Header Banner

Үздіктерге құрмет

Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің еңбегі еленіп, жыл қорытындысы шығарылды. Салтанатты жиында өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сала ардагерлері мен еңбеккерлеріне алғыс айтып, бірқатар азаматқа мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыстады.

Өнеркәсіптік өңір саналатын Қарағанды облысының экономикасында ауыл шаруашылығының да өзіндік орны бар. Картоп пен жұмыртқа өндіруден аймақ республика бойынша екінші орында тұр.

– Ауылшаруашылығындағы жетістік тек қаржы мен заманауи технологияға ғана емес, ең алдымен, осы саладағы адамдардың тәжірибесі, білімі мен жауапкершілігіне байланысты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, диқандарымыз орақ науқанын аяқтап, өңірді қажетті өніммен қамтамасыз етті. Ендігі міндет – саланы жаңғыртып, өндірісті технологиялық тұрғыдан жетілдіру және оның табыстылығын арттыру. Сонымен қатар ауыл тұрғындары өз мекенінде еңбек етіп, болашағын құруға мүмкіндік алуы керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Бүгінде облыс шаруашылықтары заманауи агротехнологияларды енгізіп, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып, суармалы алқаптардың көлемін ұлғайтып келеді. Су үнемдеу технологияларын қолдануға да басымдық берілген. Саланың дамуына инвестициялық жобалар да серпін беріп отыр. Қазір өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде 40 жоба жүзеге асырылуда. Бұған қоса, мемлекеттік қолдау шараларын екі мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші пайдаланған.

Мерекелік жиынның басты сәттерінің бірі – ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі болды. Бірқатар өңір тұрғыны саладағы еселі еңбегі үшін мемлекеттік наградаларға ие болды.

Шет ауданындағы «Тау» шаруа қожалығының басшысы Қанат Түсіпбеков «Құрмет» орденімен марапатталды. Оның шаруашылығы 2010 жылдан бері жылқы және қой өсірумен айналысады. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін де қолға алған.

– Соңғы бес жылда өндіріс тиімділігін екі есеге жуық арттырып, ауыл шаруашылығы техникасының паркін толық жаңарттық. Агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіліп жатқан қолдау үшін мемлекетке алғыс айтамын. Еңбегіміздің еленгені де бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі – кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін айқындайтын маңызды негіздердің бірі, – деді Қанат Түсіпбеков.

Сондай-ақ агроөнеркәсіп саласының бірқатар өкілі III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.

Осакаров ауданындағы «Найдоровское» серіктестігінің комбайншысы Владимир Чаус «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.

– Жермен жұмыс істеп келе жатқаныма 38 жыл болды. Осы уақыт ішінде мамандығымды өзгертуді ойлаған емеспін. Мұны өзімнің өмірлік таңдауым әрі маңдайға жазылған кәсібім деп білемін. Еңбегімнің осындай жоғары бағаланғанына қуаныштымын. Жастардың тәжірибемізді жалғастырып келе жатқаны да көңілге қуаныш ұялатады, – деді Владимир Чаус.

Нұра ауданындағы «Қайнар» серіктестігінің басшысы Сейітжапар Нығметовке «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Марапатты оған Астанада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында Мемлекет басшысы табыстаған.

Жиында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібіндегі үздік мамандар мен кәсіпорындар да анықталды. Барлығы он аталым бойынша жеңімпаздар жарияланып, жеке еңбек жетістіктерімен қатар өндіріске озық технологияларды енгізген кәсіпорындардың жұмысы атап өтілді.

«Агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрландыру көшбасшысы» аталымында «Найдоровское» серіктестігі жеңімпаз атанды.

«Үздік мелиоратор» атағы «Евразия Инвест ЛТД» компаниясының ирригация жөніндегі инженері Евгений Масловқа берілді. Ал «Үздік механизатор» аталымында «Жараспай» серіктестігінің қызметкері Темірхан Омаров үздік деп танылды.

«Нан өндірісінің үздік технологы» аталымы бойынша «Орион» компаниясының технологы Наталья Ляховская марапатталды.

Экспорттаушы кәсіпорындар қатарынан бие мен түйе сүтін өңдеуге маманданған SaumalBioTech және SAUBOTA компаниялары ерекшеленді.

Мал шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпорын деп Шет ауданындағы «Шолақ Еспе» шаруа қожалығы танылды. Ал ет өңдеу бағытындағы үздік кәсіпорын аталымында QAZAQ MEET компаниясы жеңіске жетті.

«Ақнар ПФ» серіктестігінің бройлер өндіру цехының маманы Илья Георгиевский құс етін өндіру саласындағы үздік маман атанды. Сүт өндірісінің үздік технологы ретінде «Milk&Meat Company» серіктестігінің өкілі Алексей Медеубаев марапатталды.

Ұлттық сусын өндірушілер арасында Қарқаралы ауданындағы «Мұхаммедәли» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Бекзада Батырбекова үздік деп танылды. Ол ұзақ уақыт сақтауға жарамды қымыз өндіру ісін дамытып келеді. Биыл кәсіпкердің өнімі BaiQymyz гастрономиялық фестивалінде Гран-при иеленіп, Астанада өткен байқауда «Дәстүрді дәріптеушілер» аталымы бойынша да жоғары бағаланған.

– 2026 жыл біз үшін ең табысты жыл болды. BaiQymyz фестиваліндегі жеңістен кейін қымызымыз кеңінен танылып, «Актерек» брендіне деген қызығушылық артты. Бұл жетістік – бүкіл отбасымыздың маңдай тері мен табанды еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да брендімізді дамытып, жаңа белестерді бағындыруға ниеттіміз, – деді Бекзада Батырбекова.

Салтанатты марапаттау рәсімі мерекелік концертпен қорытындыланды.

Әділ БЕК