Ұстаздық – ұлы мамандық. Ұстаздың еңбегі шәкіртінің жетістігімен өлшеніп, оның әрбір жеңісі ұстаз жүрегіне қуаныш сыйлайды. Осындай абыройлы еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген жандардың бірі – Ақадыр кентіндегі Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Жекебай Аманжол Жекебайұлы.
Аманжол Жекебайұлы – білім саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, шәкірттерін ғылымға, ізденіске баулып жүрген білікті ұстаз. Оның физика пәніне деген сүйіспеншілігі мен кәсіби шеберлігі оқушыларының түрлі білім додаларындағы жетістіктерінен айқын көрінеді. Ұстаз үшін шәкіртінің биіктен көрінуі – еңбегінің ең үлкен жемісі.
Жекебай Аманжол Жекебайұлының жетекшілігімен шәкірттері физика пәнінен талай білім сайыстарында топ жарып, мектептің ғана емес, өңірдің де мерейін үстем етіп келеді. Оның ұстаздық еңбегінің нәтижесі республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктерден де көрініс тапқан.
Атап айтқанда, математика, физика және информатика пәндері мұғалімдерінің ашық республикалық шығармашылық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атануы – ұстаздың кәсіби ізденісінің бір дәлелі. Сонымен қатар физика, информатика пәндері мұғалімдері мен олимпиадалық резерв жаттықтырушылары арасында өткен халықаралық білім додасында да жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орыннан көрінді.
Сондай-ақ Аманжол Жекебайұлы IMPAST Olympiad VIII халықаралық олимпиадасында жүлделі ІІ-орынға ие болып, күміс медальмен марапатталған. Осы жеңістер ұстаздың білім-білігін, ізденісін және кәсіби шеберлігін айғақтайтын үлкен жетістік.
Ұстаз еңбегінің мемлекет тарапынан да лайықты бағалануы – зор мәртебе. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылғы 22 тамыздағы Жарлығымен Аманжол Жекебайұлы білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды. Берілген марапат – шәкірт тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған барша ұстаздар қауымының еңбегіне көрсетілген құрмет.
Ұстаздың шынайы биігі – оның атақ-абыройында емес, шәкірттерінің жүрегінде қалдырған ізінде. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел азаматы. Олардың бойына білім мен тәрбие дарытып, ғылымға қызығушылығын оятып, биік мақсаттарға жетелеу – үлкен жауапкершілік. Аманжол Жекебайұлы осы міндетті абыроймен атқарып, жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтуге өзіндік үлесін қосып келеді. Ұлағатты ұстаз жөнінде газетіміздің беттерінде бірнеше мақала жариялаған болатынбыз.
«Парасат» ордені – ұстаз еңбегіне берілген жоғары баға, оның шәкірттерімен бірге бағындырған биіктерінің айғағы. Еңбегіңіз жемісті болып, шәкірттеріңіз талай биіктен көріне берсін! Ұстаздық жолыңыз абыройға, шәкірттеріңіздің жетістігі қуанышқа толы болғай!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
