Қазіргі заманда өнімнің сапасы, қауіпсіздігі және белгіленген талаптарға сәйкестігі ерекше маңызға ие. Дүкен сөрелеріндегі азық-түліктен бастап, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары мен өндірістік жабдықтарға дейін әрбір өнім тұтынушының сенімін ақтауы керек. Осы талаптардың орындалуын қамтамасыз етуде «Стандарттау және сертификаттау» мамандығының маңызы зор.
Стандарттау және сертификаттау дегеніміз не? Стандарттау – өнімдерге, қызметтерге және өндірістік процестерге қойылатын талаптар мен нормаларды белгілеу және олардың сақталуына ықпал ету саласы. Ал сертификаттау – өнімнің немесе қызметтің белгіленген талаптарға сәйкестігін растау үдерісі.
Бұл саланың басты мақсаты – өнім сапасын арттыру, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістегі қателіктерді азайту және отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін көтеру.
Стандарттау және сертификаттау мамандары әртүрлі кәсіпорындарда өнім сапасын бақылап, өлшеу нәтижелерін талдайды, техникалық құжаттамамен жұмыс істейді және сапа талаптарының орындалуын тексереді. Сонымен қатар олар өнімнің белгіленген стандарттарға сәйкестігін бағалауға, сынақ нәтижелерін рәсімдеуге және сапаны басқару жүйелерін жетілдіруге қатысады.
Бұл мамандықта статистикалық мәліметтермен жұмыс істеудің де маңызы зор. Мысалы, маман өнімнің ақау көрсеткіштерін есептеп, сынақ нәтижелерін салыстырады және сапаны жақсарту жолдарын анықтайды. Сондықтан болашақ маманға дәлдік, жауапкершілік, логикалық ойлау және талдау қабілеті қажет.
Стандарттау және сертификаттау мамандығын меңгерген түлектер өндірістік кәсіпорындарда, сынақ зертханаларында, сапаны бақылау бөлімдерінде, метрология орталықтарында және сәйкестікті бағалау саласында жұмыс істей алады. Сондай-ақ олар өнім сапасын басқару, техникалық реттеу және өндірістік бақылау бағыттарында кәсіби тәжірибе жинақтай алады.
Қазіргі таңда сапалы әрі қауіпсіз өнім өндіру кез келген кәсіпорынның маңызды міндетіне айналды. Осыған байланысты стандарттау мен сертификаттау саласындағы білікті мамандардың еңбегі экономика мен қоғам үшін маңызды.
Егер сіз дәлдікті, тәртіпті, сапаны бақылауды және заманауи технологияларды ұнатсаңыз, стандарттау және сертификаттау мамандығы сіз үшін қызықты таңдау болуы мүмкін. Бұл мамандық арқылы сіз өндірістің дамуына үлес қосып, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және еліміздегі өнім сапасын арттыруға атсалысасыз.
Сапа – сенімнің негізі, ал стандарт – сапаға бастар жол!
Біз сіздерді стандарттау және сертификаттау саласының білікті маманы атанып, еліміздің өндірісі мен экономикасының дамуына үлес қосуға шақырамыз. Болашағыңызды бүгіннен бастап қалыптастырып, сапалы өмір мен сенімді болашаққа бірге қадам басайық!
Осы маңызды әрі болашағы зор мамандықтың иесі атану үшін Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне білім алуға шақырамын!
Қарлығаш НҰРЖАНОВА
