Header Banner

Цифрлық дәуірдегі археология

Ұлы Дала төсіндегі көне қорғандар мен ежелгі қалалар – халқымыздың сан ғасырлық шежіресі. Бүгінде заманауи цифрлық технологиялар сол баға жетпес жәдігерлерді уақыт тезінен аман сақтап, ішкі этнотуризмді дамытуға жол ашып отыр. Тарих – өткеннің жай ғана баяны емес, бүгінгі ұрпақтың кім екенін танытатын рухани тамыр. Ал сол тамырдың көзге көрінер айғағы – жер қойнауында жатқан көне жәдігерлер мен сәулет ескерткіштері. Қазақ даласындағы ежелгі қорғандар, ортағасырлық шаһарлар мен тасқа қашалған таңбалар халқымыздың сан ғасырлық өркениетінен сыр шертеді. Алайда уақыт өткен сайын табиғаттың желі мен жауыны, жер асты сулары мен адам әрекеті тарихи мұраларымыздың бастапқы келбетіне сызат түсіруде. Мәселен, көптеген дала қорғандары мен көне қоныстардың қабырғалары жыл сайын мүжіліп, жартас бетіндегі суреттер көмескіленіп бара жатқаны жасырын емес.

Бұрын археологтар көне орындарды күрекпен қазып, қолмен өлшеп, қағазға сызып, қарапайым суретке түсірумен шектелетін. Қазір заман өзгерді. Ғылым мен техниканың жетістігі тарихи ескерткіштердің миллиметрлік дәлдікпен жасалған сандық көшірмесін әзірлеп, оларды келешек ұрпаққа бұзбай жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.

 

Ұлы ғалымдар салған сара жол

Қазақстан археологиясының іргетасын қалаған Әлкей Марғұлан, Кемел Ақышев, Карл Байпақов, Жәкен Таймағамбетов, Қырым Алтынбеков секілді көрнекті ғалымдар еліміздің тарихын түгендеуге өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, қазақ археологиясының атасы атанған Әлкей Хақанұлы Марғұлан Сарыарқа төсіндегі қола дәуірі ескерткіштерін жүйелі түрде зерттеп, әлемдік ғылымға әйгілі Беғазы-Дәндібай мәдениетін ашты. Ғалым өзінің іргелі еңбектерінде Орталық Қазақстандағы ежелгі тайпалардың алып тас қорғандар салу сәулетін, көне металлургия ошақтары мен мыс-қола балқыту технологияларын терең талдап, Ұлы Далада ертеден-ақ дамыған өркениет ошағы болғанын бұлтартпас деректермен дәлелдеді.

Сонымен қатар Әлкей Марғұлан археологиялық олжаларды халықтың рухани мәдениетімен, эпостық жырларымен, қолөнері мен киіз үй сәулетімен біртұтас сабақтастықта қарастырды. Сол іргелі ғылыми мектепті жалғастырған Кемел Ақышев Жетісу өңіріндегі Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» арқылы сақ дәуірінің теңдессіз өнері мен мемлекеттілік дәстүрін әлемге танытты. Карл Байпақов Ұлы Жібек жолы бойындағы Отырар, Тараз қалаларының сәулетін терең зерттесе, Жәкен Таймағамбетов еліміздегі ең көне тас дәуірі тұрақтарын ашты.

Ал белгілі суретші-реставратор Қырым Алтынбеков – жер қойнауынан табылған «Алтын адамдарды» қайта қалпына келтіруші бірегей шебер. Ол Есік қорғанындағы алғашқы «Алтын адамнан» бастап, Аралтөбе, Берел, Шілікті, Талды және Тақсай ханшайымы секілді баға жетпес көне жәдігерлерді ғылыми негізде жаңғыртып, ғасырлар тереңінен жеткен жәдігерлерге екінші өмір сыйлады. Осы ғалымдардың барлығы көне жәдігерді жеке бір бұйым ретінде емес, тұтас дәуірдің айнасы ретінде қарауды үйретті.

 

Нақты мысалдар: көне жәдігерлер қалай «тіріледі»?

Бүгінде археологтарға үш өлшемді (3D) модельдеу, фотограмметрия, лазерлік сканерлеу және геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) көмекке келді. Фотограмметрия – нысанды жан-жағынан мыңдаған суретке түсіріп, компьютерде оның көлемді бейнесін құрастыру тәсілі. Лазерлік сканерлеу сәулет құрылыстарының әрбір иірімін қалт жібермей тіркейді, ал

геоақпараттық жүйелер ежелгі қалалар мен керуен жолдарының картасын дәл сызып береді.

Мұның нақты дәлелдерін еліміздегі әйгілі ескерткіштер мысалынан айқын көруге болады. Мәселен, ортағасырлық Отырар қалашығының 3D моделін жасау арқылы оның қорған қабырғаларын, тұрғын орамдарын және су құбырлары жүйесін алақандағыдай көруге болады. Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» киіміндегі төрт мыңға жуық алтын әшекейді цифрлық форматқа көшіру – нәзік жәдігерге қол тигізіп зақымдамай-ақ, ежелгі сақ зергерлерінің құйма және бедерлеу шеберлігін зерттеуге жол ашады. Сол сияқты, ЮНЕСКО тізіміне енген Таңбалы шатқалындағы бес мыңға жуық жартас суреттерін сандық тіркеу – тас бетіндегі таңбалардың жел мен күн әсерінен қаншалықты өзгергенін жылма-жыл салыстырып отыруға таптырмас құрал.

«Тарихты цифрландыру дегеніміз – өткенді жай ғана экранға шығару емес, ата-бабамұрасын уақыт тезінен аман сақтап, келер ұрпаққа табыстаудың ең сенімді жолы».

 

Талды археологиялық паркі және этнотуризм болашағы

Цифрлық археология мен этнотуризмді ұштастырудың жарқын үлгісі ретінде Қарағанды облысы Шет ауданында орналасқан Талды тарихи-археологиялық паркін ерекше атауға болады. Сарыарқаның кіндігіндегі бұл бірегей кешен қола дәуірінің алып тас қорғандары мен сақ кезеңінің «мұртты» обалар жүйесін біріктірген ашық аспан астындағы мұражай іспетті. Талды өзені бойындағы көне қорымдардан табылған бірегей алтын бұйымдар мен сәулет ескерткіштерін 3D форматта цифрландырып, парк аумағында интерактивті QR-стендтер мен виртуальды гидтер орнату

– келушілерге қола және ерте темір дәуірінің тұрмысын көз алдына елестетуге зор мүмкіндік береді.

Бүгінгі ақпараттық ғасырда цифрлық археология жетістіктері тек ғалымдардың мұрағатында қалып қоймай, әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке жол тартуы тиіс. TikTok, Instagram, YouTube секілді танымал платформаларда қазақ тіліндегі сапалы, танымдық бейнероликтер мен 3D реконструкцияларды көбейту – жастардың тарихқа деген

қызығушылығын оятатын қуатты күш. Талды археологиялық паркі, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелері, Берел қорғандары мен Ботай қонысы сынды қасиетті мекендерді заманауи цифрлық жобалар арқылы насихаттасақ, ішкі этнотуризм қарқынды дамып, отандық туристердің өз елінің тарихын тануға деген құлшынысы арта түсері сөзсіз.

Әрине, ешбір цифрлық көшірме түпнұсқа жәдігердің орнын баса алмайды. Дегенмен табиғат құбылыстарынан мүжіліп бара жатқан ескерткіштердің бүгінгі қалпын «уақыт капсуласы» ретінде сақтап, еліміздегі құнды нысандардың бірыңғай сандық қорын жасау – кезек күттірмейтін міндет. Көне жәдігерлер – өткеннің үнсіз куәгерлері. Ендеше, сол тарихи мұралардың ізі көмескіленбеуі үшін оларды заманауи технология тілімен сөйлетіп, болашаққа аманаттау – баршамызға ортақ парыз.

Айару Дәуренқызы НАМАЗБАЙ,

Мирас тарихи-этнографиялық зерттеу клубының мүшесі