Өмір сүру формуласы

Қазақ танымында «береке» мен «бірлік» ұғымдары егіз. «Берекең кетсе – нең қалар?» деген халық даналығының астарында елді ел ететін ең басты құндылықтың мәні жатыр. Шынында да, тарихқа көз жүгіртсек, талай заманды бастан өткерген халқымыз үшін ең қымбат қазына – татулық пен ынтымақ болған. Бүгінгі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні осы ұлы ұғымдардың қадірін тағы бір еске салатын мереке.

Ежелгі жыраулардан жеткен «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар?» деген сөздің өзі елді сақтап тұрған күш – билік те, байлық та емес, ең алдымен бірлік екенін аңғартады. Расында, тарихта талай билеушілер келіп-кетті. Бірақ халықтың тұтастығы мен ішкі ынтымағы сақталған жерде ғана мемлекет іргесі сөгілмеген.

Қазақ ұғымындағы «береке» сөзі өзге тілдерге дәлме-дәл аударыла бермейді. Ол тек молшылықты ғана емес, рухани тұтастықты, өзара түсіністікті, ел ішіндегі жылылықты білдіреді. Сондықтан халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ», «Береке – бірлікте» деп бекер айтпаған. Бұл – ұлттың өмір сүру формуласы.

Қазіргі жаһандану дәуірінде бұл қағиданың маңызы тіпті арта түсті. Ақпарат ағыны күшейіп, түрлі көзқарастар мен пікірлер қақтығысып жатқан уақытта қоғамның ішкі тұтастығын сақтау – үлкен жауапкершілік. Өйткені алауыздық туындаған жерде даму тежеледі, ал бірлік бар жерде ілгерілеу бар.

Осы тұрғыда ойшыл Таласбек Әсемқұлов қоғам болашағына қатысты маңызды пікір қалдырған. Ол халықтың болашағы бар екенін айта отырып, алда үлкен еңбек күтіп тұрғанын ескертеді. Яғни, бірлік – өздігінен қалыптаспайды, ол – саналы түрде қалыптасатын құндылық. Адамның қадірін ең жоғары орынға қоятын қоғам ғана өркениетті бола алады.

Ал адамзаттық құндылықтар туралы ой қозғағанда Федор Достоевский айтқан «Адам – бәрінен қымбат» деген тұжырымның мәні зор. Шынында да, бейбітшілік пен бірліктің өзегі – адамға деген құрмет. Адам қадірленген қоғамда ғана әділдік те, тұрақтылық та орнығады.

Бейбітшілік мәселесіне келгенде француз әлеуметтанушысы Фредерик Ле Пле оны «адамзаттың басты Конституциясы» деп бағалаған. Бұл – терең тұжырым. Себебі қандай заң, қандай жүйе болмасын, егер елде тыныштық болмаса, оның бәрі өз мәнін жоғалтады. Ал бейбітшілік тек тәуелсіз елде ғана баянды болатыны белгілі.

Қазақстан осы тұрғыда бейбітшілік пен келісімді басты құндылық ретінде ұстанып келеді. Көпэтносты қоғамда татулықты сақтау – оңай міндет емес. Дегенмен елімізде қалыптасқан қоғамдық келісім үлгісі халықаралық деңгейде де оң бағаланып отыр. Бұл – саналы саясат пен халықтың бірлікке деген ұмтылысының нәтижесі.

Тарихқа зер салсақ, қазақ халқы талай ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Жоңғар шапқыншылығы, отарлық кезең – мұның бәрі ұлттың жадында сақталған ауыр сынақтар. Осындай сындарлы кезеңдерден аман өтуге себеп болған күш – халықтың бірлігі еді. Сондықтан бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын түсіну – әр азаматтың парызы.

Бірлік тек ұранмен емес, нақты іс-әрекетпен көрінеді. Ол – күнделікті қарым-қатынаста, өзара құрметте, ортақ іске деген жауапкершілікте байқалады. Екі адам бір-бірін түсініп, қолдай алса – бұл да бірліктің көрінісі. Осындай қарапайым әрекеттер жиынтығы үлкен қоғамдық келісімге негіз болады.

Қазіргі қоғамда кейде тіл, дін, әлеуметтік жағдай секілді мәселелер арқылы алауыздық тудыруға тырысатын жағдайлар кездеседі. Мұндайда сабыр сақтап, ақылмен әрекет ету маңызды. Өйткені бірлікке сызат түскен жерде береке де жоғалады. Ал берекесіз қоғамда даму болмайды.

Сондықтан 1 мамыр – жай ғана мерекелік дата емес. Бұл – өткенді саралап, бүгінді бағалап, болашаққа бағдар жасайтын күн. Бұл – әр азаматқа «мен ел бірлігіне қандай үлес қосып жүрмін?» деген сұрақ қоятын сәт.

Қорытындылай айтқанда, бірлік – елдіктің тірегі, бейбітшіліктің кепілі. Тәуелсіздікті нығайтып, болашаққа нық қадам басу үшін бізге ең алдымен осы құндылықтарды сақтау қажет. Себебі бірлігі бекем елдің ғана іргесі мықты, келешегі кемел болмақ.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ