Қарағанды өңірінде жүзеге асқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы өз мәресіне жетіп, қоғам өміріндегі айрықша құбылысқа айналды. Бұл бастама әуелде қарапайым байқау ретінде қолға алынғанымен, уақыт өте келе кең ауқымды ағартушылық қозғалысқа ұласып, кітап оқуды ортақ құндылық деңгейіне көтерді. Бүгінде әлемдік тәжірибеде оқырман мәдениетін қалыптастыру интеллектуалды ұлт қалыптастырудың басты көрсеткіштерінің бірі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағанды облысында жүзеге асқан жоба нақты нәтижесімен де, қоғамдық ықпалымен де ерекшеленді.
Айрықша атап өтерлігі, жобаға өңір бойынша 67 824 адам қатысып, бұл көрсеткіш пилоттық аймақтар – Қостанай облысы мен Шымкент қаласымен салыстырғанда ең жоғары нәтижені көрсетті. Алты бағытты қамтыған бастама мектеп оқушыларынан бастап, ұстаздар, студенттер, мемлекеттік қызметшілер және тұтас әулеттерге дейін қамтып, кітап оқудың шынайы халықтық сипат алғанын дәлелдеді. Қатысушылар тек кітап оқып қана қоймай, 15 шығарманы толық меңгеріп, электронды оқырман күнделігін жүргізіп, өз ой-толғамдарын сараптаудан өткізді. Бұл жобаға қатысудың кездейсоқ емес, жүйелі дайындықты талап ететін зияткерлік процесс екенін аңғартты.
– Бұл жоба кітапқа деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін көрсетті. Демек, саналы түрде даму жолын таңдайтын қоғам қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде өңіріміздің болашағы кемел әрі тұрақты болатынын білдіреді. Бүгінгі күн көптеген игі бастамалар мен дәстүрлердің негізін қалады, олар өзгелерге үлгі бола алады. Осындай бастамалардан интеллектуалды ұлт қалыптастыруға бағытталған стратегиялық міндеттердің жүзеге асуы басталады деп сенемін, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ ол өңірде оқу мәдениетін дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасалып жатқанын атап өтті. Қарағандыда «Алаш» скверінде кітапхана ашылып үлгерді, тағы бірі Назарбаев көшесінде ашылмақ. Бұдан бөлек, болашақта «Керуен-Қарағанды» сауда-ойын-сауық орталығында кітапхана үшін екі мың шаршы метрден астам аумақ бөлінеді.
Жобаның мазмұндық тереңдігі мен ұйымдастыру деңгейі де ерекше болды. Арнайы құрылған Жобалық кеңсе тек үйлестіруші орган ғана емес, идеялық және зияткерлік орталық қызметін атқарды. Әлеуметтік желілердегі белсенділік, Kitap Battle, Kitap News, «Ой-тұжырым» секілді айдарлар қатысушылар арасында тұрақты интеллектуалдық байланыс орнатып, пікір алмасу мәдениетін қалыптастырды. Сонымен қатар, шалғай ауылдардағы тұрғындардың да жобаға тартылуы оның әлеуметтік қамту аясын кеңейте түсті.
Байқау қорытындысы бойынша әр санатта үздіктер анықталды. «Оқитын мектеп», «Оқитын педагог», «Оқитын колледж», «Оқитын университет», «Оқитын мемлекеттік қызметші» бағыттары бойынша І орын иегерлері марапат төрінен көрінді. Ал «Оқитын әулет» санаты ерекше мазмұнымен дараланды.
Осы санатта ІІ-орын алған Шалқаровтар әулеті көпшілік назарын аударды. Әріптесіміз, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жәлел Қуандықұлы отбасы мүшелерімен бірге жобаға белсене қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Өмірлік жары Ләззат екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған әулет баяғыда-ақ кітап оқуды отбасылық дәстүрге айналдырған.
– 15 кітаптың тізімін алғалы бері қызыға оқып шықтық. Әр кітапты отбасымызбен талқылап отырдық. Кейіпкерлерінің мінезін, кітаптағы оқиғаны сіңіріп алдық. Маңызды деректерін дәптерге жазып алдық. Шынында өте қызықты болды. Әр түрлі тақырыптағы кітаптарды оқыған қызық екен. Біраз нәрсе үйрендік, көп нәрсе білдік. Осы жобаға қатысқалы бері уақытты босқа өткізбейтін болдық. Қолымыз қалт етсе, кітап оқимыз. Бұл жарысқа қатыспай тұрып, әкеммен бірге кітап оқитынбыз. Әкем бізді қызықтырып, әр бетіне 50 теңгеден төлейді. Ал мына кітап жобаға қатысып, көп кітаптармен, білмейтін жазушылармен таныстық. Еңбегіміз ақталып, қалалық кезеңнен II-орын, облыстық кезеңнен де II-орын алдық. Негізі топ жаруға мүмкіндік болды. Бірнеше сұраққа екі ойлы болып қалдық. Десе де, отбасы болып жеңгенімізге өте қуандық. Әкемнің бізге ақша төлеп, кітап оқытып жүргенін енді түсініп келемін. Өмірдің барлық сыры кітапта екен, – дейді ақынның ұлы Нұрасыл Қуандық.
Жоба аясында орын алған нақты мысалдар оның өміршеңдігін айқын көрсетті. Теміртаудағы оқушылардың ортақ электронды кітап базасын жасауы, Қарқаралы ауданындағы ауыл тұрғындарының өз бетінше «Үздік оқырман» байқауын ұйымдастыруы, ауыл кәсіпкерлерінің кітап қорын толықтыруға үлес қосуы – мұның барлығы бастаманың қоғамға терең сіңгенін аңғартады. Тіпті зейнет жасындағы қатысушылардың белсенділігі мен жас буынның жаңа технологияларды пайдалана отырып әдебиетке қызығушылық танытуы – жобаның буынаралық байланысты нығайтқанын дәлелдейді.
Марапаттау рәсімінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл бастаманың стратегиялық маңызына тоқталып, кітап оқитын ұлт қалыптастыру – болашаққа салынған инвестиция екенін атап өтті. Расында да, жоба тек үздіктерді анықтаумен шектелмей, қоғамда оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтерді.
Қорыта айтқанда, Қарағанды облысындағы «Кітап оқитын ұлт» жобасы өз миссиясын толық орындап қана қоймай, кітапты күнделікті өмір салтына айналдыру жолындағы маңызды қадам болды. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұлттың рухани дамуына қызмет ететін іргелі дәстүрге айналары сөзсіз.
Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары марапатталды
Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының қорытындысы шығарылды. Қысқа уақыт ішінде бұл бастама жай ғана байқау шеңберінен шығып, ауқымды оқу қозғалысына айналды. Оған оқушылардан бастап еңбек ұжымдары мен тұтас отбасыларға дейін ондаған мың адам қатысты.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
