Облыста жұмыспен қамту мәселесіне ерекше мән беріледі. Себебі, бұл – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық өсімін көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі. Осы бағытта түрлі бағдарламалар қолға алынған. Жалпы, былтыр облыста жұмыспен қамту бағдарламаларымен шамамен 42 мың адам қамтылды. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға дейін төмендеді.
Қарағанды облысының индустриалды әлеуеті жоғары екені белгілі. Сондықтан еңбек нарығын дамыту, халықты тұрақты табыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейін төмендетуде өндірістік ошақтармен байланысты кешенді саясат жүргізіліп келеді. Кейінгі жылдары мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпорындар бастамаларын үйлестіру нәтижесінде айтарлықтай оң өзгеріс байқалып отыр.
Көмірлі өлкеде тау-кен өндірісі, металлургия, көмір өнеркәсібі, энергетика және машина жасау салалары қарқынды дамыған. Бұл кәсіпорындар мыңдаған жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, қосымша сервистік қызметтер мен мердігер ұйымдар арқылы жанама жұмыспен қамтуды да қамтамасыз етеді. Яғни бір ірі өндіріс орны бірнеше шағын бизнес субъектілерінің дамуына серпін береді.
Мәселен, 2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасы. Кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастаған бағдарлама – әлеуметтік саясаттың бағдарын айқындайтын стратегиялық құжат. Бағдарлама аясында халықтың нақты кірісін арттыруға, көлеңкелі еңбек нарығын азайтуға және еңбек ресурстарының тиімділігін көтеруге басымдық беріледі. Қарағанды облысында бағдарлама табысты жүзеге асып келеді.
Үш жыл бұрын іске қосылған бағдарлама бірнеше бағытты қамтиды. Олардың қатарында еңбек нарығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, өңірлік табыс теңсіздігін азайту, әлеуметтік қорғау жүйесін күшейту және адами капитал сапасын арттыру мақсаттары бар.
Облыста бағдарлама өңірлік ерекшеліктерге бейімделіп іске асырылып отыр. Аймақта индустриялық әлеуеттің жоғары болғандықтан жаңа өндіріс орындарын ашуға және соның есебінен тұрақты жұмыс орындарын көбейту мүмкіндік мол. Сондықтан Қарағанды облысында өнеркәсіп жобаларын іске қосу, инвестиция тартуға және сол арқылы жұмыс орындарын көбейтуге басты назар аударылады. Бұл шаралар халық табысын арттырудың басты тетігі ретінде қарастырылады.
Ірі өндіріс ошақтары маңында шағын және орта бизнес нысандары да топтастырылып отыр. Соның арқасында бұл сала облыстағы жұмыспен қамтудың маңызды драйверлерінің біріне айналды. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, гранттар және салықтық жеңілдіктер беретін мемлекеттік қолдау бағдарламаларынан бөлек, облыста индустрия жақсы дамығандықтан өндірістік кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Аймақта металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру сияқты салаларда шағын және орта бизнес белсенді дамып келеді. Ірі кәсіпорындармен кооперация орнату арқылы шағын бизнес жеткізуші ретінде жұмыс істеп, өз мүмкіндіктерін кеңейтуде. Мұндай кәсіпорындардың қатарында “Шұбаркөл Көмір”, Kazakhmys және Qarmet сияқты ірі өндіріс ошақтарымен әріптестік маңызды рөл атқарады.
Мәселен жақында Теміртауда қолғап өндірісі іске қосылды. Бұл – Qarmet өнеркәсіп кластері аясындағы алғашқы өндірістік жоба. Трикотаж материалдан тігілетін қолғаптар өнеркәсіпте қолдануға арналған. Осы жоба арқасында Qarmet компаниясы өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтті.
Қолғап өндірісінде шикізат ретінде ескі арнайы жұмыс киімдері пайдаланылады. Бұл қалдықтың көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Және компанияны тұрақты жергілікті өніммен қамтамасыз етуге жол ашады.
– Жоба ең алдымен, компанияның осы типтегі жеке қорғау құралдарына деген толық қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Болашақта өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен ұлғайту және өнімді Қазақстандағы басқа өнеркәсіптік кәсіпорындарға жеткізу жоспары бар. Жобаның тұрақтылығы ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттармен бекітілген. Бұл өндірістің ырғақты жұмысын және сатылым көлемін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді, – деді стратегиялық даму директоры Тұрар Жолмағамбетов.
Цехта ұсақтау-тарақтау және иіру кешендері, ине қадау әдісімен мата өндіру желілері, трикотаж учаскесі, жабын жағу және трафареттік басып шығару желілері, қолғап өндіру желісі жолға қойылған. Айына 300 мың жұп қолғап шығарылады. Келешекте өндірісті миллион жұпқа дейін күшейту жоспарланған. Сондай-ақ басқа типтегі қолғаптар мен жеке қорғау құралдарын да өндіру көзделіп отыр. Осылайша отандық өндірісті дамытып, өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға және елдегі тұрақты өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға үлес қоспақ.
Жалпы, кәсіпкерлік дамыған сайын жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, халықтың табысы артатыны түсінікті. Және өңір экономикасы әртараптандырылады. Кейінгі жылдары қызмет көрсету, сауда, логистика және IT салаларында шағын бизнестің үлесі артып келеді. Бұл индустриалды өңір үшін маңызды. Экономика тек ауыр өнеркәсіпке ғана тәуелді болмағандықтан халықтың табысы да тұрақты болады.
Өндіріс дамыған сайын маманға да сұраныс артады. Сондықтан облыста маман даярлауға айрықша назар аударылып келеді. Таяу жылдары ашылатын кәсіпорындарға 17 мың маман қажет болады. Қазір техникалық мамандықтар бойынша білікті кадр жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін дуальды білім беру, цифрлық платформалар арқылы жұмыс іздеу жүйесін жетілдіру және инвестиция тарту қолға алынды.
Аймақта дуалды оқыту жүйесі кеңінен енгізіліп жатыр. Яғни өндірістік кәсіпорындар білім беру процесіне толық қатысады. Мысалы, кейбір зауыттар студенттерге арналған арнайы оқу бағдарламалары жасап, тәжірибелік сабақтарды тікелей өндірісте өткізеді. Осының арқасында оқушыларға ерте кәсіби бағдар беріліп, студенттер өндірісте тәжірибе жинайды және кәсіпорын қызметкерлерінен тәлім алады.
Бүгінде аймақта 300-ден астам ірі кәсіпорын білім беру процесіне қатысып отыр. Олардың қатарында Qarmet, Kazakhmys, QazTehna, KamaTyresKZ, Silk Road Electronics компаниялары сынды алып өндіріс ошақтары бар. Сондай-ақ жаңа жүйе студенттердің оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуына үлкен көмек болып отыр. Яғни оқу процесіне қатысқан кәсіпорындар өздеріне қажетті мамандарды даярлап, түлектердің жұмыспен қамтылуына кепілдік береді.
Кадр даярлаудың тағы бір жаңа моделі – кластерлік әдіс. Яғни, колледждер белгілі бір салалар бойынша топтастырылады. Олардың арасында бағыттар бойынша «тірек оқу орындары» анықталған.
Қазіргі таңда облыста 52 колледж 128 мамандық бойынша кадр даярлап жатыр. Былтырғы жылдан бері оқу орындары 8 негізгі бағыт бойынша топтастырылды. Әр бағыт бойынша тірек колледждер анықталып, олардың базасында 2 заманауи құзырет орталығы және 10 өндірістік шеберхана ашылды.
Қорыта айтқанда, облыста заман ағымына қарай, өндіріс қажетіне сай маман даярлау қолға алынған. Бұл мақсатта мемлекет пен бизнес біріге әрекет етіп отыр. Осылайша тараптар еңбек нарығындағы тапшылықты жойып, жұмыссыздықтың алдын алуды көздейді.
Манас АҚСАРЫ
