғинаятолла, Құрақбай Айжан «Алтын белгі» төсбелгісі иегерлері атанса, үздік аттестаттарға Жанат Аружан, Кәртай Аружан, Зият Айжұлдыз, Қойшыбай Айым, Әлкенова Томирис, тағы басқалар қол жеткізді. Ал енді тек былтырғы жылғы оқу жылында тоғызыншы сынып бітіргендер арасында Шахмұрат Дильназ, Жәнібек Жанайым, Рахат Нұрайлым, Дүйсенбекова Карина, Талғат Еркеназ үздік аттестат иелері атанды.

Ұлағатты ұстазымыздың үлкен жеңістерінің бірі – ол еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағанды қаласында облыс әкімдігі мен «Аманат» партиясының қолдауымен өткен «Тұлпар мініп, ту алған» атты облыстық жыр байқауына қатысу болды.

Жыр додасы үш айға созылып, екі кезеңде өтті. Оған облысымыздың 13 өңірінен 4 мыңнан астам балалар қатысты.

Аудан, қалалық кезеңде әр өңірден үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырынан көрініп, 39 оқушы мен 37 мұғалім облыстық кезеңге жолдама алды. Байқаудың ережесі бойынша «Бөгенбай батыр» жырын жатқа, мүдірмей айтуы талап етілген болатын. Сонымен қатар, қатысушылар жырдағы көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, жас ерекшеліктеріне сай қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтары негізінде дайындалған сұрақтарға да жауап берді.

Қазылар алқасының шешімімен І орынды Толғанай Болатқызының шәкірті Әмірханова Раяна жеңіп алып, 1 миллион теңге қаржы  және «Қазтұтынуодағы» Қарағанды университеті белгілеген білім грантына ие болды. Ал енді оны байқауға дайындаған ұстазы да 1 млн теңге сертификаты және «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» тағайындаған жеңіл автокөлігінің иегері атанды.

Ғасырлар бойы Тәуелсіздігімізді аңсап, оны жақындату үшін қанын төгіп, найзаның ұшымен, білектің күшімен елімізді, жерімізді қорғаған бабаларымыздан жеткен мұраларымыз — жыр-дастандарды жатқа айтып, көпшіліктің көңілінен шыға білу бір жағы ұстаздар мен ата-аналардың еселі еңбегі болса, екінші жағынан талай таланттарды түлеткен Арқа өңірінің айрықша қасиеті деп білу керек.

Осының бәрі – маңдай терін аямай төккен, ізденістен танбаған, жаңашылдықты ту еткен тәжірибелі ұстаз Толғанай Ерменбетованың тынымсыз еңбегінің, білімге деген адалдық пен жан жылуының жемісі деп ауыз толтырып айтуға болады.

Мектеп директоры Айдарбекова Нұрсұлу Сейсенханқызы ұжымының ұстазы туралы: «Толғанай Болатқызы – ұжымымыздың мақтанышы, тәжірибесі мен білімі үйлескен білікті ұстаздардың бірі. Ол әрдайым ізденіс үстінде жүріп, жаңашылдыққа ұмтылған еңбегімен шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп келеді. Оның тәрбиесін көріп, білім алған оқушылар олимпиадаларда, түрлі байқауларда, ақындар оқуларында топ жарып, биік белестерден көрініп жүр.

Өткен жылдың соңында шәкірті Әмірханова Раяна облыстық жыр байқауына қатысып, «Бөгенбай батырдың» жырын жатқа айту бойынша бас жүлдені жеңіп алуы – ұстаз еңбегінің жарқын жемісі. Бұл жеңіс мектеп абыройын асқақтаумен ғана шектелмей, кентіміз бен ауданымыздың да мерейін үстем етті. Тіпті, бүкіл облыс көлемінде мектебіміздің беделі мен мықтылығын айқын паш етті. Осындай өнегелі ұстаздарымыз бен оза шапқан білімді оқушыларымызды әрқашанда құрметтеуіміз керек», – деп өзінің әділ бағасын берді.

Әрдайым ізденісті серік еткен Толғанай Болатқызы өз білімін үздіксіз жетілдіріп келеді. Үш жыл сайын Қарағанды қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында білімін жетілдіруде заманауи талаптарға сай курстардан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болып жүр. Сонымен қатар, осы бағыттағы тәжірибесін толықтыру мақсатында Балқаш қаласында өткен курстарға да белсене қатысып, кәсіби шеберлігін шыңдай түсті.

Еңбегі еленіп, ізденісімен дараланған ұстаздың қажырлы еңбегі қашанда лайықты бағасын тауып келеді. Ол Қарағанды облысының білім басқармасының Алғысхатымен, Шет ауданы мен Ақадыр кенті әкімдерінің Құрмет грамоталары және Алғысхаттарымен, ауданның білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен бірге, білім мен тәрбие жолындағы тынымсыз қызметі үшін өзге де көптеген марапаттарға ие болып, әріптестер мен шәкірттердің зор құрметіне бөленіп жүр.

Өмірлік жары Кенжебаев Мейірман Сейітжанұлы – электр саласының білікті маманы. Ол Қазақстан Республикасының Ұлттық компаниясы «КЕGОС»-ке қарасты ПС-500 кВт подстанциясында көп жылдардан бері қызметін абыроймен атқарып келеді. Отбасында да береке мен бірлік салтанат құрған: қыздары Жанерке мектепте еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосуда. Ал бес жастағы Оспан есімді немерелері әулеттің шаттығы мен қуанышы болып өсіп келеді.

Қорыта айтқанда, Ерменбетова Толғанай Болатқызы – ұлағатты ұстазға тән барлық қасиетті бойына сіңірген, өз ісіне адал, шәкірт жүрегіне жол таба білетін нағыз кәсіби маман. Оның еңбегі – оқушыларының жетістігімен, білімге деген құштарлығымен өлшенеді. Ұстаздың тынымсыз еңбегі мен жанашырлығының арқасында шәкірттері биік белестерді бағындырып, мектеп пен ел абыройын асқақтатып жүр. Мақаламның соңында осындай білімді де білікті, жүрегі мейірімге толы ұстаздарымыз көп болсын деген ізгі тілек білдіремін.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті